$ 449.58  486.94  4.86

Алма бақтың да айтары көп

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев жақында Жамбыл ауданында өтіп жатқан «Егінжай» жиынына қатысқан кезде кейбір басшылардың жүрегін дір еткізген бір жағдай орын алды. Облыс басшылары бірнеше жылдан бері пияз егуді кәсіп еткен бір іргелі шаруашылықтың жап-жасыл алқабына көз жүгіртіп, қожайыннан биыл қанша өнім алатынын, қанша шығын жұмсағанын сұрап болғаннан кейін, арықты жағалай орналасқан ауданның жетістіктері мен көрсеткіштері сайрап тұрған көрмеге аяқ басқан болатын.

Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жамбыл облыстық аумақтық инспек­ция­сының басшысы Нұрби Жігітеков облыс басшысының назарын кейбір кестелердегі цифларға аударып, бұл бағытта атқарылып жатқан тірліктерді ынты-шынтысымен түсіндіре бастаған да еді. Бір кезде микрофонды облыстық мәслихаттың депутаты, «Меркі тәжірибе шаруа­шылығы» ЖШС-нің директоры Бақыт Сауранбаев жұлып алды да «Мұның бәрі өтірік… Сендер түк те істеп отырған жоқсыңдар. Мен сендердің пиғылдарыңды білемін… Шаруашылықтарды тексеріп, жұмыстарына кедергі жасағаннан басқа ештеңе қолдарыңнан келмейді. Кәрім Насбекұлы, мына Жігітеков басқаратын меке­ме барлық шаруа­шы­лықтардың жұмы­сына тыйым салып тастаған… Шаруа­шылық басшылары осылардан-ақ әбден ығыр болды», деп біраз нәрсені айтып-айтып тастады.

Бірақ, шыны керек, Бақыт Сау­­ран­баев мырза әй-шай жоқ, ойла­­маған жерден ортаға шығып және өте асығыс сөйлегендіктен, жұрт­шылық ол кісінің не айтып, нақты не мәселе көтергенін, нені талап етіп отырғанын жете түсінбей де қал­ды. Әйтеуір, жақсы әңгіме емес екенін іштері сезді. Және бұл мәселе оның көптен бері ойында жүргені, әбден жанына батқаны жүзінен анық байқа­лып тұрды. Әрине, Нұрби Жігіте­ков әкім алдында ақталып-ақ бақты. Бірақ Көкірекбаев ләм-мим демес­тен теріс бұрылып, келесі ша­руа­шылыққа қарай асығыс жүріп кетті.

Сонымен, елді де, әкімді де аң-таң қыл­ған бұл жағдайдың мән-жайына тереңірек үңілеміз деп жүргенде, көп ұзамай облыс­тық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың жарты жылда атқарған жұмысын саралаған бұл жиында сөз сөйлеушілердің қатары көп­теу болды. Жиынның ортасына таман мін­берге Бақыт Сауранбаев шығып, тағы да елді айран-асыр етті. Кеше ғана мәселені осып-осып айтып, батылдығымен ерекшелен­ген Бақыт Оспанұлының бұл жолы жүні жығы­лып қалыпты. Баяғы «Егінжайдағы» екпін жоқ.

– Мен алдымен бір жағдайға байлынысты кешірім сұрасам деп едім, – деді меркілік депутат күмілжіп. – Өткен жолы «Егінжайда» тым артық кетіп қалыппын. Сондықтан, кешірім сұраймын. Осы залда Жігітеков мырза отыр ғой деймін. Содан кешірім сұраймын…

Сонымен, Сауранбаев үлкен залды көзбен асығыс тінтіп, Жігітеков отырған тұсқа басын бір игендей болды. Бұл кешірім сұраудың сырын залдағы жұрттың бірі түсінді, бірі түсінбеді. Түсінгені басын шайқады, түсінбегені күлді де қойды. Дегенмен, жұрттың ішінде осы мәселеге деген қызығушылық қалғаны анық.

Жақында Меркі ауданына барған іссапарымда Бақыт Сауранбаевтың не үшін шырылдап жүргенін түсінгендей болдым. Осы аудандағы «Жасыл белес» шаруа қожалығы 1993 жылы құрылған екен. Былтыр ауылдан ұзап шығып, Қызылсайдың төңірегінен 24 гектар жер алып, оның 13 гектарына алма, қара өрік отырғызыпты. Қызылсай – Алтынбек Қоразбаевтың әйгілі «Қара кемпір» әнінде айтылатын ауыл ғой. Сол Қосшығұл мен Жексенқұлды соғысқа шығарып салған Қызылсайдың қырат-қырат белесі бүгінде бау-бақшаға толып жатыр. Жалпы алғанда, қожалық бау-бақшаның аумағын 35 гектарға жеткізген. Міне, қожалық төрағасы Үсен Қабылбековтің айтуына қара­ғанда, қазір алма бауымен айналысушыларды мазалап жүрген бір мәселе бар.

– Елімізде сатылып жатқан алмалардың 70 пайызы басқа елдер­ден әкелінеді, – дейді Үсен Қабыл­беков. – Ендеше, алма бақтарын көбейту, сырттан келетін жеміс-жидектер тасқынын азайту ең басты міндеттің бірі болып отыр. Аллаға шүкіршілік, қазір біздің елде жұмыс істеймін деген адамға барлық жағдай жасалған. Енді тек билік органдары шаруамызға кедергі тигізбесе екен. Алма бақтарын көбейтіп, алма көшеттерін күтіп-баптаумен айналысқаныма 14 жылдан асты. Қазір қарқынды баулардың әр гектарында 2500-дей түп алма ағашы бар. Соңғы жылдары бактериялы күйік деген ауру пайда болды. Негізі бұл – сырттан келген індет. Осының кесірінен көшет сата алмай отырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жамбыл облыстық аумақтық инспекция­сы бәріне тыйым салған. 100 мың түп көшет дайын тұр, бірақ сатуға рұқсат жоқ. Жыл сайын, тіпті жақында ғана алма ағаштарының бұтақтарын қырқып, тексеруге алып кетті. Биыл төртінші жыл, бұтақтарымыздан ешқандай ауру белгісі табылған емес. Ендеше, неге көшет сатуға рұқсат бермейді? Осының салдарынан шаруашылық шығынға да батуда.

Міне, облыстық мәслихаттың депутаты, «Меркі тәжірибе шаруа­шы­лығы» ЖШС-нің директоры Бақыт Сауранбаевты да шырылдатып жүрген мәселе осы көрінеді. Әрине, Б.Сауранбаев ауыл шаруашылығы жағдайын бес саусағындай білетін көнекөз басшы болғандықтан, жайдан-жай ақтарылмаған да болар. Дегенмен, бұл мәселеге ауыл шаруашылығы мамандарының да айтар уәждері бар екен.

– Қазақстан аумағында таралуы шектелген 11 түрлі карантиндік нысандардың 9-ы біздің облыс аумағында тіркелген, – дейді бізбен әңгімесінде Жамбыл облыстық өсімдіктер карантині жөніндегі бас инспекторы Сержан Бексұлтанов. – Сондай-ақ, рес­публика аумағында жоқ, бірақ карантиндік маңызы бар 95 түрлі өсімдіктер зиянкестері мен ауру қоздырғыштардың біреуі, жеміс ағаштарының бактериялы күйі­гі ауруы анықталған. Бұл – өте тез тарайтын аса қауіпті инфек­­циялық ауру. Оған қарсы осы күн­­ге дейін ешқандай ем жоқ. Демек, оның емі – ауру қатты белең алып, же­міс бағының 30 пайызынан аста­мы залалданған жағдайда, бақты түбі­­рімен жұлып, сол баққа жақын жерге шұқыр қазып өртеу арқылы жою. Ал жаңа басталып келе жат­­қанда профилактикалық іс-шара­лар бойынша ауырған бұтақты 20 см. сау жерімен қоса кесу, қу­раған, шіріген бұталардан, жеміс қал­дықтарынан тазарту және мыс қоспасы бар ерітіндімен немесе стрептомицин препаратымен бүр­ку және т.с.с. жүргізу қажет. Инс­пек­торлар тарапынан жеміс бағы залал­данған шаруашылықтарға осын­дай профилактикалық шаралар­ды жүргізуге хабарлама ғана беріледі, себебі, жеміс бақтарының бәрі жекеменшік болғандықтан, оны түбірімен жоюға нұсқама бере алмайды. Ол үшін Үкімет тарапынан арнайы ереже жасақталып, өтемақылары төленуі тиіс.

Аталған ауру алғаш рет 2012 жылы Алматы облысы аумағында, 2013 жылы біздің облыстың Байзақ ауданындағы 1 га алмұрт бағында, келесі жылы 71,6 га аумақта Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандарында анықталды. 2015 жылы тағы да 31,1 га аумақ осындай күйге түсті. Осыған байланысты 2015 жы­лы және 2016 жылдың наурыз айын­да облыс әкімінің қаулысымен ка­ран­тиндік режім енгізілді. 2015 жыл­ғы анықталған 31,1 га көлем­нің ішінде 6,1 гектары Меркі ауда­нындағы көшеттіктерде: – «Жасыл белес» ш/қ 3,0 га алма бағында (басшысы Үсен Қабылбеков), «Гүлдер» ш/қ 3,0 га алма бағында (басшысы А. Бондарь) және «Агрокомплекс» ш/қ 0,1 га алмұрт бағында (басшысы В. Ямпольский) анықталған болатын.

Бірақ осы аталған шаруа­шы­лық басшы­лары бұл сараптама нәти­жесіне сенім­сіздік білді­ріп, Ал­маты қаласындағы Мик­ро­био­логия және вирусология инсти­ту­тына қайталап тексертті. Олар атал­ған ауру жоқ деген сараптама қорытын­дысын берді. Осыған байланысты, АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің тапсыруы бойынша облыстық аумақтық инспекция басшысының бұйрығымен арнайы комиссия құрылған болатын. Биыл осы комиссия мүшелері 25 шілде күні толық құрамда шығып, шаруа қожалығы басшыларының қаты­суымен қажетті үлгілер алы­нып, бір-бір үлгі Алматы қаласындағы республикалық карантиндік зертханасына қайта жіберілді. Екінші және үшінші үлгілер басқа зертханаларға жіберіп тексерту үшін шаруа қожа­лығы басшыларына тапсырылды. Нәтижесінде Алматы қаласындағы республикалық карантиндік зертхананың сараптамасында ауру анықталмады деген қорытынды келді. Сондықтан, жоғарыда аталған 6,1 га жеміс бақтары карантиндік ай­маққа енгізілген жоқ, таза деп табылып отыр. Бұл туралы жоғарыда аталған шаруа қожалығы басшыларына хабардар етілді.

Жоғарыда аталған көшеттіктер, көшет сатуға арнайы лицензиялары бар бірегей тұқым өндіруші және өткізуші ретінде жұмыс атқаратындықтан, биылғы жылы сәуір айында «Жасыл белес» ш/қ басшысы Ү.Қабылбеков лицензиясын жаңартпақ болған, бірақ оған жоғарыдағы жағдайға байланысты, біздің тарапымыздан зертхана қорытындысы шығып, бір жақты болғанша лицензиясын жаңартуға рұсат берілген жоқ.

Ал көшет сатуға облыс көлемінде де, аудан көлемінде де тыйым салынған емес. Бірақ, «Өсімдіктер карантині туралы» заңға сәйкес, карантин жарияланған аймақтардан сыртқа шығарылатын өнімдерге шектеу қойылғандықтан, өнім иелері сыртқа шығаратын өнімдерін міндетті түрде карантиндік инспек­торға тексертіп, таза болса сата беруіне болады. Басқа көшет­тіктер солай сатып та жатыр. Ү.Қабылбе­ковтің тыйым салды деп тұрғаны, жоғарыда айтылған себептерге байланысты лицензиясын жаңарта алмағандықтан, Үкімет тарапынан субсидия ала алмай қалғандығын айтып отырған болуы керек.

Міне, бұл мәселенің мән-жайы осылай болды. Бірақ қалай болғанда да, алма ағаш­тарының ауруы шаруаның қолын байлап, кәсібіне әжептәуір тұсау салғаны рас. Енді бәрі оңынан шешілген сияқты. Биыл Жам­был өңіріндегі алма ағаштарының басы жеміс­тен иіліп, сынуға шақ тұрды. Әлі де майы­сып тұрғандары көп. Яғни, алма теру нау­қаны әлі де жалғасып жатыр. Ендеше, бұл мол­шылық табыс пен берекеге бастай бергей!

Оралхан ДӘУІТ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары