$ 444.22  476.38  4.82

Жұмыссыздық деңгейi 3 есеге төмендедi

1991 жылы КСРО құлаған соң жаңадан құрылған Қазақстанның алдында көптеген қиыншылықтардың кездескенi мәлiм. Атап айтқанда, қалыптасқан макроэкономикалық және шаруашылық байланыстар ыдырап, жоспарланған жүйелердiң негiздерi жойылды. Мұның барлығы терең экономикалық құлдырауға әкелiп соқтырды. Өндiрiс көлемiнiң күрт төмендеуi, өтпелi дағдарысқа тән бюджет жеткiлiксiздiгi және гиперинфляция жағдайында ел Үкiметi халықтың әлеуметтiк жағдайын жақсарту мақсатында бiрқатар пәрмендi шаралар қабылдады. 1997 жылы қабылданған ұзақ мерзiмдi даму «Қазақстан — 2030» стратегиясы кедейлiкпен және жұмыссыздықпен күресте басты басымдыққа ие болды.

Тәуелсiздiк жылдарында облыс халқы 50 пайызға өсiп, олардың саны 2,8 миллион адамды құрады. Ал, сәйкесiнше жұмыспен қамтылған халықтың саны 60 пайызға артып, жұмыссыздық үш есеге азайды. Нақты айтқанда, облыстағы статистикалық есеп бойынша 2000 жылы жұмыссыздық деңгейi 14,3 пайызды құрап,  2016 жылы 5,1 пайызға төмендеген. Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәтжан Полатов хабарлады. Осы жылдар iшiнде аз қамтамасыз етiлген отбасыларға әлеуметтiк көмек ретiнде 42,8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлiнген.

— Тәуелсiздiктiң ширек ғасырында жұмыспен қамтылған халықтың саны артып, жұмыссыздар саны мен оның деңгейiнiң төмендегенi байқалады. Мәселен, 2009 жылғы жұмыссыздар саны 75 мыңнан астам адамнан күнi бүгiнге дейiн 62,1 мың адамға, жұмыссыздық деңгейi 6,6 пайыздан 5,1 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейi 8,1 пайыздан 3,5 пайызға дейiн кемiдi, — дедi С.Полатов.

Ел егемендiгiнiң мерейлi тойы қарсаңында жыл басынан берi өңiрiмiзде 46 480 жаңа  жұмыс орны ашылғанын баяндаған Сәтжан Мұхтарұлы алдағы уақыттарда мемлекеттiк және салалық  бағдарламалар негiзiнде тағы да 51 220 адам жұмыспен қамтылатынын жеткiздi.

Брифингте басқарма басшысының орынбасары БАҚ өкiлдерi қойған сұрақтарға жауап қайтарды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Келесі жаңалық
Жұлдызды 25 күн