$ 447.4  477.55  4.76

Мәңгілік ел болуға бастаған күн

Тәуелсіз Қазақ елінің тарихы сол елдің екі тізгін, бір шылбырын өз қолына ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, бұған керісінше Елбасының тағдыры қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Бұл қос тағдыр – тұтас бір халықтың тағдыры!

«Әлемді жүрегіне сыйғызған» атты кі­табымда айтылған осы бір ой-пікірімді одан әрі тарқата сөйлеудің тағы бір реті келіп тұрған сыңайлы. Мұны уақыттың өзі айтқызғалы тұр. 2011 жылы желтоқсан айының 10-жұлдызында Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Парламентінің Сенаты «Қа­зақстан Республикасындағы мере­келер туралы» заңға толықтырулар мен өзге­ріс­тер енгізу арқылы 1 жел­тоқ­санды Тұңғыш Президент күні есебінде белгілеп, бұл күн мемлекеттік мерекелер санатына қосылған бо­латын.
Өз тәуелсіздігіне жиырма бес жыл болған  кезеңнен бері егемен ел болуды қа­лып­тастырған және де қалыптас­тырып қана қоймай, тарихтың осы бір аса қысқа мерзімінде өзін әлемге таныта алған мем­лекеттің ендігі тарихынан бұл күн, яғни желтоқсанның 1-і ойып тұрып өз орнын алуы керек еді. Солай болды да! 
Көне тарихтың әлмисақтан бергі қағи­даларына саяр болсақ, тіршілік жарал­ғаннан кейінгі бар оқиғалардың басында тұлғалар тұрған. Енді Қазақ елінің ғасыр­лар бойы арман болған тәуелсіздігін және соған жету жолында бірнеше ғасыр­дың жүздеген жылдарының қасіреті мен зо­балаңын, тар жол, тайғақ кешуін басынан өткерген ха­лық­тың тағдырын анықтап, тұтас бір елдің, тұтас бір халық­тың сол тәуелсіздігін өзі жариялап, сол тәуелсіз­діктің көк байрағын өз қолы­мен тұңғыш көтерген Қазақстан Респуб­ли­к­асының Президенті Нұрсұлтан Назар­баев сынды тарихи тұлғаның ерлігі мен ұлылығы қазақ тарихының ғана емес, жалпы адамзат баласы тарихының бетте­ріне алтын әріп­тер­мен жазылып қойыл­ғаны бар.

Біз күшті президенттік мемлекет құру таңдауын өте дұрыс жаса­ғанымыз­ды ел тәуелсіздігінің әр жылдарының әр кезең­дерінде айқын сезініп келе жатырмыз. Ең әуелі «бас-басына би болудан» ада тұрдық та, бұл еліміздің әлемдік дағдарыстардың ең бір ауыр да сындарлы кезеңдерінде тұ-рақ­ты дамуын қамтамасыз етуге зор ық­палын тигізді, әлі де тигізіп келе жатыр. Қазақ­стандағы президенттік билік жүйесі 1990 жылғы 24 сәуірде енгізілді де, 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш рет прези­дент сайлауы өткізілді. Сөйтіп, біз барша қазақстан­дықтар өз президентімізді өзіміз сайлап алу құ­қымызды тұңғыш рет жүзеге асырдық та, еліміздің демо­кратиялық қағидаларға берік екендігін әлем алдында тағы да бір көрсетіп берген едік.

Сөйтіп, 1 желтоқсан – тұңғыш прези­дент сайлауында Қазақстан Республика­сы­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың барша қазақстандықтардың зор се­німіне ие болған күні. Тұтас ел мен халық­тың сеніміне ие болу арқылы Елбасы өзіне жүктелген бар жауап­кершілікті айқын сезіне отырып, өз елі мен халқының тағды­рын анықтауда өзінің перзенттік те, пре­зиденттік те борышын адал атқарып келеді. «Қазақ елін, қазақ деген ұлтты әлем ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен таныды. Бұл – тарихи ақиқат» деген немесе «Назарбаев нені де болса елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді!» деген бұдан бұрын айтқан ойларымызды тағы да бір қай­та­лаймыз, Елбасының Қазақ елі тарихындағы аса маңызды орнын қазір де, болашақта да анық­тап тұратын бір күн қазақ тарихында бол­уы керек еді, сол бір күн 1 жел­тоқсан бо­лып күнтізбелік тарих­тың жылдар жыл­на­м­а­сынан орын алды.
Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың Қазақ елін мәңгілік ел ету арман-мүддесінің жүзеге асырыла бастаған күні деп те қастерлеуге тиістіміз. Өйткені мәңгілік ел болу бүгінгі біздің де және бізге дейінгі де талай бір ғасырлар иініндегі «Елім-айлап» өткен ата-баба­лары­мыздың да аңсар арманы мен зар тілегі де болатын. Елбасы Нұрсұлтан На­зар­­баевтың мәңгілік ел құру жөніндегі осы ойы мен арман-мүддесінің тарихи маңыз­дылығын – біз толық сезіне алып отырмыз ба? Елордасы Астана қаласында «Мәңгілік ел» монументті қақпасы неге тұр­ғызылды? Қазір біздің әрқайсымызды осы бір сауалдар ойлан­ды­руы керек те, біздің соған деген өз жауа­бымыз әр көкі­ректе сайрап тұруға тиісті. Елбасы арқа­ла­ған ел жүгін бірге көтеру және де ел бір­лігін сақтау арқылы біз өзі­міздің мәңгілік ел бола алатындығы­мызды күн сайынғы ісімізбен де, білім, білікті­лігімізбен де, еңбек еткіш қабілеті­мізбен де көрсете білер кез қазір. Нұрсұлтан Назарба­ев өзінің прези­денттік қызметінде Қазақ елін мәңгілік ел етудің барлық жағ­дайларын да, соның барлық алғы­шарт­тарын да жасап берді, әлі де жасап келеді деп тұжырым жасауға болар еді. Сол мәң­гілік ел болудың бір алғышарты болып саналатын «Қазақ­стан– 2030» стра­тегиясы Елбасының алысты аңдаған, болашақты болжаған, келе­шек­ке көре­генділікпен көз тіккен, бүгі­німізге бел шешіп, ертеңімізге ең­семізді тіктеп барар жолымыз еді. Со­лай бол­ды және солай болып та келе жатыр!
Біз 1 желтоқсанды Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қазақ елін әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қосу және бәсекеге қабілетті бо­луға бастаған күні деп те санаймыз. Бұл Елбасының бағзы көшпенділердің тағдыр­лы тарихтың қилы-қилы кезең­дерінің тауқымет құдығының суын ішіп, ащы сортаңының сорын кешкен, зобалаң жылдардың зарын тартқан, таршылықтан тарылып тұралаған, жоқтықтан ашығып бұратылған, жазық­сыз жараланған, айып­сыз айдалған бүгінгі ұрпақтары, мына бізді мына дүбірлі әлем­нің аламанына қосқан қайырлы күні деп те білеміз. Бүгінгі бі­ре­гей дүниенің біртұтас экономикалық жүйесінде Нұрсұлтан Назарбаев талмай таңдап та, дұрыс та, ұтымды да етіп қалып­тастыра білген Қазақстанның өзіндік даму жолы небір сындарлы кезең­дерде өзінің өмір­шеңдігін көрсетіп те бере алды. Әлем­дік эко­номиканың іргесін қайта-қай­та шайқап тұрған бүгінгі қаржы дағдарысына дес бермей келе жатқан Қазақстанның қазіргі жағдайы бізге осы­ны айтқызады. Бұған дейін экономи­калық әлеуеті жөні­нен еш­кімге жа­лынан ұстатпайды дейтін Еуро­паның біраз елдері абдырап та, дағдарып та қалған осы бір тұста Қазақстан Прези­ден­тінің елді инно­вациялық және индус­трия­лық бағытпен дамыту бағ­дарламасын ұсынуы және де мұны ендігі Қазақстанның болашағы деп атап көр­сетуі, бұл ұлы мін­деттерге барша қазақ­стандықтарды жұмыл­дыруы манағы біз айтқан мәңгілік ел болудың жайын те­реңінен саралап, тағы да бір ойластыруы дер едік.
Біз 1 желтоқсанды Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың бұрынғы отар Қазақ елін айдай әлемге танытуға ұмтылып, сол жолда ұта да білген және әлемдік саясатқа олжа салған ұпайлы күні деп те білеміз. Қазақстанның кешегі кеңестік жүйені былай қойып, тұтас түркі әлемінде тұңғыш болып Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына төрағалық етуі және де аузын айға білеген әлемнің не бір мемлекеттері он бір жыл бойы өткізе алмай келген, сөй­тіп, арқауы босай бастаған ЕҚЫҰ-ның жетінші саммитін 2010 жылдың 1-2 жел­тоқсан күндері Қазақ елінің Астана қала­сында өткізуі және де әлемдік маңызы бар бұл тарихи шараға қатысушы­лардың Ас­тана декларациясын бірауыздан қабыл­дауы Қазақ елінің әлемдік көкжиек­тен жұлдызы­ның жарқырай жанған сәті еді. «Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшы­ларының басын қосып, мәмілеге кел­тірдік. Еуропа мен Азия ұғымын кеңейттік. Біз алдымызға қойған барлық міндетті орында­дық. Қазақстан ұйымның жаңа ғасырда дамуына серпін бере алды. Бүкіл әлем Қазақстанға басқаша көзбен қарап, біздің халқымыздың барша құнды­лықтарын көрді. Саммитті өткізу бүкіл Қазақстан халқының салтанаты, оның бірлігінің, болашаққа ұмтылысының дәлелі болды» деп Елбасының өзі атап көрсеткеніндей, бұл тарихи іс Қазақ­станның Тұңғыш Президентінің өз елін дүние жұртына сөзсіз мойындата білген тарихи жеңісі болатын. Астана саммитін өткізу арқылы Қазақ елі сан ғасырлық тарихы бар әлемнің дамыған, өркені өскен өркениетті мемлекет­терінің қатарына барып қосылып, жарқын жүзбен нық барып тұра алды деп те батыл айта аламыз. Біз сол биікке көтерілген елміз, бізді сол заң­ғар биікке алып шыққан да Елбасымыз, өзіміздің Тұңғыш Прези­ден­тіміз!
Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың ХХІ ғасырда дүние тіршілігі үшін жаһандық жаңа қатерлер бой көтере бастаған қатерлі тұста түрлі діндердің ғасырлар бойғы ізгі де жасам­паздық мол тәжірибесі мен Құдай сөзін адамзаттың бітім­гершілік пен келісімінің пәрменді құралы ретінде пайдалануды терең сезіне отырып, адам баласы жара­тылып, олардың діндері қалыптаса бас­таған кезеңдерден бермен қарай тұңғыш рет, өз ынтасымен және басшы­лығымен 2003, 2006 және 2009, 2012 жылдары қазақ жеріндегі Астана қала­сын­да Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кездесу­лерін тұрақты өткізіле бастаған және де адам­заттың жаңа мың­жыл­­дығының кон­фес­­сияаралық диалог пен кеңесіп, кез­десулер жүйесін құруға жол ашылған, өркениеттің қазақ жеріндегі тоғысуы мен табыс­у­ларының бастау алған күні деп те са­най­мыз.
Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың Кеңес Одағының ыдыра­уына байланысты дүниенің қайта бір бөлісі үшін жаңа қақтығыстар оша­ғын­дағы саясат қазаны бұрқ-сарқ қайнап, оқ атылып, жарылыстар дүмпуі естіліп жат­қан­дығына да қарамастан, қазақ жеріндегі Семей атом сынақ поли­гонын өз Жар­лы­­ғы­мен жауып, өз қолын­дағы ядро­лық қару­­дан өз еркімен бас тартуын бүгінгі адам­зат пен жалпы өркениетті ядросыз әлем құруға шақырған батыл да ізгі қадамының басталған күні деп санай отырып және өз Елбасымызды ядросыз әлем құрудың бас архитек­торы деп те әспеттейміз! Биылғы жылы «Нью-Йорк Таймстың» электрон­ды нұсқасында және «Егемен Қазақстан» газетінде (27 наурыз 2012 жыл) жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз ядролық бола­шақ­­қа жол сала отырып» атты мақала­сында: «Мен барлық елдерге төмендегіше үндеу тастағым келеді: Қазақстан тәжіри­бесі көр­сетіп отыр­ғанындай, елдер ядро­лық қарудан бас тартса, үлкен пайдаға кенеледі. Осындай оң шешіміміздің арқа­сында біздің өсіп-өркендеген және тұрақ­ты дамыған елге айналғанымызға, әлемде көптеген достар тапқанымызға, ықпа­лы­мыз­­дың да арта түскеніне мен еш күмән­даймын. Бізге өзіміздің барлық ерік-жігерімізді пайда­ланып, басқа мәселелерді шешуге және ядросыз ел­дерге өздерін қорғалып отырған­дай сезінуге көмектесуіміз керек. Бұл ядро­лық қарудың таралуын бол­дырмау­дың жалғыз жолы болса, ол өз кезегінде өлім себетін материалдың тер­ро­ршылардың қо­лына түсу ықти­мал­дылығын азайтады. Бұл – біз еш жол беруге болмайтын тәуекел. Біз, қазақ­стандықтар, ядролық қару қатері алас­талатын әлем құруға көмектесуге қол­дан келгеннің бәрін жасаймыз деп сендіре аламын», – деп айтқандығы біздің «өз Елбасымызды ядролық әлем құрудың бас архитекторы» деген пікірімізді нықтай түсті.
Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың ХХ ға­сырдың соңғы он  жыл­дығының дү­ниесi барынша өзге­рiп, сая­­си жүйесi әлi де толық  қалыптасып болмай жатқан өлiара тұста Қазақстан сияқты алып елдiң жаңа Астанасын жаңа орынға көшiрiп алып келiп, Есілдің бойына ел қондырып, алғашқы қазығынан бастап өзі қағып, бүгінгі айдынды да айбынды Ақордалы Астананы дүниеге әкелген, сөйтіп, өз елі мен өз халқына де­ген шексіз сүйіс­пен­ші­лі­гі­нің бел-гісіндей етіп қасиетті қазақ же­ріне, өз даласына тұтас әлемді қондырып, орнықтыра біл­ген, өз Астанасын өз қолы­мен салу ар­қылы біз­дің де мәңгілік ел бола алатын­дығы­мызға ең әуелі өз жұр­ты­ның да, одан қалды дүние жұртының да көздерін жеткізіп, иландыра білген бір ұлы күннің жасампаздығының салтанаты деп те танимыз! Бұл Астана тәуелсіз­діктің лүпілдеп соғып тұрған жүрегі емес пе?!
Тұңғыш Президентіміздің Қа­зақстан тарихында тұңғыш рет ел шекарасын анық­тап, оны заңдастыруы ежелгі Қазақ елінің тағдырын анық­таған көрегендігі болса, Еуразия бір­тұтас кеңістігін қалып­тас­тырудағы және Шанхай ынты­мақ­­тастық ұйымын құрудағы бас­тама­шыл­дығы жалпы әлем тыныш­тығын, адамзат бірлігін сақтап қалудағы дүниелік маңызы бар істері болатын. Сондай-ақ Қазақстан­ның Ислам Ынты­мақтастығы ұйымына төрағалық етуін де әлемнің Қазақ еліне, оның лидері Нұр­сұлтан Назарбаевқа деген алқаусыз берік сенімі деп қарағанымыз да абзал.
Біз өзіміздің Тұңғыш Президен­тіміз­дің бүгінгі дағдарыстан толқып тұрған мынау дүние дариясындағы толқынды ағыстары­ның селі мен сеңінен, дауылы мен дауынан өзінің туған елі мен халқын аман алып өту­дің бар амалын жасап та отырғандығын және де ол үшін қазір де болашақта да не іс­­теп, не қою қажеттілігін де үзбей айтып келе жатқандығына да сүйсінуге тиістіміз. Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоға­мына қарай 20 қадам» атты мақсатты сөзі­мен елді еңбек ете білуге үндеуі және Назарбаев уни­верситетінде оқыған лек­ция­­­сында да біздің ендігі тағды­рымызды білімді ұрпақтың айқын­дайтындығын айта оты­рып, тағы да интеллектуалдық ұлт қалып­тастырудың мақсатты мұратын алға тартты. Осы арада елдің жайын да, жағ­да­йын да Елбасыдай ойлайық деген бір ауыз сөздің көкейге қонғаны болды. Тарпаң да талайлы тағдыры мен тамырлы тарихы біртұтас түркі әлемі Назарбаевты өз көш­бас­шымыз деп та­нып, құрмет тұтып, ар­дақ­тап отырған Ел­басының жалпы адамзат өркениеті мен тір­шілігін сақтап қалудағы қа­дам­ды да ақыл­­ды, парасатты да пайым­ды қазіргі іс­тері бүгінгі күндеріміз ап­ты­ғып, асыққан ап­­таларға, ол қа­рай­­ламай жыл­жи отырып, ай­лар мен жыл­дарға, ғұ­мы­р­лы ғасырларға ба­рып ұласқан сайын өзі­нің мәңгілік мүд­десімен үн қатып оты­ратын болады.
Енді бүгіннен бастап бүгінгі ұрпақ та, дү­ниеге әлі де келер талай бір ұр­пақтар да та­рихи маңыздылығы жыл­дар көші ұзаған сайын терең ай­қын­далып, анықтала түсер 1 желтоқсанды Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті күні деп мәңгілік атап өтер де, бұл күнді ХХІ ғасыр­дың алып та көр­некті тұлғасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақ елін мәңгілік ел бо­луға бастаған күні деп те әспеттей бере­тін­дік­теріне де бек сенім­діміз.

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының депутаты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары