$ 498.51  522.84  4.81

Оңтүстікте Тәуелсіздікке арналған аспаздар байқауы жалғасты

Қазығұрт ауданы, Тұрбат елдімекенінде өткен аспаздар байқауы ел Тәуелсіздігіне арналды. Түрлі ұлт өкілдерінің тағам дайындауда шеберлігін сынаған сайыс бұл жолы ерекше ұйымдастырылды.

Дәстүрге айналған байқауда 16 аспаз бақ сынады. Әрқайсысы өздерінің ұлттық тағамдарын пісірді. Сайыскерлер достық дастарханында қазақтың – бесбармағы мен нарынын, өзбек ұлтының – палауы, ұйғырдың – гуйру лаңманы, орыс ұлтының дәруменге толы – борщы мен түріктің – долмасын бабымен дайындады. Ұлттық тағам құртаба мен жұқпа да осы сайыста әзірленіп, көнекөз қарттарды бір қуантты.

Өз сөзінде аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мейірбек Намешов «Береке бастауы – бірлік, ел іші тату – тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін мұндай шараның орны бөлек екендігін айтып, ізгі тілегін білдірді. «Өзбек» этно-мәдени орталығы аудандық бөлімшесінің жетекшісі, жазушы, еңбек ардагері Бахадүр Сабитов өзінің ниетінде ұлтаралық татулық – еліміздің үлкен жетістігі екеніне тоқталды. «Тәуелсіздік – тәңірдің берген бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінгі күнге дейін барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп келеміз. 25 жыл ішінде елдің әл-ауқаты артып, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасалынды. Сондай жұмыстардың бірі осы – ұлттар достығы мен ұрпақтар сабақтастығы»,-деді ол. Түске дейін әзір болған астан қазылар алқасы дәм татып, жеңімпаздарды анықтады. Бас жүлде жұқпа жайған көкбелдік Арай Әлімханға бұйырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары