$ 448.89  477.93  4.76

Жиырма бес жылдыққа жұмыссыздықпен күрес

Ел тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы аясында Шымкенттегі «Бейнелеу өнері» мұражайында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға қала аумағынан 248 кәсіпорын қатысты. Аталмыш мекемелер екі қолға бір күрек іздеген азаматтармен жүзбе-жүз кездесіп,өз талаптары мен мүмкіндіктерін таныстырды.Атап өткен жөн,биыл мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды.

Жылдық жоспарға сәйкес, бір жыл ішінде 4443 азамат жұмыспен қамтылған. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Асылжан Жамалбековтың айтуынша, 1160 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан. 2070 түлек «жастар практикасы» бағдарламасы негізінде, ал 160 жан кәсіби оқыту бағдарламасы аясында жұмысқа орналасты.

Егемен ел болып қалыптасқалы Қазақстанда жұмыссыздықты жоюға бағытталған айтулы шаралар қолға алынып, бағдарламалар жүйелі жұмыс істеуде. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында осындай игі шаралар көптеген жан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Мәселен, бүгінгі өткен жәрмеңке барысында зейнет жасына таяп, жұмыссыз қалған жетпіс жан қайта қосымша оқуға жіберілді. Жетпіс жұмыссыз жерлесіміз қайта қосымша оқуға, ал бес жүзге жуық азаматты қоғамдық жұмыстарға жолдау жоспарланып отыр. Мұндай шарапаты мол шаралар қазіргі таңда ауыл-аймақтарды да қамтуда. Мақсат айқын. Мүдде бір. Қарапайым халықтың әл-ауқатын көтеру жолындағы бастамалар мұнымен тоқтап қалмақ емес.

Айта кетейік, 21 қарашадан бастап Оңтүстік Қазақстан облысында еліміздің басқа өңірлеріндегідей Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ - ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 НЕГІЗІ» атты 25 жұлдызды күн акциясы бастау алды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары