ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында «Жастар» саябағы ашылды. Мұндай қуанышқа Ескі Шілік ауылының тұрғындары түгел жиналды. Жұртын жағымды жаңалықтармен марқайтып жүрген аудан әкімі Ерлан Айтаханов бабалар аңсаған бейбіт өмірдің өрнекті тұстарын тізбектеді. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
- Ширек ғасыр – тарих үшін қас-қағым сәт. Алайда, біздің Тәуелсіз жас мемлекетіміз осындай қысқа мерзімде толағай табыстарға жетіп отыр. Мемлекет қолдауының арқасында жүзеге асқан сан түрлі бағдарламаларымыз бар, солардың бірі - «100 мектеп, 100 аурухана». Үш ауысымда оқитын балалардың санын азайтып, саманнан соғылған мектептерді, тозығы жеткен білім ұяларын, емханалар мен тірек пункттары жоқ елді мекендерде медициналық нысандарды салу үшін тиімді жүзеге асқан жоба. Қалаларда ғана емес, шалғай жатқан ауылдың көркеюіне де ықпал етті. «Еліміздің ертеңі-бүгінгі жастар» - дегенді Елбасымыз үнемі айтып келеді. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу – Президент Н.Ә.Назарбавтың басты мақсаты. Ал, бұған жастар терең білім алуымен, ізденімпаз, тәрбиелілігімен үн қоса алады. Көптен бергі жоспарда болған саябақты, мемлекетіміз үшін байлыққа бергісіз Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, арнайы ашып отырмыз. Тағы да Тәуелсіздік құтты болсын!, - деді Отырар ауданының басшысы Е.Айтханов.
Айта кетерлігі, саябақтың іші бұрыннан өсіп тұрған сәндік ағаштарымен ерекше. Бір сәтке дамылдасаң, таза ауамен демалып, тынығып қаласың. Жаңадан төселген аяқ жол, орындықтар, әр мерекеде концерт өткізетін сахнасы да талапқа сәйкестендірілген.