$ 444.22  476.38  4.82

Елбасының манифесі соғыссыз әлемге бастайды

Кеше елордада «Н.Ә.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі және қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлері» деген тақырыпта саясаттанушылардың халықаралық конгресі өтті. Конгресс жұмысына Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, шетелдік және отандық ғалымдар мен сарапшылар, еліміздің белгілі саясаттанушылары, ғылыми-талдамалық орталықтардың мамандары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары қатысты. Конгресте Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев құттықтау сөз сөйледі. Ал жиынға саяси ғылымдар докторы Камал Бұрханов модераторлық етті.

Қарусыздану –  баршаға ортақ мәселе

Президент Әкімшілігі Бас­шысының орынбасары Бағ­лан Май­лыбаев өзі­нің құт­тықтау сөзін­де Нұрсұл­тан Назар­баевтың жаһан жұрт­шылығына танымал болған «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фе­сі Қазақ­стан Пре­зи­денті­нің бү­кіл әлем хал­қы мен көш­бас­шыларына арналған тарихи жолдау болып табы­латын­дығын атап өтті. Елба­сы­мыз ұсынған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – бейбітші­ліктің кілті, деді Б.Май­лыбаев. Өздері­ңіз біле­­сіз­дер, жақында мани­фест Бі­рік­­кен Ұлттар Ұйы­мы­ның ресми құ­жаты атанды. Бұл аталған баста­маның маңыз­ды­лығын көр­сетеді. Өйткені, қарусыз­дану мәселесі – бүкіл адамзат үшін ортақ мәселе. Қа­зақстан БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесінің тұрақты емес мүшелігіне сай­ланды. Біздің еліміз әлемдік саясатқа байланыс­ты Ұйым­дағы басты он үш мем­ле­кеттің қатарына қосылып отыр.

Президент Әкімшілігі Бас­шы­сы­ның орынбасары бұдан соң Ел­басымыздың «Әлем. ХХІ ға­сыр» манифесінің әлемдік қоғам­дас­тық үшін маңызына тоқтал­ды. Б.Май­лыбаевтың атап өтке­нін­дей, манифест өзін­дік үнқаты­су­дың жол картасы болып табы­ла­ды. Біздің еліміз енді жаһан­дық тұ­рақ­тылықты қамтама­сыз ету мәсе­лелерін жоғары дең­гейде қарас­тыратын болады. Мем­лекет басшысы өзінің манифесінде «Соғыссыз әлем» мәселесін көтерді, деп жал­ғастырды сөзін Президент Әкім­шілігі Басшысының орынбасары.

Онда Елбасымыз жаһандық ядролық бақылауды бірінші орынға қойды және ол ядролық қаруды таратпау мәселесін әлемде алғашқы болып көтеріп отыр. Осындай жаһандық өткір де өзекті проблемаларды көтеру арқылы Қазақстан басшысы аса маңызды бағдарламалардың генераторы болуда.

Сонымен қатар, Бағлан Май­лы­баев ешқандай мәнге ие емес әскери одақ­тар­дан бас тар­ту қажеттігін де атап өт­ті. Оның сөзіне қарағанда, мұндай әске­ри одақтар халық­аралық ынтымақ­тас­тыққа зия­нын тигізеді. Сондықтан, әлем­­дік қоғамдастық осындай мә­се­лелер­ге зер салуы қажет. Халық­аралық құқық­тың әмбебап қағи­даттары ретінде соғыс­ты болдырмауға, орын алған қақты­ғыстардың созылып кетпеуі үшін нақты іс-шаралар қабылдауды атады. БҰҰ осы мәселелерге байланысты конференциялар мен жиындарды жиі өткізіп тұрады.

Мемлекет басшысы халық­ара­лық қо­ғамдастыққа дағдарыс және жанжалдарды бейбіт тетік­тер негізінде жоюдың дәлелді алго­рит­мін ұсынды, деді Президент Әкім­шілігі Басшысының орын­баса­ры. Н.Ә.Назарбаев бүкіл әлем­ді неғұрлым жоғары деңгей­дегі ғалам­дық тұрақтылық пен қауіп­сіздікке жақын­датуға қабілетті жалпыға бірдей үнқа­тысуға және бірлескен іс-қимылға, қауіп­­сіздіктің іс жүзінде ықпалды жалпы қағидаларын әзірлеуге шақырады. Өз ма­нифесінде Елбасы «Соғыссыз әлем» ғаламдық үдерісін іске қосатын нақты жағдайларды да ұсынып отыр. Бұл – ха­лықаралық ядролық бақылауды күшей­ту, басқыншылықты жою жағына қарай тү­бегейлі бетбұрыс жасау, өңірлік жанжалдарды жүйелі түрде шешу, сонымен бірге, әскери одақтардан бас тарту және халықаралық құқықтық әмбебап қағидаттарын сақтау.

Әлем жұртшылығын қуантқан құжат

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевтың жиынға қатысушыларға құттықтау сөзі­нен кейін, модератор Халықаралық Түркі академиясының профессоры, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметовке сөз берді. Ол «Ядролық ғасырдан – азат болашаққа» деген тақы­рып бойынша өз ойын ортаға салды. Халықаралық өткір мәселелер мен проблемаларды жетік білетін ол ядролық қарудың бүкіл адамзат үшін аса қатерлі екеніне кеңірек тоқталды. ХХ ғасырда жаппай қырып-жоятын ядролық қарулар тек АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция секілді елдердің ғана уысында болса, бүгінгі таңда ондай тажал қару шығаруға техникалық мүмкіндігі жеткілікті мемлекеттердің саны 40-қа жетіп отыр және олардың арасында экономикалық тұрғыдан әлсіз елдер де баршылық, деді Әділ Құрманжанұлы. Бұл – қай тұрғыдан болсын, өте қауіпті сын-қатер екені дау туғызбайды. Өйткені, түптің-түбінде ол – күллі өркениет пен адам баласының тегіс жойылып кетуіне апаратын тұйық та қатерлі жол. Сондықтан, үстіміздегі жылы Вашинг­тонда өткен төртінші Ядролық сынаққа қарсы саммиттің мінберінен сөйлеген Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мұндай соғыс басталса, одан бірде-бір мемлекеттің аман қалуы мүмкін емес және бүгінгі таңда лаңкестердің ядролық қаруға қол жеткізу мүмкіндігі нақты шындыққа айналды. Мұндай жағдайда әлем лидерлері күш біріктіріп, аталған сын-қатермен бірге күреспесе, тым кеш болады.

Шешеннің атап өтуінше, біздің еліміз – осыдан 25 жыл бұрын әлемде бірінші болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құрған, сондай-ақ, бейбіт атомға алғаш жол ашқан тұңғыш мемлекет. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразияда, Латын Америкасында және Африкада ядролық қарусыз тағы да алты аймақ құру туралы үндеуіне саммитке қатысушылар қол соғып, қолдап-қош­тағанына таңдануға болмайды. Мұнымен қоса, 2015 жылы МАГАТЭ-нің біздің елі­мізде Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойғаны да бей­біт атомды қолдауға бағытталған бүкіл­әлемдік мәні бар ірі қадам болды. Сол қадамды да алғашқы болып Қазақстан жасап отыр.

Осыдан 25 жыл бұрын әлемдегі ең ірі ядролық Семей сынақ полигонын өз шешімімен жапқан Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің батыл бас­тамалар жасауына толық моральдық негіз бар, деді әрі қарай Әділ Ахметов. Шындығында да, егер осыдан ширек ғасыр бұрын біздің Президент өз Жарлығымен Семей полигонын жаппағанда, Қытай Халық Республикасындағы Лоб-Нор да, АҚШ-тың Невада штатындағы ядролық сынақ полигоны да, әлем мұхиттарындағы атомдарда орналасқан Ұлыбритания мен Францияның ядролық сынақ полигондары да ядролық тажал сынақтарын әлі күнге дейін тоқтатпаған болар еді. Бұл жерде біздер әлем саясаттанушыларының назарын және бір түйінді мәселеге аударғымыз келеді. Басын ашып айтуымыз керек, Қазақстанда Семей ядролық сынақ алаңы толық жабылды. Бірақ, әлемдегі өзге сынақ полигондарының жұмыстары уақытша тоқтағанымен, олар әлі күнге дейін толық жабылған жоқ, сақ­талып қалды. Демек, бұл түбегейлі шеші­мін таппаған әлемдік сын-қатер және бұл қатердің түйіні өз-өзінен шешіле де қоймайды.

Осылай деп алаңдаушылық білдірген ол енді қатысушылар назарын атом стансаларына аударды. Халықаралық терр­о­ризмнің етек алуына байланысты ендігі алапат сын-қатерлердің бір парасы әлемдегі атом электр стансалары десек, артық айтқандық емес, деді шешен осы жөнінде. Өйткені, үстіміздегі жылы лаңкестердің Бельгиядағы атом электр стансасын жармақ болған әрекеті бұған нақты дәлел бола алады. Бұл тұрғыдан келгенде, бүгінде әлемнің 31 елінде электр қуатын өндіретін 192 атом стансасының бәрі де осы сын-қатерлерге жататын нысандар екені күмән тудырмаса керек.

Шешен өз сөзінде келтіргендей, бүгін­де солардан бөлек тағы да 72 ядролық блок іске қосылып жатыр екен. Олардың көп­шілігі: Қытайда – 28, Ре­сейде – 10, Үн­дістанда – 6, АҚШ-та – 5, Оңтүстік Ко­рея­да – 5, Жа­понияда – 2, БАӘ-де – 2. Де­мек, яд­рол­ық қауіп те, ядро­лық қалдықтар да атал­мыш блоктармен қатар ұлғайып келеді.

Міне, дәл осы тұрғыдан келетін бол­сақ, Президент Н.Назарбаевтың «Әлем ХХІ ғасыр» атты манифесінің мәні зор. Бұл ғаламдық құжатта Елбасы қазір­гі заманда күллі әлемде етек алып отырған милитаризм мен халықаралық терро­ризмнің адамзатты орны толмас шығын­дарға ұшыратып  қана қоймай, мүлде жойып жіберуге де шақ қалып тұрға­ны өте салмақты дәйектермен дәлел­денген, деді Ә.Ахметов. Бұл құжат арқылы Назарбаев әлем лидерлерін тым кеш қалмай тұрғанда, ақылға келуге ша­қырады. Сосын, тек осымен ғана шек­теліп қалмай, аталмыш манифесте шие­леніс­тердің алдын алуға бағытталған нақты шаралар да өте нанымды айқын­дал­ған. Мәселен, үстіміздегі жылы ХХІ ғасырда басталып кету қаупі төніп тұрған шиеленістер мен соғыс өртінің одан ары тұтанып кетуіне мүмкіндік бермеуді көз­дейтін БҰҰ-ның арнайы халықаралық кон­ференциясын өткізу қажет екеніне үлкен мән берілген. Және бұл шараны кешеуіл­детпей, тез іске асыру қажеттігі де баса айтылған.

Сөзі барысында Ә.Ахметов, сондай-ақ манифестің БҰҰ құжаттарының бірі болып тіркеліп, әлемде жаппай талқы­лануы себептерін де атап өтті. Оның атап өткеніндей, көзі ашық, көкірегі ояу бүгінгі адамзаттың бұл құжатты қолдамауы мүмкін емес. Оның үстіне, бүгінгі таң­дағы АҚШ пен Ресейдің текетіресінің үшін­ші дүниежүзілік соғысқа ұласып кету қаупі жоғары… Солтүстік Кореяның аума­ғында өткізіліп жатқан ядролық сы­нақтар тек көрші елдерді ғана емес, күллі әлемді алаңдатып отырғаны жасы­рын емес, деп жалғастырды сөзін шешен. Әлемдік қауіпсіздікке қатысты халық­аралық заңдардың, оның ішінде еркін сауда-саттыққа қатысты заңдардың өрескел бұзылып, толассыз санкцияларға орын беріп отырғанына БҰҰ-ға мүше қатардағы мемлекеттер емес, керісінше, аталмыш Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше алпауыт мемлекеттердің өзі кінәлі болып отырғаны жасырын емес. Ли­вияда, Иракта және Сирияда соғыс жүргізіп жатқан жалдамалы террористік топтардың сан жағынан коалициялық армияның жиынтық күшінен де асып түсетіні және олардың жай ғана қару-жарақ емес, заманауи қаруларды еркін пай­да­ланып отырғаны белгілі болып отыр. Бұлардың сыртында да алпауыт мемле­кеттердің геосаяси мүдделерінің құлағы қылтиып тұр.

Ендеше, дәл осы тұрғыдан келетін болсақ, деді Ә.Ахметов сөзін қоры­тын­дылай келіп, бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып отырған «Әлем: ХХІ ғасыр» манифесіне тең келетін бағ­дарлама жоқ. Әлем жұртшылығы бұл құ­жаттан дұрыс қорытынды шығарып, онда ұсынылған ұлы жобаларды іске асыруға кіріссе, әлем болашағының дұрыс жолға бағытталатыны күмән тудырмайды.

Бұл Қоғамдастық үшін маңызды бастама

Парламент Сенатының депутаты, саяси ғылымдары докторы Ақан Бижанов «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлеріне жауап» тақырыбы бойынша өзінің ой-түйінін ортаға салды. Біздің еліміз осыдан 25 жыл бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен әлемдегі аса ірі саналатын Семей ядролық сынақ полигонын жапты, деді сенатор. Одан кейін Қазақстан дүние жүзінде алғашқы болып өзінің қуатты ядролық қаруынан өз еркімен бас тартты. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан ядросыз аймақ құру, жаһандық ядролық қозғалысты өрістету және Ядролық сынақтарға  тыйым салу туралы шарттың тездетіп күшіне енуіне күш салып келеді.

Депутаттың атап өтуінше, бүгінде әлем жұртшылығын жиі көрініс бере бастаған жанжалдар мен кейбір елдерде болып жатқан кикілжіңдер алаңдатып отыр. Оның үстіне белсене түскен террорлық әрекеттер де қорқыныш ту­ды­руда. Сол себептен Қазақстан Прези­денті Н.Ә.Назарбаев «Әлем. ХХІ ға­сыр» ма­ни­фесін бағдарламалық құжат ретінде ұсынды. Манифеске БҰҰ Бас Ассам­блеясы мен Қауіпсіздік Кеңесі рес­ми мәртебе берді. Елбасының манифесінде кез келген сәтте қауіп-қатер туғызатын яд­ролық қарудан бас тарту, сынақтарды мүлде болдырмау, тағы басқа да өзекті мәселелер қамтылған. Өйткені, Елбасы атап өткендей, ядролық соғыста жеңген де, жеңілген де болмайды.

Манифесте жаппай қырып жоятын қарудың барлық түрін жоюға шақыру ерекше орын алады, деді А.Бижанов бұдан соң. Бүгінгі техника мен технологияның дамыған кезеңінде байқаусызда жасалған қадам әлемдік апатқа соқтырады. Ал Қазақстан ядролық сынақтардың қасірет-қайғысын өз елінде, өз жерінде барынша тартты, зардабын әбден шекті. Әлемдік қоғамдастық біздің еліміздің аумағында төмен байытылған уран банкін құру идеясына жоғары баға берді. Себебі, банк өзге елдер үшін атом энергиясын бейбіт мақсатқа қолдану қолжетімділігіне мүм­кіндік беріп отыр.

Ал Ресей стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Мак­сим Лихачев «Нұрсұлтан Назар­баев­тың бітімгершілік бастамалары және қазіргі заманның сын-қатерлері» тақы­рыбы бойынша ой-тұжырымын ортаға салды. Ресейлік ғалымның айтуынша, Қазақ­стан Президентінің «Әлем. ХХІ ғасыр» ма­нифесі халықаралық бітімгерлік құжат­тардың жалғасы іспетті. Осы құжат арқы­лы әлемдік қоғамдастық қауіп-қатерден шығудың жолдарын қарастыра алады.

Манифесте Қазақстан басшысы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып отыр, деді М.Лихачев. Оның ішінде ядросыз аймақтарды көбейту де бар. Кезінде қазақстандықтар кейбір елдер сияқты талаптар қоймай-ақ әлемдегі аса қуатты ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартып, өзінің бейбітсүйгіш ел екенін танытты. Бұл бастамаға әлем елдері ерекше қолдау көрсетті. Қазақстанның осындай белсенді саясатының нәтижесінде Ор­талық Азия елдерінің аумағында ядро­сыз аймақ құруға қол жеткізілді. Сон­дықтан да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі көпшілік қолдауына ие болып отыр.

ҚХР СІМ-інің елшісі Яо Пейшэн «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – Президент Н.Назарбаевтың стратегиялық ойлау қабілетінің көрінісі» деген тақырыпта сөз қозғады. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің әлемдік қауіпсіздікті сақтауда рөлі өте зор. Қазақстан дипломатиялық және жеткен жетістігі жағынан дамыған мем­ле­­кеттердің қатарына кіреді, деді елші. Бүгінгі саясаттанушылардың халық­аралық конгресі әлемдегі күрделі мәсе­лелер туралы пікір алмасуға мүмкін­дік береді. Қазақстан Президенті Н.Назар­баев Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялап, жаһан­дық шешімін таппаған проблемалар туралы ой қозғады.

ҚХР дипломаты Яо Пейшэн әлемдік қауіпсіздікті сақтауда ерекше маңызы бар құжатты екі бөлікке бөліп қарастыруды ұсынды. Манифестегі екі бөлікті ерекше атап өткім келеді, деді ол осы жө­нін­де. Біріншіден, бұл – Қазақстанның жау­ап­кершілігі. Нұрсұлтан Назарбаев әлемде болып жатқан оқиғаларды бақылап қана қоймай, оның неге апарып соқ­тыратындығын жақсы түсінеді. Прези­дент өз манифесінде жаһанды мазалаған мәселелерді анық көрсетті. Соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыра түсуде. Көптеген азаматтар кей дер­жа­валардың әрекетіне өз ренішін білдіруде. Олардың кесірінен бейбіт тұрғындар, әсіресе, әйелдер мен балалар түрлі соғыс ошақтарында қаза тапты. Мысалы, Ауғанстан, Ирак, Ливия және Си­риядағы соғыстар жүрегімізді ауыртады. Оның сөзіне қарағанда, әлемде қарама-қайшылық көбейген. Жары­лыстарға көпшіліктің еті үйреніп барады. Оған кінәлі адамдар жазасын ал­ған жоқ. Әлемдік қоғамдастық қыл­мыстық саясатты жүргізіп отырған саясат­кер­лердің жұмысын тоқтатуға ықпал етуі қажет. Себебі, олар әскери техниканы сатушыларға көмектесіп, бейбіт тұрғындардың есебінен пайда табуда.

Сонымен қатар, елші Мемлекет бас­шысының жүргізіп отырған сындарлы саясатына қатысты өз пікірін де біл­дірді. Оның пікірінше, манифест арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың стратегиялық ойлау қабілетінің жоғары деңгейде екендігін білуге бола­ды. Қытайлық дипломат біздің Прези­ден­тіміздің еңбегін жоғары бағалайтынын айта келіп, оған мысал да келтірді. Осыдан 25 жыл бұрын елдеріңіз Азияда ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құру ту­ралы бастама көтерді, деді ол осы жай­ында. Ол уақытта Қазақстанның өз ішіндегі жағдай өте күрделі болатын. Бірақ, соған қарамастан, осындай жаһан­дық маңызы бар үлкен бас­тама көтерді, 10 жыл өткен соң Алматыда АӨСШК конференциясының бірінші саммиті өтті. Оған Азияның беделді басшылары келді. Бұрын бұл көшбасшылар бір үстел басында бас қоспаған болатын. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан келді. Оны өз көзіммен көрдім. Бүгінде бұл ұйымға 26 мемлекет мүше. Сондай-ақ, Қазақстан –ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет. Тәуелсіздік алған тұста Қазақ елі ядролық қаруының күші әлем бойынша 4-ші орында болды. Қытай Сыртқы істер министрлігінің елшісі еліміздің дипломатиялық қабілеті дамыған мемлекеттер деңгейінде екендігін айтып, оған жоғары баға берді. Өз елімнің азаматтарына Қазақстан – үлкен мемлекет, бірақ халқының саны аз деймін. Алайда, дипломатиялық жеткен жетістігі жағынан Қазақ елі ірі мемлекеттердің қатарына кіреді, деді ол сөзінің соңында.

«Қазақстанның Ядролық қоғамы» ассоциациясының атқарушы директоры Александра Жданованың атап өтуінше, бүгінгі таңда ядролық соғыс қаупі бұрын болып көрмеген жағдайда нақты шындыққа айналып отыр. Қазір оның қаупі ғаламдық сипатқа ие. Сондықтан ядролық қарусыз әлем бүкіл адамзаттың және әрқайсымыздың алдымызда тұрған өзекті проблема. Жердің болашағы туралы алаңдаушылықты Нұрсұлтан Назарбаев өзінің манифесінде көрсетті. «Әлем. XXI ғасыр» біздің Президентіміздің анти­ядролық бастамаларының ішінде айрық­ша орын алады, деді ол. Бұл манифест БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен Қауіп­сіздік Кеңесі сияқты негізгі органдарда жо­ғары ресми мәртебеге ие болды. Бағ­дар­ламалық құжат ретінде манифест бүкіл­­әлемдік қауымдастықтың, сондай-ақ, әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алды.

Бұдан кейін ол жаңа технологиялардың даму дәуірінде, өркениеттің ғылыми жаңалықтарды кеңінен пайдалануында әскери қуатты арттыруға да даң­ғыл жол ашылғанын атады. Алайда, осы за­ман­ғы соғыста жеңімпаз болмайды, ал ядролық қаруды қолдану адамзатты құртуға әкеледі деп атап көрсетті біз­дің Президентіміз, деді А.Жданова. Ха­лық­аралық шиеленістің өсе түсуі адамзат қоғамын алаңдата түсуде. Қазір әлем­ге ғаламдық әскери қақты­ғыстар қауіп төн­діріп тұр. Осындай жағдай­да бүкіләлемдік қауымдастықтың бірлес­кен күші ғана қаруланудың ғаламдық үдерісіне бақылау жасай алады. Көре­ген және ақылды саясаткер ретінде Нұр­сұлтан Назарбаев өзінің манифесінде әлемнің бүгінгі дамуындағы өзекті проб­лемалар мен қауіптерді ашып көрсе­тіп, оларды тойтарудың нақты және сал­мақты жолдарын нұсқады.

А.Жданованың атап өткеніндей, бүгінде Қазақстан ядролық нысандары мен материалдары ең жоғары қауіпсіздік жағдайына жеткізілген 20 елдің қатарына енген. 2010 жылдың қараша айында МАГАТЭ-нің кепілдігімен Қазақстанға БН-350 реакторынан шығарылған 210 тонна пайдаланылған ядролық отын жеткізіліп, ұзақ мерзімді қауіпсіз сақталуға қойылды. 2012 жылдың қазан айында бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аймағындағы ядролық материалдарды қауіпсіздік деңгейіне жеткізу жұмыстары аяқталды. Ядролық қаруды таратпаудың бір тетігі Төмен байытылған уран банкін құру еді. Оны біздің елде құру жобасы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемді ядролық қарудан босатуға бағытталған бастамаларының бірі болды. Қазір МАГАТЭ-нің бақылауымен бұл банк біздің елде құрылған. Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт бастамалары ха­лық­аралық саясаттағы Қазақстанның бұл мәселе бойынша тұрақты және бірізді саяса­тын көрсетеді және ол бүкіләлемдік анти­ядролық қозғалыста шынайы қолдау тауып отыр, деді ол сөзін қорытындылай келіп.

Конгресте, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы Зарема Шәукенова, «Сая­сат­танушылар конгресі» РҚБ басқарма төрағасы – басқарушы директоры Оразғали Селтеев, «Қазақстан Интернет-қауым­дастығының» басшысы Шавкат Сабиров, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ саясат­тану кафедрасының профессоры Роза Нұртазина, «Еуразия әлемі» қоғам­дық қорының басшысы, саясаттанушы Эдуард Полетаев және басқалар сөз алып, талқыланған мәселелерге қатысты ойларымен бөлісті.

Қорыта айтқанда, жиынға қатысу­шылар Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде баяндалған бастамалары мен ұсыныстарының ерекше маңыздылығын атап көрсетті.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары