Тәуелсіздік жылдары мақтаралдықтарға да толағай табыс әкелді. Аудан экономикасы ақ алтын есебінен ондаған есеге артып, өндіріс өркен жайды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында халықтың тұрмысы түзеліп, шағын және орта бизнестің өрісі кеңейген. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Исмаилов мәлімдеді.
Азаттық жылдары еліміздің кез-келген аймағына ажар берді. Жалпы, ішкі өнім көлемі артып, бюджет бүйірі томпайды. Мәселен, Мақтаралда 1991 жылы өңірдің өнімі 6 миллион теңге болса, бүгінде бұл көрсеткіш 176 пайызға өскен. Инвестиция көлемі 280 мың теңгеден 5 миллиард 690 миллион теңгеге жетті. Бюджет түсімі де ауыз толтырып айтарлықтай.
25 жыл ішінде Мақтаралда 54 білім беру нысандары бой тіктеді. Оның 49-ы – мектеп. 5-еуі – балабақша. Апатты білім ошақтарын қайта жөндеп, кәсіпкерлердің есебінен бөбекжайлардың санын арттыру да күн тәртібінен түскен емес. Бұқараның бас ауруына айналған оқушылардың тасымалы да оңтайлы шешімін тауып отыр.
Мақталы өлкеде биыл ақ мамықтан түскен табыс көзі де біршама. 91-ші жылға дейін дихандар ешқандай да инновациялық технологияның көмегінсіз өнім алса, 2011 жылдан бері тамшылатып суару арқасында іс өнді. Тәуелсіздікпен бірге түлеп келе жатқан аймақта жылыжайлардың саны артып, шаруалардың тұрмысы түзелген.
ҒАЛЫМ ИСМАИЛОВ – МАҚТАРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы біз үшін үлкен белестерді бағындырған жыл болды. Ауданымыз адам танымастай өзгерді. Көптеген әлеуметтік жобалар әлденді. Болашақта талай жұмыстар атқарылатын болады.