$ 445.66  474.58  4.78

Жетiсу өңірінің мерекеге тартуы

Алматы облысы 1 желтоқсан – Тұң­ғыш Президент күніне ерекше тарту-тарал­ғымен келді.

Қарашаның соңғы күнінде өңірде 25 балабақша ашылып, шағын су электр стансасы іске қосылып, 16 қабатты қонақүй кешені мен 40 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға бе­рілді. Аймақтың әр ауданы мен қаласында жарасымды жалғасын тапқан жаңалықтар мен жақсы­лықтар ішіндегі ең басты мерекелік тарту – Талдықорған қаласын­дағы орталық алаңның төріндегі мемориалды кешендегі гранит тұғырға Елбасының еңселі мүсіннің орналас­тырылуы. Осылайша, 2011 жылы салынған мемориалды кешендегі алып тұғыр өзінің нағыз иесін тапты. 
Балабақшаның лентасын қиып, су электр стансасын іске қосып, мереке қарсаңындағы күнді берекелі әрі мерекелі істермен бастаған жетісулықтар сағат 12-ге таман орталық алаңға қарай ағылды. Атшаптырым алаңда ине шаншар орын болмады. Облыстық игі жақсыларымен бірге Астанадан, Алматыдан ат арылтып жеткен есімдері ел аузында жүрген тұлғалар мен жергілікті жұрт тағатсыздана күткен салтанатты сәт те келіп жетті. Ал­маты об­лысының әкімі бастаған құрметті қонақ­тардың демеуімен көк жамылғы сыпы­рылғанда таңертеңнен бері «бұл қандай үлкен мүсін?» деп тұрғандардың көңілдері шаттанып сала берді. Бүкіл саналы ғұмырын туған елі мен жерінің гүлденуі жолында сарқа жұмсап, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ға­сырда мемлеке­ті­мізді өркениеттің өріне жеткізген Нұрсұл­тан Әбішұлының алдындағы асуларға қасқая қарап, аршындай адымдап бара жатқан алып тұлғасын мүсіндеуге қима­дық, еңселі ескерткіш десек ешкім артық айттың дей қоймас. Осылайша, жеті­су­лық­тар Елбасы мен оның еліне мерейлі мереке қар­саңында елден ерекше тарту жасады. 
Көпшілік алдына толқи көтерілген өңір басшысы: «Көшбасшы батыр болса, сар­баздары батыл болады» деген Елба­сының еңбегінің арқасында қазақ елі әлемдегі бәсекеге қабілетті мемлекет­тердің қата­рына қосылды. Темірқазық ретінде бел­гіленген биіктен көріну абы­ройлы басшы бастаған айбынды ел­дерге ғана тиетін үлес. Осылардың барлы­ғын ойластыра келе, халықтың қолда­уына облыстық мәсли­хаттың мақұлдауына сүйене отырып, біздерді сол биіктерге бастаған Тұңғыш Президен­тімізге – ұлт Көшбасшысының еңселі мүсінін елден бұрын өз туған жерінің бас қаласына қоюды жөн деп таптық. Енді, міне, қабырғалы Қазақ елін әлемге мәшһүр еткен Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев туған жерінде жерлестерімен қауышып, жұртын жарқын болашаққа бастап барады. Бірлікті елдің тірлігі де берекелі. Мереке­ңіз құтты бол­сын! Алар асуымыз ала­сармасын» деді.
Облыс жұрты атынан Алматы облыс­тық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Алматы облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Наурыз Қылыш­баев, «Хильниченко және К» серік­тесті­гінің директоры Виктор Хиль­ниченко сынды жетісудың жайсаңдары сөз алып, мерекеге ортақтастықтарын білдіріп, Елбасының ел үшін істеп жатқан еңбегін тағы да жұртшылық есіне салды. 
Жетісудағы киелі де иелі аймақ Қаратал ауданының орталығы, тоғыз жолдың торабына орналасқан Үштөбе қаласының тұрғындары мен балдыр­ғандары үшін кезекті қуанышты жаңалық болды. Аудан орталығындағы «Шаңырақ» атты шағын ауданда 320 орынды «Балбөбек» балабақшасы ашылып, алғашқы тәрибеленушілерін қабылдады. Облыс аумағында бір күнде пайдалануға берілетін балабақшалардың алғашқы­сының ашылуына орай ұйымдастырыл­ған салтанатты шараға арнайы келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов үш­төбеліктердің қуанышын бөлісті. Әкім­мен бірге үштөбеліктерге құтты болсын айтуға 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, бүгінде елге белгілі кәсіпкер әрі облыстық мәс­лихаттың депутаты Жақ­сылық Үшкем­піров те жетіп, жұртшы­лыққа ыстық ықылас, игі тілегін арнады. 
– «Балапан» мемлекеттік бағдар­ламасы арқасында облыстағы мектеп жасына дейінгі балдырғандардың 64 мыңнан ас­тамы балабақшамен қамтылды. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарындағы жеке­шелендіруден соң өңірде 47-ақ бала­бақша жұмыс істесе, қазіргі кезде олардың саны – 903, ол дегеніміз – 87 пайызға жетті. Өткен жылы 99 балабақша са­лынды. Оның 88 мемле­кеттік-жекемен­шіктік әріптестік ба­рысында іске қо­сылды. Ал биыл тұрғы­зылған 90-ға жуық балабақшаның да басым бөлігі осы мемлекеттік-жекемен­шіктік әріптестік негізінде пайдалануға беріліп отыр. Мемлекет басшысының жарқын баста­масымен жүзеге асырылып отырған «Нұрлы жол» бағдарламасының да шапағаты мол болды. Өздеріңіз куә болып отырғандай, міне, Қаратал ауданы­ның орталығында сәні мен салтанаты ке­ліскен, балдырғандарға қажетті барлық жағдай қарастырылған 320 орындық балабақ­ша алғашқы тәрбиленеушілерін қабылдады, – деген облыс басшысы мектепке дейінгі мекеменің ішін аралап, балалардың бал үні мен күміс күлкісіне куә болды. Содан кейін тікұшаққа отырып, Лепсі өзенінде тұрғызылған қуаттылығы 172 МВт шағын ГЭС-тің басқару тетігін іске қосу үшін Сарқан ауданына ұшып кетті. 
Балабақша демекші, бір күнде жұмысқа кіріскен балабақшаның бар­лығына дерлік мемлекеттік-жеке­мен­шіктік әріп­тес­тік негізінде салынған. Олардың тоғызы Талғар, жетеуі Іле, төртеуі Жамбыл, екеуі Еңбекшіқазақ аудандарында пайдалануға берілсе, қалғандары Қаратал, Панфилов ау­дан­дары мен Талдықорған қаласында балдырғандар үшін есігін айқара ашты. 
Өзіне 14 өнеркәсіптік және сервистік кәсіпорындарды біріктіріп, базасында электржелілік құрылыс кластерін қалып­тастырған, үш мың адамды жұмыспен қамтып отырған «АСПМК-519» ЖШС Қазақстандағы аса ірі компаниялардың бірі. Компания қуаттылығы 500 кВ-ға дейінгі электр желілері мен қосалқы стан­саларын жобалау, құрылысын жүргізу, жетілдіру және жөндеу саласындағы нарықтағы көшті бастап тұр. 2000 – 2016 жылдары құрылыс, нысандарды жөндеу және қайта құрылымдау саласында 100-ден астам жобаны жүзеге асырып, әуе арқылы электр тасымалдауға арналған 3200 шақырымдық желіні тартып, 50-ден астам қосалқы станса салған және қайта құры­лымдаған серіктестік Тұңғыш Президент күні Сарқан ауданы аумағы арқылы өтетін Лепсі өзенінде сметалық құны 4,2 мил­лиард теңге болатын «Лепсі – 2» су электр стансасын іске қосты. Жылына 67,78 миллион кВт-сағат электр қуатын өндіретін су электр стансасы жергілікті 17 адамды жұмыспен қамтып отыр. 
Асау өзенін ауыздықтау арқылы электр қуатын өндіруге кіріскен су электр стан­сысының ашылу құрметіне жиналған жұртшылық алдында бірінші болып сөз алған Амандық Ғаббасұлы «Лепсі – 2» су электр стансасының іске қосылу нәтиже­сінде өңірдегі электр қуатына деген тапшылық 68 мл. кВт-қа азаятынын айта келе, болашақта осындай шағын су және жел электр стансаларын салуға және күн­нен қуат алатын құрылғыларға басым­дық беру арқылы жаңартылатын энергия көз­дерін тиімділікпен пайдалануға баса на­зар аударылатындығын атап өтті. Жоға­ры­да айтылған «АСПМК-519» ЖШС Қора өзенінде тағы үш бірдей су электр стан­­сасының құрылысын жүргізіп жатқа­ны да осы жиын барысында белгілі болды. 
Жетісудағы жаңалықтар одан ары жарасымды жалғасын тапты. Түс ауа Алматы қаласынан шыққан трассаның Талдықорған қаласына кірер тұсында бой көтерген тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени, спорттық нысандардың қатары тағы бір еңселі ғимаратпен толықты­рылды. Елбасы ескерткішін ашқандағы көтеріңкі көңіл-күйдегі қалалықтар мен шаһар қонақтары 16 қабатты «Гранд Көктем» қонақүй кешенін пайдалануға берілуіне де куә болды. Одан кейін жаңа тұрғын үйдеге қоныс тойға асықты.

Болат АБАҒАН, 
Алматы облысы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары