$ 445.66  474.58  4.78

Оңтүстікте отбасы құндылықтары насихатталды

ОҚО, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылдық мәдениет үйінде «Отбасы, тәрбие, имандылық, жарқын болашағымыздың кепілі» атты семинар өтті. Оған ауданның аузы дуалы ақсақалдары мен келінін ибалы, қызын инабатты етіп тәрбиелеп отырған ақжаулықты аналар қатысты.

Отбасылық құндылықтарды насихаттаған шараның негізгі мақсаты Тәуелсіз елдің тірегі болар жанұя махаббатын ұғындыру. Құрғақ сөз, ауызекі әңгімемен үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген жоқ. Самайларын ақ басқан әжелер ұлттың ұйытқысы болар дәстүрлерді дәріптеп, салтты жаңғыртқан сахналық қойылымдарды қойды. Өзара бақ сынасты, аудан көреген, мықөты, дана әжесін таңдады.

Бұдан соң «мәдениет және руханият» деп тебіренген аға буын өкілдері «Өнерімен өмірге өрнек салған» шығармашылық кездесуде басқосты. Әсерлі өткен кеште «Астана» медалінің иегері Ғ.Масаурова жастарға өнер жолындағы қызықты әңгімелерімен бөлісті. Кездесуді мәдениет үйінің әдіскері Б.Оспанова жүргізіп отырды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған тағылымды шаралар мұнымен шектелмейді. Жеті күнде жеті түрлі атаумен өнегелі жүздесулер, сырласулар, сұқбаттасулар ұйымдастырылып тұр. Жастардың шеберлігін шыңдаған шараның бір парасы мектеп оқушылары арасында да өткізілді. «Жетістік тарихы» деген атаумен Бәйдібектегі әр білім ошағында семинар сабақтары болды. Жалпыға ортақ еңбек қоғамын дәріптеген ұстаздар бүгінгі ұрпақ санасына мейлінше батыл, дербес, еркін және ашық әлемде шынайы болуға үйретті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары