Тұңғыш Президенттің елдің еңсесін көтерудегі осыншама жылдағы еңбегін қазақстандық әр азамат саналы көзқараспен ой жүгіртіп өтсе, артық емес.
Көкте қалықтаған көк байрағы, әнұраны мен төл теңгесі, отандық өз өнімдері бар қазақ еліне бүгінде әлем тамсана қарайтынын ақиқат.
Кеңестік дәуірмен қуана қоштасып, қиындығын сезіп тұрсақ та еңсемізді түсірмей,тәуекелге бел буған елдің азаматы ретінде мен де Елбасы туралы ой-толғанысымды баршамен бөліскенді жөн санадым. Еліміздің Президентімен алғаш рет 1991 жылы Алматыда өткен Қазақстан компартиясы съезінде кездестім. Мен Атырау өңірінен съезд делегаты болып сайланғанмын. Ал екінші рет – 1997 жылы. Нұрсұлтан Әбішұлы Атырауға Президент шыршасына келген болатын, өз сапары барысында ол облыс кәсіпкерлерімен де кездесті. Әлі есімде,тұңғыш рет отандық жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылып, біз «Өнерпаз» тұрмыс үйінің трикотаж өнімдерін, зергерлік бұйымдарды көрмеге шығардық.Бұдан кейін елімізде бірқатар маңызды тарихи оқиғалар мен өзгерістер орын алды. Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады.Тәуелсіздік алған еліміздің экономикасы нарықтық қатынасқа бағыт алды. Кәсіпорындар мен шаруашылықтар жекешелендіру науқанын бастан өткерді. Мен де тәуекел етіп, несие алып, мемлекеттен жекеге өтуі бұйырылған «Өнерпаз» және «Рысбыттехника» кәсіпорындарын жекешелендіріп алдым. Ондағы мақсатым – кезінде жұмысы қауырт жүрген кәсіпорындардың тоқырауына жол бермеу, халықты жұмыспен қамту, олардың әлеуметтік жағдайына септігін тигізу болды. Елбасы Атырауға іс сапарында, кәсіпкерлермен кездесуде шағын бизнестің маңызын түсіндіріп, жаңа міндеттер белгіледі. Аймақ кәсіпкерлерін қандай мәселелер толғандыратындығын сұрады. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен осы алқалы басқосуда мен де мінбеге көтеріліп, 1997 жылғы 6 наурыздағы «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мен белсендіруді күшейту бойынша шаралар туралы» Жарлығының кәсіп иелеріне жаңа мүмкіндіктер ашатындығын айтып, әріптестерім атынан алғысымды жеткіздім. Әрине, бұл басқосуда мәселе болған жайттарды да айттым. Нақтысында еліміздің инвестиция жөніндегі комитеті тек шетелдік инвесторларға ғана емес, ішкі отандық инвесторларға да жеңілдіктер қарастыру қажеттігін мәселе етіп көтердім. Елбасының Атырауға сол сапарынан соң, мен Атыраудың кәсіпкерлері одағының басшылығына тағайындалдым.1998 жылы Елбасының «Қазақстан – 2030» бағдарламасы бойынша жер-жерде республикалық қозғалыстар құрылды. Маған Атыраудағы осы бастамашыл топты басқарып, бағдарламаны насихаттау жұмысын ұйымдастыру жауапкершілігі жүктелді. Осы қызметпен Астанада үлкен жиынға шақыру алдым. Мені жиналыс президиумына сайлады. Бірінші үзілістен кейін жиналысқа Президент келіп қатысқан еді. Ол президиумда отырған мені танып қалды.– Сен Атыраудан Әлиясың ғой.– Иә, Әлиямын, Нұрсұлтан Әбішұлы.– Алда Президент сайлауы болады. Менің Атырау облысы бойынша сенімді өкілім бол. Елді білесің, абырой-беделің де жетерлік.Мен Елбасының өзіме көрсеткен сеніміне алғысымды білдіріп, сенімді ақтауға барымды салатынымды айттым. Бұл – менің Елбасымызбен бетпе-бет екінші рет кездесуім еді.1998 жылы Алматыда Елбасының республика кәсіпкерлерімен кездесуіне қатысып, сөз сөйледім. Сол жылы Елбасы Атырауға тағы келіп, сайлаушыларға өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жиналысты мен жүргізіп отырдым. Елбасы жағдайымызды, кәсіпкерліктің даму қадамдарын сұрады. Кеңестерін айтты. Елбасы сенім артып, елдің, тұтас аймақтың дамуына үлес қосуда өзіңе жауапкершілік сенімін жүктегенде, білекті сыбанып тұрып жұмысқа кірісесің. Елбасымен кездесу мен үшін де, өзгелер үшін де өз ерекшелігімен есте қалуы заңдылық шығар. Себебі, алқалы жиындарда жүздеген адамның арасынан көзі түсіп кетсе, бәрімізден аймақтардың, жеке хал-жағдайымызды сұрап жатады. Бүгінде менің мақсатым белгілі. Ел бірлігін сақтап, елінің болашағы үшін қызмет етіп жүрген Мемлекетіміздің басшысына, оның жүргізіп отырған саясатын насихаттауға мүмкіндігім жеткенінше қолдау көрсету.Қазір халық еліміздегі «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының пайдасын көріп, жұмысын істеп, әлеуетін көтеріп отыр. «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы арқылы жаңа кәсіпорындар ашылып, қазақстандық өнімдерді халық тұтына бастады. Шағын және орта бизнестің дамуындағы мұндай мол мүмкіндік ТМД елдерінің ешқайсысында жоқ. Сайып келгенде қазір еліміздің кәсіпкерлері үшін алтын дәуір.Осыны бағалай алсақ, еліміз үнемі әлем назарында болады. Біз қолдағы алтынның қадірін білуіміз керек. Елбасымыздың амандық-саулығын, арман-мақсаттарымыздың орындалуын халқымызға бұйырғанын тілейік.
Әлия БЕКҚОЖИЕВА, Атырау облыстық мәслихат депутаты