$ 498.34  519.72  4.85

Түлкібасты түлеткен тәуелсіздік

Түлкібас аудандық мәдениет сарайында Тәуелсіздік жетістіктерін паш еткен танымдық көрме кешені ұйымдастырылды. Шара барысында Қазақ елінің ширек ғасырда жасаған әрбір қадамы қабырғаға ілінген көрнекі үгіттерден айқын көрінді.

Облыс, республика көлемінде атқарылып жатқан толағай табыстар қарапайым көріністермен берілген. Тәуелсіздік - қасиетті ұғым. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың бастауы. Халықтың баға жетпес байлығы. Тәуелсіздік – мемлекеттік тілдің, дәстүрдің, салт-сананың алтын діңгегі. Тәуелсіздік – арман! Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша арман бар. Сол арманға қазақ жетті. Осының барлығын суретпен сөйлетіп, тарихи даталарды айшықтаған көрмені аудан әкімі Әуелхан Тұрғымбеков аралап көріп шықты. Айтулы мерекемен жиылған жұртты құттықтап, осы сәтте атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жасады. Ауыз толтырып айтқан жетістіктері де көп болды. Әсіресе, халық санының өскеніне жан-жақты тоқталған Әуелхан Тұрғымбеков 1991 жылдары ауданда 84 мың ғана адам тіркелсе, бұл көрсеткіштің бүгінде 110 мыңға артқанын айтып өтті.

«Бұдан бөлек құрылыс жұмыстарының жылдан жылға қарқын алып отырғаны баршаға аян. Мәдениет, балабақша, спорт кешендерінің ел игілігіне берілгені Тәуелсіздіктің арқасы», - деді ол.

Бұдан кейін сөз алған славян этномәдени орталығының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты С. Скляров толеранттылықты ту еткен Елбасының дара саясатына тоқталды. Ал, «Замир» қоғамдық бірлестігінің басшысы Р.Егембердиев тәуелсіздік жылдары рөлі артқан қоғамдық ұйымдардың жұмыстарына есеп берді. Шара соңы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары