$ 447.4  477.55  4.76

Ұлы бабамыздың iзгi жолы

Биыл елiмiз Тәуелсiздiктiң 25 жылдық мерейтойын қарсы алғалы отыр. ЮНЕСКО тарапынан да Қазақстан үшiн үш тарихи құбылыс әлемдiк бағдарламалар аясында насихатталуда. Соның бiрi  – Ясауидiң дүниеден өткенiне 850 жыл толуы.

Осы тарихи датаға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент медицина институтының жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедрасы да өз үлесiн қосуда. Жақында «Ахмет  Ясауидiң  iзгi жолы» тақырыбында өткiзiлген салтанатты жиынды аталмыш институттың директоры, профессор Рамазан Бектұрғанов кiрiспе сөзбен ашты. 

– Ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидiң дүниеден өткенiне 850 жыл толуы ЮНЕСКО аясында әлемдiк деңгейде аталып өтiлiп жатқандықтан, оның атындағы университет түлектерi ретiнде бiздiң интерн–студенттерiмiз Ясауидiң iлiмi мен мұрасын толық меңгерудi мақсат тұтуда. Сондықтан бүгiнгi ұйымдастырылып отырған шара өте өзектi мәселелердi қамтиды, — дей келе, ол осы iс-шараны ұйымдастырушыларға сәттiлiк тiледi.

Шара барысында үлкен ғұлама, сопылық iлiмнiң негiзiн қалаушылардың бiрi – Қожа Ахмет Ясауи мұрасының мұсылмандық тарихы мен болмысындағы орны жан-жақты баяндалды.

«Мәдинеде – Мұхаммед, Түркiстанда – Қожа Ахмет» деген сөз бар халық арасында. Iс-шараға жиналған қауым бүкiл түркi әлемiнiң рухани астанасы аталған  Түркiстан қаласы мен  осында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң арғы-бергi тарихы туралы көптеген мағлұматтар алды.

Жиынды  ұйымдастырушы интерн-дәрiгерлер Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң 25 жылдық мерейтойына орай, бiлiм ордасының қалыптасу кезеңiнен бастап бүгiнгi жетiстiктерiн  паш етiп,  бүкiл Қазақстанға   және алыс-жақын шетелдерге белгiлi болған  түлектерiн де мақтанышпен атап өттi.

Баяндалған мәлiметтер бойынша онлайн-ойын ұйымдастырылып, жеңiмпаздарға сыйлықтар тапсырылды.

Шара концерттiк бағдарламаға ұласып, ғасырлар шаңына көмiлiп қалмай, бүгiнгi күнге дейiн жеткен Ахмет Ясауидiң «Диуани хикмет» (парасат, ақыл, яки даналық кiтабы) атты жинағы, ғалымдардың   ғұлама ойшыл туралы әр кездерде жазған  еңбектерi бойынша көрме ұйымдастырылды.

Гүлмира ӨТЕПБЕРГЕНОВА, кафедра меңгерушiсi, профессор.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары