$ 448.56  478.03  4.79

Мәдениет — ұлттың рухани болмысы

Мемлекетiмiздiң егемендiк алғалы берi жеткен жетiстiктерiн әлемнiң кейбiр елдерi ғасырлар бойы жүрiп өткенiне көптеп мысал келтiруге болады. Демек, бұдан 25 жыл бұрынғы өтпелi кезеңде аға буын аз еңбек еткен жоқ, ауыртпашылықты иығымен көтере бiлдi. Елiмiздiң экономикалық еңсесiн  тiктеуге барынша күш салған алғашқы қиын жылдарда мәдениет, өнер саласы кенжелеп қалғанын көз көрдi.  Алайда,  арада небәрi он жыл өтер-өтпес уақытта-ақ бұл олқылықтың орны тола бастады. 2000 жыл  «Мәдениеттi қолдау жылы» деп жарияланғаннан кейiн-ақ  елiмiз өз руханиятымен қайта қауышқандай.

Күнi кешегiдей есiмiзде, осы жылы қазақ халқының ғана емес, әлемдегi барлық түркi халықтарының киелi мекенi — Түркiстан шаһарының 1500 жылдығы үлкен сән-салтанатпен  атап өтiлдi.  Қаладағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнен бастап көптеген  мәдениет пен сәулет ескерткiштерi күрделi жөндеуден өткiзiлiп, жаңартылды. Мың жарым жылдық тарих ЮНЕСКО деңгейiнде тойланды. Экономикалық дағдарыстан шыққан  Қазақстан  мұражай,  кiтапхана,  мәдениет сарайларын  ретке келтiре бастады. Яғни, жас мемлекетiмiздiң мәдениетi мен өнерi үшiн  бұл жыл  серпiндi даму жылы болды. Жиырма бес жылдың iшiнде де төл мәдениетiмiз бен мемлекеттiк тiлдi жаңғырту iсiнде қыруар жұмыс атқарылды. Сол жылдар iшiнде өзiмiз жетекшiлiк етiп отырған мәдениет және халық шығармашылығы саласы да жаңаша қолдау тапты. Халық шығармашылығын насихаттау, iс-шараларды жаңаша үлгiде өткiзу,  жас таланттарға қолдау көрсету мақсатында бiрнеше байқау-фестивальдер ұйымдастырылуда.  Бiрнеше жылдан берi тұрақты өткiзiлiп,  дәстүрге айналған «Наурыз» ақындар айтысы, «Алтын шаңырақ» облыстық байқауы, «Күй құдiретi» күйшiлер байқауы, «Мәдениетiм—мерейiм» фестивалi өнер жүйрiктерiн қанаттандырды.       

Нарықтың алғашқы жылдарында  аудандарға iссапармен барғанда клуб, кiтапхана, мұражайлардың мүшкiл халiн көрiп,  мамандардан жұмыс талап етуге кейде ұялатынбыз. Бiрақ, сала мамандары қиындықтарды еңсерiп,  алдағы күнге зор сенiммен үмiт артты. Соңғы бес-алты жылдың өзiнде ғана облыс орталығында бiрнеше жаңа ғимараттың тұсауы кесiлiп,  пайдалануға берiлдi. Елбасының ақ батасымен  ашылған  бұл ғимараттар ел руханиятының ертеңiне қызмет етуде. Шалғай ауылдарда да мұражай,  кiтапханалар ашылып, күрделi жөндеу көрмеген  мәдениет үйлерi кемiдi. Бұл туралы «Оңтүстiк Қазақстан» газетiне жақында ғана жарияланған облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары А.Темiрханның «Елбасы және мәдениет мерейi» деген  мақаласында егжей-тегжейлi айтылыпты.

Халық шығармашылығы бағытында да қыруар тiрлiктер атқарылды. «Оңтүстiктiң 100 әнi», «Оңтүстiктiң 100 күйi» жинаққа енгiзiлiп,  ертеңге мұра болып қатталды. Рухани мәдениетiмiздiң зерттелу тарихы пәлен уақыттан  басталады деп кесiп айту қиын.  Халықтық мәдениет қаншалықты көне болса оның зерттелу тарихы да соншалықты тереңге тамыр тартады. Бiздiң халқымыз басынан  небiр қилы кезең өткерсе де ұлттық құндылығын  атадан  балаға мирас етiп, жеткiзiп отырған. Бүгiнде елдiң өткен  тарихын,  мәдени мұрасын саралауға даңғыл жол ашылды.  Осылайша тәуелсiз елiмiз мемлекеттiк тәуелсiздiгiн  нығайтудың негiзi --- халықтың рухани-мәдени дамуы екендiгiн  нақты iспен  дәлелдеп, көрсетiп келедi. 

Нұрлан ӘДIЛХАНОВ, ОҚО мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Бас жүлде – Мұқағалида!
Келесі жаңалық
Ұлы бабамыздың iзгi жолы