$ 446.49  475.38  4.79

Отандық әуекомпаниялар жыл сайын 250 мың транзиттік жолаушыларды тасымалдайды

«Қазіргі уақытта  отандық әуекомпаниялар Қазақстан территориясы арқылы жылына 250 мың жолаушы тасымалдайды. Яғни, 2010 жылдан бері 10 есеге өскен. Орташа барлық транзиттік жолаушылардың 70%-ға жуығы астана әуежайның үлесінде. Бұл 175 мың транзиттік жолаушының Астанаға және 75 мың жолаушының Алматыға келетінін көрсетеді»,-деп мәлімдеді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан Республикасының Үкімет отырысында. Астана әуежайының инфрақұрылымын жаңғыртудың есебінен және Алматының жанынан хаб құру бойынша тапсырманы жүзеге асырып, сонымен қатар, халықаралық бағыттар мен қазақстандық әуекомпанияларды дамытатын болсақ, 2020 жылға қарай транзиттік жолаушылар ағыны артатын болады. Транзиттің ерекше перспективалы бағыты - Оңтүстік Шығыс Азия, Қытай және Үндістан елдерінен келетін жолаушылар легі болып табылады. Министр атап өткендей, «Эйр Астана» әуе компаниясы тиісті өсімді қамтамасыз ету үшін әуе кемелері паркін кеңейтуді жоспарлап отыр. 2020 жылға дейін Эйрбас 320 үлгісіндегі 11 әуе кемесін лизинггке сатып алу көзделген. Ал 2019 жылға дейін 2 Боинг 787 ұшағын алу жоспарланып отыр.

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні Астанадан  16 елмен 25 халықаралық бағыт бойынша әуе байланыстары орнатылған. Соның ішінде 5 халықаралық қаржы орталығына тікелей ұшатын рейстер бар. (Франкфурт, Лондон, Дубай, Гонконг, Сеул).  Апта сайын Астанадан 415 рейс жасалады. (126 халықаралық және 289 ішкі рейстер).

«ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жүріп жатқандықтан «Ашық аспан» пилоттық жобасының аясында Астанамен арадағы халықаралық бағыттарға шектеу қоюды екіжақты келісім негізінде ұзақ мерзімге дейін алып тастау көзделіп отыр. Осы ретте әлемнің 8 қаласына жаңа бағыттар ашылады деп күтілуде. Олар: Прага, Хельсинки, Вена, Варшава, Будапешт және басқа да қалалар»,-деді ведомство басшысы.

2012 жылы ішкі әуетасымал нарығы толығымен ырықтандырылды. Қазіргі уақытта 6 әуекомпания 39 бағыт бойынша ішкі рейстерді жүзеге асырады. (аптасына 500-ден астам рейс).

Туризмді дамыту мақсатында биыл Алматы мен Астанадан Балқашқа, Алматыдан Үржарға және Ақтаудан Көкшетауға рейстер ашылды. Келесі жазғы маусымда Астанадан Үржарға, Алматы мен Астанадан Үшаралға рейс ашу жоспарлануда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары