Тәуелсіздік жолында Қазақ елінің сан ғасырлық тарих бар. Қазақ елі ерлік пен елдіктің арқасында бірлігін сақтай отырып, бүгін бейбіт күнге жетті. Думанды той дүбірі Оңтүстікте айрықша сезіледі. Өңірде «Ұлы дала елі – тәуелсіздіктің 25 негізі» атты мерейтойлық акция жүріп жатқаны белгілі. Бүгін - жұлдызды 25 күннің 21-шісі. Яғни, «Мәдениет және руханият» күні.
Айтулы датаға орай Шымкенттегі «Оңтүстік-цирк» ғимаратында ауқымды шара ұйымдастырылды. Онда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәдениет және руханият саласына еңбегі сіңген бірқатар азаматтарды марапаттады. Салтанаты мен сәні, маңызы мен мәні үйлесім тапқан мәдени шара Оңтүстіктегі өнер мекемелерінің 300 қызметкерінен құралған өнерпаздардың айрықша бағдарламасымен басталды. Құманғазының «Сарыарқасы» мен Шәмшінің «Отанын» орындағандарға ел ерекше ілтипат көрсетті.
Тәуелсіздік тойы. Қазақ үшін қаққан қазықтай бекем, тұғыры биік, қасиеті жоғары, қадірлі мереке. Ел күнтізбесіндегі ең қастерлі күн. Алқалы жиынның әлқисса сөзін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сөйледі. Өңір басшысы ұлт үшін ұлық мерекемен елді құттықтады. Тәуелсіздік тарихынан тағылым түюге үндеді. Бұл күні ұлттық рухымыздың қуатын, елдік пен ерлігіміздің мұратын айшықты еткендер, дәлірек айтсақ, мәдениет және руханият белсенділері сый-құрметке бөленді. Олар отар ел болып, озбыр көрген шақта ұлттық мүдде, ұлттық рух, қазақы қалыптың жоғалып кетпеуіне үлес қосты. Халық санасына мәдениеттің мәйегін екті. Қазақ қоғамының рухани арбасын алға сүйреді.
Облыс әкімінің арнайы сыйлығы Қазақстан қаймақтарына бұйырды. Марапат иелерінің әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаты берілді. «Оңтүстік цирк» ұжымы да мерейлі мереке қарсаңында олжалы. Облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы цирк қызметкерлерінің еселі еңбегін ескеріп, су жаңа «Мерседес Миг» автокөлігін сыйға тартты. Шара соңында түстік өңірдің барша зиялы қауым өкілдері мен мәдениет қызметкерлерінің атынан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған құттықтау хат оқылды.