$ 447.4  477.55  4.76

Бүгінгі заман баласы ағылшын тілін білуі тиіс

Қай кезде де ұрпақ тәрбиелеу, оған білім беру, оқыту мәселелерінің әлеу­меттің барлығын алаңдататыны анық. Және кез келген жанның бұл ретте айта­т­ын ойларының, пайымдарының да та­былып жататыны шындық. Егер елі­міздегі мектептердегі білім беруді сөз етер болсақ, онда бекітілген стандарт бар және біздің жүйе сол стандартқа сәй­­кес өзгеріп, қазіргі уақытта ол өзінің бел­гілі бір кезеңін бастан кешуде. Назарбаев зияткерлік мектептерінде жасалып, еліміздің бірсы­пыра мектеп­терінде сынамадан өткен бұл бағдарлама халықаралық стан­дарттарға жауап бере алатын деңгейде. Жалпы, адам таби­ғатына әрбір жаңалығы бар іске күмән­мен қарау тән. Сондықтан да болар соңғы уақытта баспасөз беттерінде, теле­дидар мен радиода, әлеуметтік желілер мен түрлі басқосуларда білімге қатысты ой айт­пайтын адам жоқ.

Негізінен, біз бұрынғы кеңестік білім беру жүйесінің ең бір жақсы тұс­тарын жалғастырудамыз. Мамандарды даяр­лайтын институттар, оқытушы­лар, кафедралар, оқыту әдістерінің бәрі сақтал­ды, тек олар заман талабына сай жаң­ғыр­тылу үстінде. Ал енді көпшілікті ой­лан­дырып жүрген мәселе – өз жолымызды таңдау немесе өз үлгімізді жасауға келсек ол – бөлек әңгіме.

Сәт сайын, сағат сайын өзгеріп жатқан ғаламның тынысына ілеспегендердің ала өкпе болып жолда қалатыны шындық. Шабандық танытып, астыңдағы атыңды асықпай, сипай қамшылап жүргеніңде көлікке отырғандар тым алысқа ұзап кетіп, қарасын көрсетпей кететін заман. Сол себептен де, әлемдік үдерісті есепке ала отырып, бізде білім берудегі өзгерістерді өзгелердің тынысын тыңдай, өз жүрісіңді де баяулатпай, оған уақытында жауап бере алатындай деңгейде жасауға тиіспіз. Соны­мен бірге, біздің еліміздің көптеген кон­венциялар мен келісімдерге мүше екенін, олардың мемлекеттік деңгейде рати­фи­ка­цияланғанын да назарда ұстауға тиіспіз.

Қазір орта білім беру жаңғыртылу үстін­де, мазмұнына да өзгеріс еніп және ол бо­йынша кейбір пәндердің аттары да өз­геріп, кейбірі бірігіп, жаңадан пәндер енгі­зіліп, сағаттар саны да түрлі қалыпқа түсу­де. Бұлардың барлығы жасырын емес, қ­оғам­ның талқысынан өтіп, мұғалімдер қай­та даярлау курстарында әзірленіп, та­би­ғи түрде кезең-кезеңімен жүзеге асы­рылуда. Сондықтан қандай да бір қира­­ту, түбегейлі өзгерістер енгізу емес, қайта таби­ғи түрде бір кезеңнен екінші кезеңге өту деп дұрыс бағалаған жөн тәрізді.

Сонымен, білім берудің жаңартылған түрі 12 жылдық стандартты қарастырады. Менің пайымымда әрбір маман, осы саланы білетін қарапайым азамат орта білім беруде әлем бойынша 12 жылдықтың эталон ретінде қабылданатынын айқын ұғады. Өйткені, ол жоғары білім алуға қажетті немесе арнайы кәсіпті иеленудегі ең төменгі саты. 10 жылдық білім – стан­дартты орта мектеп, яғни одан кейін оқу­шы­лар жоғары мектепке өте алады, сөй­тіп әрі қарайғы университетте білім алу үшін мамандығын таңдап оқуын жал­ғас­тырады. Жоғары мектеп дегеніміз – шын мәнінде жоғары білім алудың басы. Немесе оқушы 10 жылдықтан кейін кәсіп­тік-техникалық мамандықты таңдап, кол­леджге ме, әйтеуір диплом және 12 жыл­­дық­ты аяқтағаны туралы сертификат бере­тін оқу орнының табалдырығын аттай­­ды. Және оны бітірген жас алған ма­ман­­ды­ғы бойынша жұмыс істей ме, әлде жоға­ры білім алуға әрі қарай талпына ма, ол – өз еркі.

12 жылдық мәселесі төңірегінде айтыс­ты өрбіте беруді мен мынамен теңестірер едім. Мәселен, авиацияда икао стандарттары жайында айтыс тууы мүмкін емес. Біздің елдің диспетчерлері тек қазақ тілінде сөйлейді, біз тек солай ұшамыз десек, біздер үшін халықаралық әуе кеңістігі жабылар еді. Өйткені, икао бойынша барлық ақпарат ағылшын тілінде берілуі тиіс. Сонда не, тек өз еліміздің көгінде ғана ұшуымыз керек пе?! Сол тәрізді 12 жылдық білім де халықаралық стандарт, ерте ме, кеш пе, әйтеуір біз бұған енуіміз қажет.

Осы жерде тіл мәселесіне тоқталмай өтуге хақымыз жоқ. Бағдарлама бойынша жоғары мектепте информатика, биология, физика, химия пәндерін ағылшын тілінде оқыту көзделген. Өйткені, бұл әлем­дік бәсекеде өз орныңды алу жолындағы таласта артта қалып қоймау үшін жасалып отырған қадам. Бүгінгі күнге ғана емес, алыс болашаққа жасалған бағдар.

Әрине, тілге қатысты мәселе қазақ бала­­­сын ойландырмай қоймайды. Бірақ әлем­дік тәжірибеде ағылшын тілін ен­гізу ар­қылы каталон, баск және т.б. тілдер­дің мәр­те­бесі жоғарылағаны белгілі. Ағыл­шын тілі бүгінде ғылымның, иннова­ция­ның тілі. Бізд­ің өзіміздің қайнары тұнық, таза да бай ана тіліміз бар, ұлтара­лық қатынас үшін орыс тілі бар, ал осы тілдер­ді ер­кін білуіміздің өзі қазақ бала­сы­­ның бәсе­ке­лестікке қабілеттілігін арт­тыра түсе­ді. Ал оған ағылшын тілінің қосылуы біз­дің бәсекелестіктегі олжа сала­­тын тұс­тары­мызды одан сайын арт­ты­рып, мүм­кін­дігімізді кеңейтіп, тыны­сы­­мыз­ды одан сайын аша түспек. Сол себеп­­тен, біз ертеңгі балаларымыз бен неме­р­е­­леріміздің болашақтағы бәйгеде өз бә­сі­нен құр қалмауын ескере отырып, бү­гін­­гі күні тіл мәселесін жалаулатып, оны сая­­силан­дыр­мауға тиіспіз деген ойда­мын. Бірақ бір нәрсе айқын, ол мемле­кет­тік тілдің өз мәртебесіне лайық қызмет етуі жолындағы еңбектің бір сәтке де толастамауы.

Біз елімізді табысты еткіміз келсе, білім­ге қатысты жаңғыртылған бағдар­ла­ма­­дан бой тартпауымыз ауадай қажет. Қазақстанда екі тіл­ді еркін білетін адам жұмыс іздеп қинал­май­ды, ал үш тіл білсе оған тіпті де бар жол ашық. Сондықтан поли­лингвизмге сұраныс та көп. Осы ретте мем­лекеттік деңгейде, азд­аған қалталы топ­тың балаларын ғана емес, жаппай бар­лық жеткіншектердің ағыл­­­шын тілін білуіне мүмкіндік туғызатын бағ­­­дар­­ла­маны қолдаудың қажеттігіне тағы да тоқ­талғым келеді. Жасыратыны жоқ, қазір қолы ұзындар балаларының ағылшын тілін білуінен ештеңесін аямайды, тіпті сол тіл­­дік ортада жүрсін деп мектеп жасын­да­ғы баласын шетелде оқытып та жүр. Мем­лекет болса, жоқ, ағылшын тілін білу аз ғана топтың еншісіне бұйыр­май, көптің игі­­лі­­гі­не болсын деген, нағыз елдің ертеңін ой­­ла­ғ­ан істі бастады.

Әлемде полилингвизмді ендірудің бірнеше жолы бар екен. Біздің жағдай­да сарапшылар ойлана келе, жоғарыда аталған пәндерді ағылшын тілінде оқы­тылуы тиіс деп белгіледі. Өйткені, үл­­кен сы­ныптарда бұл пәндерді ағылшын тілін­де оқыған шәкіртке жоғары оқу ор­нын­да таңдаған мамандығын игеруіне ол ай­­тар­лықтай көмек әрі магистратура, док­торантурада білімін жалғастыруға да даңғыл жол ашады. Және мұндай оқу әдісі Қазақстан үшін айтарлықтай жаңа­лық та емес, еліміздегі қазақ-түрік лицей­лері, Назарбаев зияткерлік мектеп­тері осы жолды табысты қолданып жүр.

Ағылшын тілі ұлтаралық қатынастар тілі­­нен өткен ғасырда-ақ ғылымның, ілім­­нің, инновацияның, жаңа технология­лар­дың тіліне айналып үлгерді, сөйтіп, аса ауқымды міндеттер атқара­тын мас­ш­таб­қа шықты, сондық­тан да әлем­нің көп­теген елдері оқу бағдар­лама­ларына ағыл­шын тілін дендетіп ендір­ді. Қазіргі мек­тептерде бастауыш сынып­тарда оқы­ты­лып жүрген ағылшын тілі сол әлемдік стандартты бағдарламаға негіз­делген. Оның алғашқысы – мектеп­тер­­дегі сағат саны, екіншісі – мұғалім­дер­дің даярлығы, олар жаппай ағылшын тілінде сабақ беруге қаншалықты әзір, үшіншісі – оқу-әдістемелік кешен, ди­дак­­ти­калық материалдар, ата-анаға, бала­ға, мұғалімге көмек құралдары қам­тылуы қарастырылып отыр. Осы­ның бар­лы­ғына министрлік әлемдік жетек­ші ком­пания­ларды тартып, әзірлік жұмыс­тарын әлдеқашан бастаған болатын. Сол үшін үздік әдіскерлер таңдалып, олар апта­­сына қанша сағат оқыту тиімділігін де анық­тады.

Негізінде біздің ел үшін әр­бір мектеп бітірушінің 3 тілді бірдей дәре­же­де білуіне ұмтылу басты мақсат болуы тиіс деп ойлаймын. Егер біздің түлек­­тер, мейлі ол ауылдың, шағын елді мекен­­нің тұрғыны болсын, сол мекендегі әлем­дік стандартқа негізделген мектепті біті­ріп, қиналмастан өзіміздің елді қойып ше­те­л­дік жоғары оқу орнына қабыл­данып жатса, ол ел байлығы емес пе?!

Жазира ДҮЙСЕНБЕКОВА,
Ұлттық білім және ғылым ассоциациясының төрайымы, білім саласы бойынша халықаралық сарапшы.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары