Кезек күттірмейтін мәселесі көп ауыл-аймақтар Қазығұрт ауданында шоғырланған болатын. Жол тұрмақ, балалардың мектепке барып қатынауы мұң. 25 жылда өзекті проблемалардың түйіні тарқатылып жатыр. Ширек ғасырда қуаныштан жас алған ауыл азамттарын да саусақпен санай алмайсың...
Ұлт саулығын ойлаған Елбасы өз стратегияларында «100 мектеп, 100 аурухана» салуды тапсырды. Мұның шапағатын көрген аудандар қатарында қазығұрттықтарды бірінші кезіктіресің. Тәуелсіздік жылдары 32 мектеп, 7 балабақша салынған. 1 аудандық амбулатория мен аурухана, 9 фельдшерлік-акушерлік және 9 медициналық тіректердің құрылысы іргетасынан бастап қаланды. Бұған шаттанған халықты, марқайған елді көресің. Аудан әкімі Төлеген Телғараевтың айтуынша, Қазығұртта 2001-2016 жылдар аралығында 18.3 млрд теңгеге 131 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілген.
Оның ішінде: 2 спорт кешені, 3 кіші футбол алаңшасы, 37 елдімекенге ірі қараны қолдан ұрықтандыру, 36 мал тоғыту бекеті, 50 тұрғын үй мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы пайдалануға берілді. Туризм саласын дамытуды қолға алған аудан басшылығы «Батыс Еуропа – батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәліздің «Шымкент - Ташкент» учаскесі бойындағы «Кемеқалған» монументіне, «Ақбура», «Ысмайл ата» кесенелеріне және Өгем тауларына туристік бағыттар белгіленгенін айтады.
Қазақстан 25 жылда аяқтан қаз тұрды. Шалғай жатқан елдімекендердің өзі қала тіршілігіне бейімделіп, бар жағдайы жасалынып келеді. Шыдамдылық болса, 2050 жылға дейін көптеген мәселенің шешімі табылатын болады. Бастысы ешкімге бүгежеңдемей, ауызбірлікпен алға қойған мақсатты бағындыру қажет. Сонда ғана Қазақстан Мәңгілік ел боп салтанат құрмақ.