$ 444.32  473.33  4.76

Президент тағылымы – рухты шыңдау мектебі

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың адами қасиеттері, оның тағылымы мол тұлға ретіндегі қоғамдағы орны – жас­тарды патриоттық рухта тәрбиелеудің өзіндік мектебі деп тануға негіз мол.

Әлемге әйгілі саясаткер, өз отанының патриоты, аңыздың ақиқатқа айналуы және арман­ның шындыққа жалға­суын­дағы таңға­жайып құбылыстың сим­волы ретінде қабылдауға лайық. Оның тұлға­лық қасиеттері – патриоттық рухтың шың­­далу және кемелдену мектебі ретін­де тәрбиелік маңызы зор, ерекше құбылыс.
Тұңғыш Президенттің өмірлік ұста­нымына назар аударсақ, оның ел тағ­дырының шешуші кезеңдері мен сын сағаттарында әрдайым ұлттың қаймақ­тары – зиялы қауым өкілдерімен, қоғамда беделі жоғары, айтары бар, ықпалды тұлғалармен әрдайым ақылдасып отыруы – отанға деген үлкен жанашырлықтың, тұлғаны тереңінен танитын тиянақты білімнің көрінісі. Сөзіміздің дәлелді болуы үшін қозғап отырған тақырыпты төмендегі үш мәселе бойынша қарас­тырсақ, ондағы ұлт болмысының ажы­рамас бөлігі – патриоттық рухты шың­дауға негіз бо­ларлық, сондай-ақ түйсінуге де, сүйсінуге де тұрарлық дүниені молынан көруге аңғаруға болады.

Зиялы қауым өкілдерінің әлеуетін ұлт ісіне жұмылдырды
1990 жыл, Тәуелсіздік туралы декла­рацияның қабылдануы алдындағы Мәскеудің араласуымен орын алған шиыршық атқан сәттегі Нұрсұлтан Назарбаевтың жанына ұлт зиялылары­ның шоғырлануы. Сол бір сын сәтте та­бандылық көрсеткен, ұлт азаттығын қорғаған, Қазақ мемлекетінің іргетасын бекітуге белсене кіріскен тұлғалар қатарында Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Манаш Қозыбаев, Сұлтан Сартаев, Сауық Тәкежанов, Қадір Мыр­за­лиев, Шерхан Мұртаза сынды асылдар болды. Сол тұста ұлт рухания­тының бет­кеұстар зиялылары Нұрсұлтан Назарбаевты саяси Көшбасшы ретінде мойындап, оның маңайына ұлттың ұйысуына үлкен ықпалын тигізді. Олар халық арасынан қайнап шыққан ғалымдар, ақын-жазушылар, заңгерлер, қолынан іс келетін кәсіби мамандар болатын. Нәтижесінде, ұлт тарихындағы теңдесі жоқ құбылыс – Тәуелсіз Қазақ елі, ұлттық мемлекет өмірге келді. Бұл – ақыл мен парасаттың, білім мен табанды­лықтың, отансүйгіштік пен ұлтжанды­лық­тың, ауызбіршіліктің же­місі еді. 
Заманның заңғар ғалымның бірегейі Салық Зимановтың дәлелді де ұтымды ғылыми тұжырымдары тәуелсіз Қа­зақстанның заңнамалық негіздерін қалыптастыруда Н.Назарбаевтың әрда­йым назарында болып, оның ақыл-кеңестеріне үнемі жүгініп отырғаны белгілі. Мысалы, С.Зимановтың Прези­дентпен соңғы кездесулерінің біріне арқау болған мәселе: қылмыстық-процессуалдық тәжірибеде сотқа дейінгі тексеру кезеңінің (арнайы тергеу сатысы) болуы қажеттілігі қазіргі құқық қорғау саласындағы реформаларға аса құнды өзге­рістер әкелгені белгілі. Бұл – Н.Назар­баевтың ғылымды бағалауының, ғалымның әуелетін дұрыс бағытта пайдалану шеберлігінің және бір дәлелі болса керек. (Академик С.Зимановтың шәкірті, заң ғылымдарының докторы Н.Турецкийдің естелігінен). 
Тәуелсіздік декларациясын қабыл­дау күндерін есіне алған ғалым Жабайхан Әбділдинмен болған кезекті сұхбатта былай деген: «Егер де сол тұста қателік­ке ұрынсақ, тарих алдында, болашақ ұрпақ алдында кінәлі болатынымызды шын жүректен әрқайсымыз да сезіндік». Ұлт қазы­насындағы бірегей тұлға, әлемде танымал ғалымның бұл сөз төркініне байыппен қарасақ, Тұңғыш Президент командасының сол бір сын сағаттағы патриоттық рухына, олардың әрқай­сысының ел тәуелсіздігі жолына ба­ғыштаған бүкіл адами қасиетіне, асқан даналығы мен данышпандығына тамсанасың. Олар өзінің туған халқына деген перзенттік борышын адал атқару­дың теңдесі жоқ үлгісін көрсетті. Бұл жөнінде Ж.Әбділдиннің мына ой-тұжырымына назар аударыңыз: «Батыр бабаларымыз «білектің күшімен, най­заның ұшымен» жерін қорғап, ұрпағына аманат еткен елге жат жұртты енгізбеген. Біз декларацияны қабылдау кезінде «мемле­кеттік» деген мәселеге басты назар аудардық. Мысалға, унитарлы мемлекет туралы қағиданы айтсақ та жеткілікті. Тәуелсіз қазақ елі – ұлттық мемлекет. Қазақтың бір қуанарлық жайы – біздің жерімізде қазақтан басқа ұлт болмаған. Онда басқа мемлекет болған емес. Қазақ жеріне басқа елдің ортақтығы тарихи құжаттарда кезікпейді, еліміздің аума­ғында басқа ұлттың жері болмаған. Осы тұрғыдан дәлелденген ғылыми тұжырым – Қазақстанның ұлттық мем­лекеттік мәртебесін мәңгілікке шешіп берді. Енді оған ешкімнің таласуға құқы жоқ» («Әлеумет тынысы», №2 – 2011).
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев­пен болған әңгімелесу сәтіндегі әлемге әйгілі композитор ағамыз: «Маған әріп­тес­терім: «Біз Президенттің қабылдауын­да бол­ғанда 15 минуттан көп ұстамайды, сен барсаң – сағаттап шықпай қоясың, соншама не айта бересіңдер?» дейді. Оларға: «Президентке халықтың, елдің мәселесін айтамын. Мәдениеттің бүгінгі жағдайы, оны өркендету жолдары, білікті мамандар дайындау жолдары, әсіресе киноматографты дамыту, оған не жетіспейді, өнер адамдарын қолдау, олардың мұқтажын шешу жол­ын сөйлесеміз. Нұрекең өзі әр кез­десуде өте көп сұрақтар қояды, соларға жауап бе­ремін» деген сөздері жадымда сақталып қалды. Бұл – Тәуелсіздіктің 20 жылды­ғына арналған салтанатты жиында Пре­зидент Н.Назарбаевтың баяндамасын бірге тыңдап, бір көлікте ағамызбен бірге қайтып келе жатқандағы қызықты да тағылымды әңгімелесудің бір үзігі ғана. Жалпы, зиялы қауымның қай-қайсысын тыңдасақ та, олардың Елба­сына деген ілтипатын, құр­метін көресің, оған үлкен сенімділікпен қа­рап, барынша қолдау көр­сетуге дайын тұратындығына сүй­сінесің. 

Ұлыларды ұлықтау, халықтың рухани қазынасын бағалау
Дәлел ретінде төмендегі тарихтан белгілі жайттарды келтірейік.
Н.Назарбаевтың талабының арқа­сында Бауыржан Момышұлына 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілді. Шешім 1990 жылдың 11 желтоқсан күні шықты. Медаль нөмірі 11637 (http://bap.prokuror.kz/). Бұл жаңалықты бұқаралық ақпарат құралдары сол кезде жарыса жазды. Солардың бірінде мынандай жолдар бар: «... Баукең көзі тірісінде Кеңес Одағы Батырының Алтын жұлдызын кеудесіне жарқырата таға алмай дүниеден өтті. Заман алмасты, басшылар ауысты. Ел тілегі қабыл болып, 1989 жылдың маусымында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің тізгінін әлі елуге де толмаған Нұрсұлтан Назарбаев ұстады. Міне, сол Н.Назар­баев­тың табанды талап қоя білу қасиетінің арқасында, 1990 жылдың 11 желтоқ­санында қазақтың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлына Кеңес Ода­ғының Батыры атағы берілді».
Бибігүл Төлегенова Социалистік Еңбек Ері атағын КСРО тарихында соңғы болып иемденді. Бибігүл Төлегеноваға ең жоғары атақ беру туралы жарлыққа Михаил Горбачев 1991 жылы 21 желтоқ­санда Одақ тарардың дәл алдында қол қойды. Шын мәнісінде, бұл атақ Нұрсұлтан Назарбаевқа берілуі тиіс еді. Горбачев одан: «Соңғы сәтте сіз үшін не істейін? Мүмкін, Социалистік Еңбек Ері атағын берермін?» деп сұрапты. Сонда әншінің айтуынша, Президент оған: «Қазақстанда бұл атаққа менен гөрі лайықты адамдар бар!» деп жауап берген екен.
Тұңғыш Президенттің Шәмші Қал­даяқовқа деген ықыласы өте зор болды. Оны үш жағдайдан аңғаруға болады. Біріншісі, 1991 жылдың 21 желтоқса­нында, Қазақстан тәуелсіздігін енді ғана алған шақта, Елбасы жарлығымен Ш.Қалдаяқовқа Халық әртісі деген атақ берілді. Ол кезде ауруханада жатқан Шәмші Қалдаяқов бар болғаны 58-ақ күн бұл атақты ұстап жүре алды. 58 күннен кейін қайтыс болды. Екіншісі, 2006 жылдың 7 қаңтарында Президент жарлығымен «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттің әнұраны болып бекітілді. Үшінші жағдай, Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылдың 18 қазанындағы жарлы­ғымен Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» әндер жинағына Мемлекеттік сыйлық берілді. Қазақстан тарихында өмірден өткен төрт-ақ адамға мұндай сыйлық берілген: Мұқағали Мақатаевқа, Асқар Сүлейменовке, Шәмші Қалдая­қовқа және Жұмекен Нәжімеденовке.
2009 жылы 15 желтоқсанда Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залының салтанатты ашылуында Нұрсұлтан Назарбаев сахнаға КСРО мен Қазақстан­ның халық әртісі, профессор, Социа­листік Еңбек Ері Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаевты алып шығып, оған балаша еркелеп айтқан сөздері әлі күнге көзіміздің алдында. «Ереке, сіз шетелдегі бір сахнада ән шырқағанымда, төрт жағымның бәрінде түгел көрермен отырды. Ондай сахнаны бұрын-соңды көрмеген едім» деп едіңіз. Енді сондай сахнасы бар концерт залын өзімізде де салдық. Қалай, ұнайды ма? Дұрыс па?» деп әлемге әйгілі өнер қайраткерінің бата­сын алғандай, жарасымды рәсім жасағаны – мағынасы тереңде жатқан кемеңгерлік пен тектіліктің үлгісіндей сүйкімді де әсерлі көрініс болды. Бұл – жастар үшін теңдесі жоқ көрнекі тәрбие мектебі болды деген әсерде болдық сол жолы.
Жастарға жігер берді, олардың дарынын ұштады
2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевтің мына бір естелігінің өзіндік салмағы, тәрбиелік мәні бар дүние деп қарауға әбден болады. «Бейжің Олимпиадасының жеңімпаз­дарын Қазақстан Президентінің мара­паттау сәтінде мен спортшылардың артына қарай, тасада тұрдым. Себебі, онда ешқандай орын ала алмадым, елге құр қол оралдым. Өзімді оған кінәлі санадым, сол үшін қатты ұялдым. Сол кезде Президент мені алдыңғы қатарға шақырып алып: «Сен неге артта тұрсың, бері кел! Жігерлі бол, сен келесі Олим­пиадада жеңесің!» деді. Бұл сөздер маған қанат бітіргендей болды. Тыңбай еңбектендім, сенімді ақтау үшін, жеңіс үшін барымды салдым».
Ал 2014 жылы Елбасының бастама­сымен алғаш рет елімізде өткізілген жарасымды мереке – «Мерейлі отбасы» жарысының Қарағанды облысы бойынша жеңімпазы, үш баланың әкесі Прези­денттің қолынан темір тұлпар алған сәтінде, біздің журнал тілшісінің «дәл қазір қандай сезімде тұрсыз?» деген сұрағына Серік Сәпиев былай деп жауап берді: «Бүгін әлемдегі ең бақытты жанмын. Себебі, менің әкем мен анамның көптен аңсаған арманы орындалды: олар Президенттің қолын алып, өздерінің алғысын білдірді» дегені биязы мінезді, сыпайы ұлымыздың отбасылық құндылығын бойына осын­шалық терең дарытқанына, оның ата-анаға деген құрметіне тәнті болдық. Ең бастысы: 
С.Сәпиевтің өз отанының алдындағы перзенттік борышына деген адалдығы Елбасының оған артқан сенімінен бастау алғанын толық түсінгені және оны мақтан тұтатыны.
Осылайша, Тұңғыш Президент тағы­лымын бағыттар мен тармақтарға жіктеп одан әрі жалғастыра беруге болады. Өйткені, қазақ тарихындағы дара тұл­ғалар, заманның озық ойлы көшбастаған тума таланттары әрқашан өзгеге үлгі, үлкен тәрбие нысаны болулары – дәстүрлі құбылыс. Ата-бабаларының аманатын арқалаған, Тәуелсіздікті аңсаған халықты оған жетер сара жолға жұмылдыра білген Ел Президентінің өмір жолы – пат­риот­тық рухтың шыңдалу мектебінің өзіндік үлгісін құраса керек.
Қорыта айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының тұлғалық ерекшеліктерін, әсіресе, жас жеткін­шектер тәрбиесінде тағылымы мол өмір мектебі деп қабылдауға әбден негіз бар. Бүгінгі Қазақстан азаматтарына ортақ құндылық: Тәуелсіздік және оның идео­логиялық діңгегі – Мәңгілік ел ұлттық идеясы. Осы тұрғыдан алғанда, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғалық қасиеттері жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің көрнекті құралы ретінде қабылдаудың маңыздылығын және оны бұқара халық арасында кеңінен наси­хаттау қажеттілігін баса назарға алған маңызды. 

Қамажан ЖҰМАҚАСОВА,
«Әлеумет тынысы» журналының бас редакторы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары