$ 447.4  477.55  4.76

Экономикалық өсiм, саяси тұрақтылық

Биыл егемен ел атанып, Тәуелсiздiк алғанымызға 25 жыл. Бабалар аңсаған азаттықтың бiзге найзаның ұшымен, бiлектiң күшiмен келгенiн ешкiм де жоққа шығара алмас. Кешегi ұлттың жоғын жоқтап, күйiн күйттеген, халқының болашағы жолында басын құрбандыққа тiккен асыл ердей азаматтарымыздың армандап өткен Тәуелсiздiгi бұл. Бiрақ егемендiктi алудан бұрын оны ұстап қалу, баянды ету бәрiнен де қиын. Мұны әрдайым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған әрбiр Жолдауларында, сөйлеген сөздерiнде бүгiнгi ұрпаққа насихат ретiнде айтып отырады. Тарихта тәуелсiздiкке қол жеткiзiп, бiрақ оны уыстан шығарып алған елдер жетерлiк. Мәселен, Африка мемлекеттерi өткен ғасырдың екiншi жартысында жаппай Батыстың империалистiк елдерiнiң құрсауынан құтылғанымен, әлi күнге дейiн әлеуметтiк жағдайы сын көтермейтiн дамуы жағынан ең артта қалып кеткен елдердiң бiрi болып қалып отыр.

Ал, Қазақстан КСРО дәуiрлеп тұрған заманда әлемге бейтаныс едi. Қылышынан қан тамған кеңестiк режим елiмiзге шикiзат көзi ретiнде ғана қарады. Саяси-экономикалық бодандықтың салдарынан ұлттың болашағына қатысты маңызды шешiмдердi өзiмiз қабылдауға қауқарсыз болдық. Егер iргемiз бөлек мемлекет болғанда Семейдi ядролық қаруларды сынақтан өткiзетiн алаңға айналудан сақтап, қазақ дәл кешегiдей жапа шекпес едi. Жер асты бүкiл байлығымызды өзгелердiң уысына ұстатып қоймаған болар едiк.

1991 жылы тәуелсiздiгiн жария еткен Қазақстан бiр кездерi одақтас болған өзге республикалар секiлдi өтпелi кезеңнiң қиыншылықтарын бастан кешiрдi. Мемлекет басшысының бастамасымен елге ең алдымен шетелдiк iрi инвесторлар тартылды. Олармен бiрлесiп мұнай және өзге де қазба байлықтарды өндiрудiң арқасында мемлекет қазынасы қампайды. Әсiресе, «қара алтыннан» түскен қыруар қаржы елдiң экономикасын көтеруге бағытталды. Ал, одан артылған қаражат Ұлттық қорда сақталды. Қазақстан өзiн сенiмдi әрiптес ретiнде көрсете бiлгендiктен әлемнiң алпауыт компаниялары елiмiздiң бизнесiн өркендетуге көмектесуге ниет танытты. Мәселен, тәуелсiздiк жылдарында ел экономикасына 222 миллиард теңгеден астам тiкелей шетелдiк инвестициялар тартылса, 2016 жылға дейiн негiзгi капиталға салынған инвестиция көлемi 7 триллион теңгенi құрады. 25 жыл iшiнде жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiм көлемi жөнiнен Қазақстан әлемдегi 50 елдiң қатарына кiрдi. Бұл елiмiздiң алдына қойған алғашқы мақсаты болды. Меже бағындырылған соң Елбасы Үкiметке дүние жүзiнiң дамыған 30 елiнiң қатарына енудi жүктедi. Әлбетте, мұндай биiк мұратқа жету үшiн экономика, саяси тұрақтылықтың мықты болуы керектiгi түсiнiктi. Осыған байланысты Президент елде жаппай индустрияландыру саясатын жүзеге асыруды жариялады. Нәтижесiнде республикада бұрын-соңды болмаған жаңа өнiмдер шығаратын кәсiпорындар пайда болды. Бұл бастама да Елбасының көрегендiгiнен туған керемет идея едi. Өйткенi, тек шикiзатқа сүйенiп өмiр сүру ұзаққа созылмасы белгiлi. Күндердiң күнiнде қазба байлықтар таусылуы мүмкiн немесе қазiргi экономикалық дағдарыс көрсеткендей шикiзат құны әлемдiк нарықта құлдырап кетуi ықтимал. Мiне, осы кезде елдiң жағдайы шын мәнiнде қиындайтыны анық. Бүгiнде өңдеушi секторға мән бермеудiң, мұнайдан түскен пайдаға иек артудың салдары экономика мен жалпы халықтың тұрмысы үшiн қандай ауыр болатынын Эквадор мемлекетi көрiп отыр. Бұл ел шикiзатқа тәуелдiлiктен арылмаудың нәтижесiнде қазiр онда жұмыссыздық жайлап, ұлттық валютасы АҚШ долларына шаққанда 60 пайызға құлдырап кеттi.

Алайда, Қазақстан басқа жолды таңдады. Ол индустрияландыруға, экономикалық тәуелсiздiкке қарай қарышты қадам деп аталады. Осынау стратегиялық жоспардың арқасында бүгiнде елiмiз көптеген сырт мемлекеттерге Қазақстанда жасалған дайын өнiмдердi экспорттауда. Бiр қуантатыны, сыртқа жөнелтетiн қазақстандық тауарлар саны жылдан-жылға көбейiп келедi.

Оңтүстiк Қазақстан облысы да тәуелсiздiк жылдарында өркендеп, өстi. Алғашқы кезеңде орын алған қиындықтарға қарамастан экономикасы дамып, бүгiнде бұл көрсеткiш бойынша республикадағы өңiрлердiң алдыңғы қатарына кiредi. Бiздiң өңiр республикада ең алғашқылардың бiрi болып индустриалды аймақтар құруды қолға алды. Күнгей өлкеде қазба байлықтар болмағанымен, өңдеушi, өндiрушi секторды дамытудың арқасында шикiзат тәуелдiлiгiнен арылуға мүмкiндiк туды. Бiр қарағанда Оңтүстiк өңiрi тек аграрлы аймақ болып көрiнгенiмен, бiзде дәрi-дәрмек өндiрiсi кластерi керемет өркендеп келедi. Оған мына мәлiметтен көз жеткiзуге болады. Республикада отандық дәрi-дәрмектер жергiлiктi нарықтың 10-ақ пайыз сұранысын қамтамасыз етсе, осы 10 пайыздың жартысына жуығын бiздiң облыста өндiрiлген дәрiлiк препараттар құрайды.

Бүгiнде облыс алдына үлкен мiндеттер қойып отыр. Соның бiрi — ауыл шаруашылығы өнiмдерiн алыс-жақын мемлекеттерге жөнелтiп, агроөнеркәсiп саласын дамыған елдердей жаңа деңгейге көтеру. Бұл тұрғыдан алғанда мақсат бiрте-бiрте орындалып келедi. Мәселен, 1991 жылы 163,4 мың тонна көкөнiс өндiрiлсе, биыл бұл көрсеткiш 963 мың тоннаға жеттi. Ал, Ресеймен арадағы сыртқы сауда айналымы 2010 жылы 225,3 миллион АҚШ долларын құраса, былтыр алыс-берiс көлемi 756,6 миллион долларға өстi.

Қазақстан өзiнiң даму жолында Сингапурды үлгi тұтады. Себебi, Оңтүстiк-Шығыс Азия мемлекетi бүгiнгi дәрежеге жету үшiн дәл Қазақстанның қазiргi алған бағытымен жүрiптi. Ол елге шетел инвестициясын көптеп тарту арқылы экономиканы көтеру мен саяси тұрақтылықты сақтау. Халқымыз тәуелсiздiктiң елең-алаң жылдарында ертеңiне үмiтпен қараса, бүгiнде сенiммен қарайды. Келешекте Қазақстанның әлемнiң дамыған елдерiнiң қатарынан көрiнетiнiне, тұрғындардың бақуатты өмiр сүретiнiне күмән жоқ.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары