$ 447.4  477.55  4.76

Бас жүлде – Мұқағалида!

Облыстық мәдениет басқармасы мен А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кiтапханасының ұйымдастыруымен Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына орай «Шабытыма арқау болған – 25» тақырыбында жас ақындар мүшәйрасы өттi. Мүшәйраға облыстағы аудан, қалалардан 42 жас ақын қатысты. Қатысушыларға төрелiгiн айтқан қазылар алқасының құрамында елге танымал ақындар Нармахан Бегалыұлы, Ханбибi Есенқарақызы, Бақытжан Алдияр, Әлiбек Шегебай мен Абай Қалшабек болды.

Жас ақындар мүшәйрада ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына арнаған және еркiн тақырыптағы өлеңдерiн оқыды.

Қазылар алқасының ұйғаруымен I орын Мұқағали Кенжетайұлына бұйырды. Арнайы дипломмен қоса 250 000 теңгенiң сертификаты табыс етiлдi. II орынды Ұлмекен Лесбекова, III орынды Қанат Сарыбаев және әрiптесiмiз, «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң ең жас қызметкерi Ерболат Айнабеков (суретте) иелендi.

А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кiтапхана ұжымы мүшәйраға қатысушы ақындардың өлеңдерiн жинақ етiп шығарып, келген қонақтарға табыс еттi.

Айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысында «25 жұлдызды күн» акциясы басталған болатын. Оның аясында түрлі мерекелік шаралар: концерттік бағдарламадар, рухани және әдеби кештер, спорттық жарыстар, ұлттық ойындар, қолөнер шеберлерінің көрмелері өтіп жатыр. 21 қараша күні басталған аталған акция 15 желтоқсанда өз мәресіне жетеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары