$ 448.89  477.93  4.76

Ең қуатты руханиятқа ие орта – жастар

Қазір білуге қажет жаңа ақпараттың көлемі жыл сайын 30%-ға өсіп, өзгеріп отырады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан форумда жастар алдында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов айтты.

 – Бүгінгі ілім-білім – бұл келешектегі оқу­дан әлдеқайда бөлек дүние. Бір мектеп, бір университеттің шеңберінде емес, ағы­мы қатты ақпараттық заманның әр күнінде қажет ұлы құдырет. Мысалы, қазір білуге қажет жаңа ақпараттың көлемі жыл сайын отыз пайызға өзгеріп отырады. Яғни, сіз уни­верситетті бітіремін дегенше ақпарат­тық кеңістік толығымен жаңаланып кетеді. Нәтижесінде, технология саласындағы күн сайын емес, сағат сайын болатын өзгеріс­тер­ден бір сәтке кеш қалу – ізбе-із өкшелеп ке­ле жатқан бәсекелеске орын беріп, артқа ше­гіну деген сөз, – деді. 
 Бұл тұрғыда, ол білім-ғылым саласы мем­лекет назарынан тыс қалмағанын қа­дап айтты. Оның бірден-бір куәсі ретінде жә­не ең маңызды ұлттық жобалардың бірі деп вице-министр Назарбаев университетін атап өтті. Қазірдің өзінде университеттердің оқу ісін ұйымдастыруға әлемнің ең үздік жо­ғарғы оқу орындары атсалысып, халық­аралық талапқа сай жаңа білім жүйесін қа­лыптастрып отыр. Алдағы уақытта елі­міз­дің барлық оқу ордасы осындай жүйе­ге өтетінін жеткізді.
 Сонымен қатар вице-министр жаһан­дану туралы ой қозғады. Жаһандану – еш­қашан кері қайтпайтын әлемдік құбы­лыс, оны «тоқтатамын» деген ойдың қараң­ғы­лық екеніне тоқталды.
– Жаһанданудың бізге беретін мүм­кін­д­ігі қандай болса, заңы да сондай қатал. Оған тек қана рухы биік, руханияты кең ха­лық қарсы тұра алады. Ол үшін мем­ле­кет келешегіміздің кепілі – жастарға се­нім артып отыр. Оған тек рухымыздың биік­тігімен, ұлттық тұғырымыздың берік­тігі­мен ғана қарсы тұра аламыз. Өздеріңіз бі­ле­тіндей, ең қуатты, ең сауатты руха­ният­қа ие мықты орта, ол – жастар. Бұл – қа­зір­гідей сахналарды сауық-сайран, теле­ди­дарды атыс-ойран, ғаламторды күдік пен күмән жайлаған заманда арқа сүйер жалғыз үмі­тіміз,– деді И.Тасмағамбетов жиналған жас­тарға. 
 Премьер-министрдің орынбасары жас­тардың білім алуы, кәсіби шығар­ма­шылық өсуіне жеткілікті жағдай жасау – болашаққа салынған сенімді инвестиция екенін атап өтті. Ол ел жастарының білімді болуының маңыздылығын айта келе, бұл ғасыр озық білімге, жақсы жаңалыққа ұмты­латын заман екенін нықтай айтты. Вице-министр атап өткендей, егер де адам­ның бойында білімге деген терең құл­шыныс болмаса, онда ең үздік білім жүйесі де, ең беделді жоғарғы оқу орны да, ең бі­лік­ті мұғалім де оған ештеңе үйрете алмай­ды. «Сондықтан да елдің кемел келешегі қа­зақстандықтардың сапалы білім алудағы теңдігі турасында айтқанда, Елбасы өздерің арқылы жаңа білімді меңгеріп қана қоймай, оны мемлекет игілігі үшін пайдалана білуге шақырды» деді ол. 
 Форум аясында 7 тақырыптық сұхбат алаңы ұйымдастырылды. Оның шең­берінде жас мамандарға әлеуметтік және құқықтық кепілдік беру проблемалары, жастардың ұлттық мәдениет пен дәстүрді сақтаудағы алар орны талқыланды. Аталған әрбір секция барысында қатысушылар бей­ресми форматта министрлік басшы­лары­мен кездесіп, өздерін толғандыратын проб­лемалар бойынша көзқарастарын біл­дірді. «Ол мәселелер жастардың денсау­лығы, білімінің бәсекеге қабілеттілігі, жас­тардың бизнес ортасы ерекшелігінен бас­тап, дін саласындағы рухани мәселелерге дейінгі ауқымды сұрақтар кешені» деді вице-министр. Әлемдік білім нарығы және Қазақстанның ондағы орны туралы «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы төрайымы Динара Сәдуақасова сұхбат алаңын қорытындылады.
– Соңғы жылдары Қазақстанның әлем­дік білім нарығында алып жатқан орны үлкейіп келеді. Сұхбат алаңы қорытындысы бойынша, ҚР Ғылым-білім министрлігіне қара­тылып мынадай ұсыныстар жасалды: 1) Қазақстан және шетелдік ЖОО ұйым­дарының байланыстарын кеңейту; 2) еңбек на­рығы қажет ететін мамандарды дайын­дауды ұйымдастыру; 3) оқу бағдарла­ма­сын жұмыс берушілердің қатысуымен қайта жасап шығу; 4) білім беруде үздік отандық тәжірибені үйрену және меңгеру; 5) ЖОО оқыту процестерінде студенттер рөлін кү­шейту; 6) техникалық және кәсіптік бі­лім беруде студенттердің өзін-өзі басқаруды енгізу, – деді Д.Сәдуақасова.
 Елбасының тапсырмасымен қазіргі таң­да мемлекет пен жастардың өзара кон­структивті сұхбаты үшін қолайлы жағдай жа­салған. Бұл кездесудің форматы билік пен мемлекет жастарының тығыз байланыс өрістеуін анықтауға, өзекті тақырыптарды талқылау мен пікір алмасуға жақсы мүм­кін­дік берді. 
Пленарлық отырыс барысында, ми­нистрлер жастардан келген сұрақтарға ті­келей жауап беріп, ұсыныс-шағымдарын қа­былдады. 
Айта кетейік, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйымдастырған форум Қ­азақстанның бүгінгі жастарын алаң­да­татын мәселелердің шешу жолдарын іздеу­ге бағытталған. Ағымдағы жыл басынан бері облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында өңірлік жастар фору­мы өтіп, белсенді, шығармашыл, сон­дай-ақ республикалық жастар ұйымдары мен азаматтық қоғам институттары өкілдерінен құралған депуттаттар сайланды.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН, Айқын

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары