$ 443.85  474.3  4.8

Тәуелсіздік жылнамасы: туыс елдер президенттері Түркістанда

Тоқсан үштің сәуірі болатын. Түркия елінің президенті Тұрғыт Озал Қазақстанға ресми сапармен келеді дегенді естісімен-ақ шымкенттіктер қадірлі қонағын қарсы алуға кіріскен. Өйткені, біртұтастықты ту етіп, бір болуды арман еткен түркілердің ата-баба мекені, қасиетті Түркістанға табан тіремей, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәу етпей кетуі мүмкін бе?!

Шымкентке келген туысқан екі елдің Президенттерін қарсы алған сол кездегі облыс әкімі Марс Үркімбаев, халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы Рашид Ыбраев аттың басын бірден Түркістанға бұрған. Сол жолы қос Президент қасиетті кесененің табалдырығын әдемі ғұрып, өзіндік жөн-жоралғымен аттады. Тұп-тура кесененің керегесі алдында ақсары бас қой құрбандыққа шалынып, әруақтарға арнап құран оқылды. Сосын ғана қазақтың Нұрсұлтаны мен түріктің Тұрғыты кесенеге енген. Жамағатханадағы тайқазанға садақа салып, үлкен-кіші ақсарайларды аралаған. Бұл әрине, Түркістанда болып жатқан, кейіннен тарих беттеріне айналған қайталанбас сәттер болатын.

Бүкіл түркі жұрты үшін киелі саналатын көне шаһар - Түркістанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің іргесінде бауырлас елдердің бірлігін нығайта түсетін тағы бір қадам жасалды. Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Түркістанға арнайы сапармен келді. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде былай деді: «Мұндай тарихи оқиғаның не Алматыда, не Ташкентте емес, киелі Түркістан шаһарында, екі халыққа бірдей қастерлі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің іргесінде өтуінде үлкен мән бар. Сонау алыс замандардың өзінде де біздің бабаларымыз тарихтың шешуші кезеңдері мен сын сағаттарында осы арада бас қосып, болашақ жөнінде осы арада пәтуаласқан. Күллі шығыс әлеуметі имандай ұйыйтын ұлы ғимараттың ішінде айтылған серт пен уәдеге болаттай берік болған. Сол дәстүрден айнымау-біздің де парызымыз. Өйткені, біздің мойынымызға тағы да заманауи заңғар жүктер артып отыр. Алда тұрған сын белестен білекке білек, жүрекке жүрек, тілекке тілек қоса білсек қана абыройлы өте аламыз». 

Түркия Республикасының Президенті Абдулла Гүл Қазақстанға ресми сапары бағдарламасын барлық түркі халқына қасиетті орын болып табылатын Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барудан бастады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдулла Гүл Түркістанға жасаған сапарларының барысында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен және профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті. Түркия Президенті Абдулла Гүл мырзаға Халықаралық қазақ-түрік университетінің Құрметті профессоры атағының берілгені туралы диплом табыс етілді. Абдулла Гүл мырза Нұрсұлтан Назарбаевқа биліктің ежелгі белгісін-аса таяқ табыс етті. «Сіз –Ұлы Ақсақалсыз. Мен мұны барша түрік елдерінің атынан, түркітілдес халықтардың көшбасшысы деп танудың белгісі ретінде айтып отырмын. Және бұл скиптер ежелгі түріктердегідей, сіздердің егемен мемлекеттеріңіздің бірінші тұлғасының белгісі болсын»,- деді А.Гүл өз сөзінде.

Одан беріде яғни өткен жылы туыс елдің басшылары тағы да Түркістанда бас қосты. Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған мырза мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қасиетті қаладағы Қ.А.Ясауи кесенесіне құран бағыштап, Түркия Республикасы тарапынан салынған жаңа мешіттің ашылу рәсіміне қатысты. Осында өңірдің зиялы қауымымен жүздескен мемлекет басшылары қос тараптың ынтымақтастығы жөнінде сөз етті.

Нұрмахан Назаров,
Материал "Шежірелі Түркістан" кітабынан алынып, толықтырылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары