$ 441.8  480.02  4.88

Астанада Қазақстан зергерлерінің бірінші форумы өтті

Астанада «Ару-Астана-2016» халықаралық мамандандырылған зергерлік көрме аясында Қазақстан зергерлерінің бірінші форумы өтті. Форумға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «NADLoC» жергілікті қамтуды дамыту бойынша ұлттық агенттігінің және Kaznex Invest экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігінің, Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы сынамалық палатасы және зергерлік сала субъектілерінің өкілдері қатысты.

Форумның негізгі мақсаты 2016 жылы бағалы металдар мен асыл тастар туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерді ескере отырып, елімізде зергерлік бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау және Қазақстан аумағында зергерлік бұйымдардың заңсыз айналымына жол бермеу үшін бірлескен шаралар әзірлеу.

Форумда ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау «Зергерлік салада көптеген өзекті мәселелер бар, оның шешімін ортақ құжатқа жинақтау қажет. Сіздер, Қазақстан зергерлері осындай талқылауға дайын болсаңыздар, онда зергерлік саланы дамыту бойынша жол картасын әзірлеу қажет» -деп атап өтті. Сондай-ақ, зергерлік қауымдастық өкілдеріне өз араларында ортақ ұстанымдарды келісіп алу қажет деді. Альберт Рау мемлекеттік қолдау отандық әшекейлерге бағаларды төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті, бұл өз кезегінде өндірушілерге экспортқа шығуға және басқа да өнім берушілермен бәсекелесуге мүмкіндік береді.

ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Біржан Қанешев бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар айналымының міндетті талаптары туралы айтып берді.

Біржан Қанешевтің айтуынша, Комитет өңірлерде зергерлік сала субъектілері арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, біз NADLoC-пен бірлесіп зергерлік сала субъектілерін ақпараттық қолдау жөніндегі, оның ішінде қазақстандық өндірушілердің «Қазақстанда жасалған – Сделано в Казахстане» логотипін насихаттау бойынша мәселелер пысықталуда.

«Контрабандалық зергерлік бұйымдардың нақты фактілері орын алған жағдайда, тез арада мемлекеттік органдарды ақпараттандыру қажет»,- деп атап өтті ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Т. Жаңғарашев.

Сондай-ақ, шара аясында ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитеті, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті және «Қазақстан зергерлер лигасы» қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Коллаборация мақсаты - бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдардың заңсыз айналымының алдын алу үшін институционалдық негіз қалыптастыру бойынша бірлескен және келісілген іс-қимылдар жасау, сондай-ақ осы саладағы кәсіпкерліктің неғұрлым өзекті мәселелерін бірлесіп қарау және шешу болып табылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары