$ 447.4  477.55  4.76

Ақиқатқа айналған арман

Тарих қойнауына енген жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары қазақ халқы үшiн дүрбелеңге толы дәуiрге айналған-ды. Талай рет нәубетке ұшыраған қандастарымыз атамекенiн тастап, бас сауғалап шетелдерге кеттi. Туған елден ерiксiз кетуге мәжбүр болғандардың сол кезден-ақ басты арманы — атамекенге оралу едi. Тарыдай шашылған талай қазақтың арманы бүгiнде ақиқатқа айналып, елге оралған қандастар көшi күн санап көбейiп келедi. Бұл, ең алдымен, ел Тәуелсiздiгiнiң жемiсi.

Қандастарымызды елге алдыруда Мемлекет басшысының тiкелей қолдауымен бастау алған «Нұрлы көш» бағдарламасының да үлкен септiгi тидi. Ресми деректерге сүйенсек, 2015 жылдың мамыр айындағы мәлiметке сәйкес, 1991 жылдан берi 259 539 отбасы немесе 953 908 қандасымыз атамекенiне оралған. Олардың басым бөлiгi, нақтырағы 21,2 пайызы Оңтүстiк Қазақстан облысына қоныстаныпты. Ал, бiздiң кейiпкерiмiз —  Шарафудин қажы Жарылғапұлының Ауғанстаннан елге оралғанына 20 жылға жуықтаған.

«Қазақстан тәуелсiздiгiн жариялағанда қуанышымда шек болмады. Көкiрегiмдi кернеген атамекенге деген сағынышты сөзбен жеткiзу қиын. Сол күннен бастап-ақ елге оралудың қамын жасадым. 1992 жылы Қазақстанға келiп, барлық өңiрдi аралап, отбасымды көшiрiп әкелгенде ары қарай тiршiлiгiмiздi жасап кететiндей шаруашылыққа ыңғайлы орта iздедiм. Әрине, мен үшiн атамекеннiң әр бұрышының ауасы қымбат. Дегенмен, өңiрдiң ауа райына үлкен мән бердiм. Сөйтiп, осы Оңтүстiк Қазақстан облысына көшiп келудi жөн санадым» дейдi ақсақал атамекенге алғашқы қадамын сағынышпен еске алып. 

Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарында әкесi Жарылғап Байболатұлы  Қызылорда жерiнен Ауғанстан  асыпты. Ол кезде үлкен ұлы — 13, ортаншысы 9 жаста болған екен. Ал, Шарафудин ақсақал 1939 жылы Ауғанстанның Мазари Шәрiп өңiрiнде дүниеге келiптi. Түрлi тағдырды бастан өткерген Шарафудин ақсақалдың үлкен ағасы iлгерiректе,  26 жасында қаза болады. Ал, жiгiттiк шағында Иранға шекара асып кеткен ортаншы ағасы 1993-1994 жылдары Қазақстанға оралып, 85 жасқа келген шағында дүниеден озған. «Адамның ең басты дәулетi — әулет» деген ақсақал бәйбiшесiн 1995 жылы елге әкелiптi. Ол кездегi Ауғанстандағы саяси ахуалдың күрделiлiгiнен елге Пәкiстан арқылы келуге мәжбүр болған. Ал, екiншi бибiсiн бiраз тұрақтаған соң 1997 жылы көшiрiп әкелiптi. Сол жылдардағы Қазақстанның экономикалық жағдайының қиындығына қарамастан қария мал шаруашылығын кәсiп қылады.

— «Еңбек етсең, емерсiң» демекшi, отбасымды асырау үшiн тынымсыз еңбек еттiм. Әрекет етсең, тiрлiктiң берекесi кiре бередi. Алғашында ұсақ мал өсiрудi қолға алдық. Сөйтiп, мал басын мыңнан асырып, баспана-жайымызды реттедiк. Ұлымызды ұяға, қызымызды қияға қондырдық. Алайда, жайылымның тарлығынан ұсақ малды iрi қарамен алмастыруға тура келдi. Алғашқыда 100 iрi қара сатып алдық. Бүгiнде, Аллаға шүкiр, мал басы көбейiп, несiбемiз молайып отыр. Мұның барлығы — елдегi тыныштықтың, тұрақтылықтың және мемлекеттiң халыққа деген қамқорлығының жемiсi. Тыныштық кеткен жерде ел тұрмайды. Тұрақсыздықтан кеудесiн үрей билеген халықтың тiрлiгiнде береке болмайды. Мәселен, Ауғанстандағы күрделi кезеңде әрбiр азаматтың қолында қаруы жүрдi. Кiмдi дос, кiмдi дұшпан көрерiн бiлмеген халықта үрей басым едi. Тiптен, ұрпағының ертеңiн ойлауға мүмкiндiгi болмады. Сирия, Ливия елдерi де сол жолмен кетiп барады. Сондықтан бiз үшiн елiмiздiң тыныштығы мен уайымсыз ататын бейбiт таңы қымбат, — дейдi  Шарафудин қажы.

Қажы ата атамекенге аяқ басқан кезеңде қарсы алған қандастарының кiршiксiз iлтипат-ниетiн, берген көмегiн аса бiр жылы лебiзбен әңгiмелейдi. «Жүрегiмiз «қазақ» деп соғып тұрғанда бiздiң бауырларымыз қалай бей-жай отырар дейсiз?! Ұлтжанды ұрпақ өз бауырын өзекке тепсiн бе? Ешкiм бiзден көмегiн аямады. Қазақ болып туғаныма, қазақтың қасиеттi жерiне жеткенiме, ұрпағымның Қазақстанда өсiп-өнiп отырғанына Аллаға шүкiршiлiк етемiн! Ал, сындарлы саясатымен елiмiздi бүгiнгi биiк белестерге жеткiзген Елбасы Н.Назарбаевты тек елiмiздiң, түркi әлемiнiң ғана емес, әлемнiң көшбасшысы дер едiм. Кешегi бiрi көршi, бiрi туысқан екi iрi мемлекеттiң ортасында түсiнiспестiк туындағанда да бiрiншi болып татуластырудың жолын iздеген  бiздiң Елбасы!»

Ол кәсiбiмен  отбасын асырап қана қоймай, ел игiлiгi үшiн де еңбек етiп келедi. Оңтүстiк Қазақстан облысын Болат Жылқышиев басқарып тұрған тұста өңiрдегi мұнай өңдеу зауытының өзгенiң қолында кетпей, мемлекеттiң меншiгiнде қалуына бар күш-жiгерiн салып, атсалысыпты. Сол кезде Б.Жылқышиев қарияның жанашырлығына, тiрлiктi соңына дейiн жеткiзген батылдығына разы болып, алғысын бiлдiрген екен. Сондай-ақ, 2005 жылы Шымкент қаласының «Сәуле» шағынауданындағы тұрғындардың бастамасымен тұрғызылған мешiтке көмек көрсетiп, елдiң рухани құндылықтарының қатарын толықтырған.

Ақсақалдың елге оралғанда бiр ғана немересi болған екен. Өсiрiп отырған 12 перзентiнен бүгiнде 30 немере, 2 шөбере сүйiп отыр. «Перзенттерiмнiң барлығы дерлiк елге келiп отбасын құрды. 29 немерем осы қасиеттi қазақ жерiнде дүниеге келдi. Бүгiнде барлығы дерлiк жоғары бiлiм алып, өмiрден өз орнын тапты» дейдi ақсақал. Расында, ұзақ жыл жырақта жүрсе де, атақоныс — құт мекенiмiздiң, Отанымыздың бүгiнгi бейбiт күнiне шүкiршiлiк етудi парызы санаған батагөй қария сөз соңында ел тыныштығының мәңгiлiк болуын тiледi.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары