$ 444.22  476.38  4.82

Ел тәуелсiздiгiмен бiр жасап келе жатқан салық жүйесiнiң қалыптасуы мен дамуы

Биыл елiмiз үшiн маңызды оқиға – Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Бұл – мемлекетiмiз бен халқымыз үшiн ең басты әрi құнды мереке. Осы уақыт аралығында елiмiз көптеген жағдайларды басынан өткердi, оның iшiнде жетiстiктер молынан болды. Қиындықтар да аз кездеспедi. Елiмiздiң 25 жылдық мерейтойымен қатар салық, кеден салаларының құрылғанына да 25 жыл толып отыр. 

Парламент 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Конституциялық заңын қабылдады. Тәуелсiз Қазақстанның бұл тұңғыш құжаты халқымыздың қуатты және пәрмендi мемлекет құру арманының жүзеге асуын айғақтады. Заң Қазақстан егемендiгiнiң оның ұлан-ғайыр аумағында және әлемнiң саяси картасында мызғымастығын мәңгiлiкке бекiтiп бердi.

Бүкiл Қазақстан халқы 1995 жылғы 30 тамызда бiрауыздан референдумда қабылдаған елiмiздiң басты құжаты – Қазақстан Республикасы Конституциясы, егемендiктiң саяси және құқықтық негiздерiн бекiтiп бердi. Ата Заңның әр бабынан жеке адамның өмiрiн, құқықтары мен бостандығын қорғау қағидалары бiрiн-бiрi толықтырып тұрады. Сондай-ақ, тегiне, әлеуметтiк жағдайына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге қатыстылығына қарамастан адам мен азамат құқықтарының теңдiгiн мемлекеттiң жоғары құндылықтары деп жариялады.

Тәуелсiз Қазақстанның Конституциясы мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуiнiң мызғымас негiзiне айналды. Елiмiзде жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруге және бүкiл қоғамның мүдделерiнiң жүзеге асуын қамтамасыз етуге қабiлеттi мемлекеттiк құрылымның тиiмдi жүйесiн құруға мүмкiндiк берген тарихи маңызды экономикалық және саяси реформалар жүргiзiлдi.

Қазақстан Тәуелсiздiгiн халқымыздың аса зор құндылығы ретiнде бағалай отырып, Тәуелсiз Қазақстанды құруда және қалыптастыруда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi - Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытына берiк ұстанымын таныта отырып, «Қазақстан – 2050» Стратегиясының басты мақсатына жетудi болашақ ұрпақ алдындағы өзiнiң тарихи парызы және жауапкершiлiгi деп сезiне отырып, «Мәңгiлiк Ел» қастерлi мекенiнде жарқын келешегiмiздi жасауға ұмтылған баға жетпес ерен еңбегiн атап өтпеу мүмкiн емес. Жаңа тәуелсiз Қазақстанның қалыптасуы Көшбасшымыздың атымен бүтiндей байланысты және бұл даусыз.  

Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығы қарсаңында, елiмiздiң дербес шаңырақ құрып, бар ұлтқа ортақ шаңырақ астында дамып, гүлденуiнiң бастауында тұрған Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың  2011 жылы 1 желтоқсанда Президент сайлауында Қазақстан халқының зор сенiмiне ие болғандығының айғағы ретiнде  1 желтоқсан күнiн мемлекеттiк мереке Тұңғыш Президент күнiнiң бекiтiлуi тарихқа ендi.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi Одақтың тарауына қарамастан, кеңестiк дәуiрдiң республикаларында басталған ұлтаралық қақтығыстар мен саяси тұрақсыздық кезiнде, өз еркiмен ядролық потенциалдан бас тартып, 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонын жапты. Мұның өзi Елбасының ерлiгiн жер-жаһанға паш етiп, кейiннен әлем мойындаған бастамаға ұласты. Ядролық қарусыз әлемге қадам басқан жаһандық қозғалыстардың да бiрден-бiр бастауы осындай Президент шешiмiнен туындаған едi. 

Тәуелсiздiктiң 25 жылында мемлекетiмiз әлем елдерiнiң басым бөлiгiмен сенiмдi достық және ынтымақтастық қарым-қатынастар орнатты.  Халықаралық ұйымдардың қызметiне белсендi түрде араласып, лайықты құрмет пен беделге ие болып отыр.

Әлемде аумағы жөнiнен тоғызыншы орын алатын Қазақстан Республикасының шекарасын делимитациялау мен демаркациялау Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тарихи жетiстiктерi болып табылады. «Еуропаға жол» мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру Қазақстанның Еуропаның жетекшi мемлекеттерiмен әрiптестiк пен ынтымақтастықтың барынша жоғары деңгейiне шығуына жол ашты.

Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымында, Астанадағы саммитте салтанатты төрағалық етуi Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың даналық және тиiмдi экономикалық саясатының нәтижесi деп бiлемiз. Сондай-ақ, Ислам конференциясы ұйымында, Шанхай ынтымақтастық ұйымында Азиядағы өзара iс-қимыл және сенiм шаралары жөнiндегi кеңеске, Еуразиялық экономикалық одағына төрағалық етуi – Елбасы салған нұрлы жолдың болашағы  баянды болатынының айғағы.

Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы қарсаңында Орталық Азия елдерiнiң арасында алғашқы болып 2017–2018 жылдарға Бiрiкен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауiпсiздiк Кеңесiнiң тұрақты емес мүшесi болып сайланды. Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның халықаралық қатынастарды дамытудағы үлесiн лайықты бағалай отырып, бiздiң елiмiзге ЭКСПО–2017 халықаралық мамандандырылған көрмесiн өткiзудi сенiп тапсырды.

Тәуелсiз елiмiз ширек ғасырға жуық уақыт iшiнде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра бiлдi. Тұрақты даму жолына түсiп, биiк белестердi бағындыра отырып, толағай жетiстiктерге қол жеткiздi. Дәстүрлi Жолдауларға енген бағдарламаның нәтижелiлiгiн танытып, әлемдегi бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына ендi. Әлемнiң ең дамыған 30 елiнiң қатарына кiрудi мақсат етiп қойған «Қазақстан–2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жаңа сипаттағы стратегиялық құжаттар болып табылады.

Тәуелсiздiктiң мерейлi 25 жылында Қазақстан Әлемдiк банктiң «Doing Business» рейтингiнде 35-орынды иелендi. Елiмiзде жаңа экономикалық ұмтылысты қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн «Нұрлы жол» бағдарламасы, «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» халықаралық көлiк дәлiзi, Транскаспий халықаралық көлiк маршруты секiлдi бiрқатар стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.

Мәңгiлiк Ел болуға бекiнген мемлекетiмiз қиындықтарды жеңе отырып, үлкен белестердi игерiп, алдыңғы қатарлы ел болуға ұмтылуда.

Қазақстан Республикасының тәуелсiздiк алуы және нарықтық экономикаға көшуi шаруашылықтың қолданыстағы тетiктерiн өзгертудi, салық төлеушiмен және бюджетпен арадағы өзара салықтық қарым-қатынасты түбегейлi өзгертудiң қажеттiлiгiн айқындады. 

Ел тәуелсiздiгiмен  бiрге нарықтық экономиканың қалыптасуы мемлекеттiң  басқару жүйелерiне көптеген өзгерiстер әкелiп, бiрнеше заң жобалары қабылданды. Қазақ КСР Президентiнiң 1991 жылғы 9 шiлдедегi Жарлығымен   Қазақ КСР Мемлекеттiк салық қызметi органы құрылды. Осындай тәуелсiз мемлекеттiк басқару мәртебесi берiлiп, салық құрылымын құрудың жалпы қағидаттары салықтарды, алымдарды және төлемдердi өндiру және оларды тиiстi бюджеттерге есепке жатқызу тәртiптерi нақты анықталған «Қазақстан Республикасының салық жүйесi туралы» Заңы 1991 жылғы 24 желтоқсанда қабылданды. Сондай-ақ, бұл Заңда салық төлеушiлердiң құқықтары, мiндеттерi және бюджетпен есеп айырысуының толықтығына және мерзiмдiлiгiне жауаптылығы айқындалып, 13 жалпы мемлекеттiк салық, 18 жергiлiктi салықтар мен алымдар, 11 жалпыға мiндеттi жергiлiктi салықтар мен алымдар енгiзiлдi.

Алайда, алғашқы салық жүйесiнде елiмiзде жинақталған практикалық тәжiрибе болмағандықтан дүниежүзiнде қолданылып келген салық салу принциптерi сақталмады. Сонымен қатар, салық қызметi де, салық төлеушiлер де мұндай жаңа бастамаға  дайын емес едi.  Сондықтан бұл салық жүйесiнiң нарықтық қатынастардың талабына толығымен жауап беруге мүмкiндiгi болмады. Ең бастысы, салық жүйесiнiң өндiрiстi дамытуға ешқандай  ықпалы тимей, бюджет кiрiсiн құрудағы өз рөлiн жете атқара алмады.

Салық санының көптiгi, айналымды анықтаудың қиындығы, шектен тыс дәлелсiз берiлген салық жеңiлдiктерi, салық ставкаларының бiр салық түрi бойынша бiрнеше түрлi болуы, халықаралық салық салу негiздерiнiң тыс қалуы және тағы да басқа кемшiлiктер салық жүйесiн реформалау қажеттiлiгiнiң туындағанын көрсеттi.

1995 жылдың 24 сәуiрiнде қабылданған ҚР Президентiнiң «Салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Заң күшi бар Жарлығы салық жүйесiне оңтайлы өзгерiстер енгiздi. Атап айтқанда, қолданылып келген салықтар мен алымдар санының 46-дан 11-ге қысқартылуы – осының дәлелi. Сонымен қатар, салық салу принциптерi дүниежүзiлiк тәжiрибеге сай өзгертiлдi. Халықаралық салық салу тәртiбi енгiзiлдi. Салықтар нышанына, белгiлерiне қарай топтастырылды. Сонымен қатар бұл құжаттың көптеген заңдармен тығыз байланыстылығы, салықтық әкiмшiлiктiң жаңа ережелерiнiң енгiзiлуi салық жүйесiндегi басқа да түбегейлi өзгерiстер жатады. Әрине, мемлекеттiң нарықтық экономикалық қатынас талабына сай дамуы жағдайында, салық жүйесiнiң бiр орында, өзгерiссiз қалуы мүмкiн емес. Алайда, қысқа уақыт аралығында қабылданған шексiз өзгерiстер мен толықтырулардың енгiзiлуi нәтижесi, оның әлi де болса жетiлмегендiгiн көрсетедi.

Уақыт ағымының әсерiне, заман талабына сай, барлық шаруашылық субъектiлерiне салықтандырудың тең жағдайын жасау, кейбiр жекелеген категориядағы салық төлеушiлерге берiлген жеңiлдiктердi жою арқылы салық жүктемесiн жеңiлдету, салық заңдылығы жөнiндегi барлық ережелер мен нормаларды тiкелей қызмет ететiн заң мөлшерiнде бiрiктiру, салық заңдылығының тұрақтылығын қамтамасыз ету қарастырылған жаңа Салық кодексi дайындалып, 2001 жылдың 12 маусымында қабылданды.  Атап өту керек, Қазақстан – ТМД елдерiнiң iшiнде Салық кодексiн алғаш әзiрлеген және тез уақытта енгiзген мемлекет. 

Бүгiнгi таңда қолданысқа енген Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» кодексiнiң  2008 жылғы редакциясы қатаң түрде мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағытының шеңберiнде және салық салу ережелерiне мұқият тексере отырып, мемлекеттiң даму кезеңдерiнде қол жеткiзген жетiстiктерге сәйкестендiрiп әзiрленген.

Экономикалық қарым-қатынастар бiр орында тұрып қалмайды, ол жаңа даму сатысына көшкен сайын салық заңдылығы да сол экономикалық саясатқа сай өзгертiлiп отырады.

Дүниежүзiлiк нарықта энергия тасымалдаушылардың бағасының төмендеуi, экономикалық өсiмнiң бәсеңдеуi, дүниежүзiлiк экономика үшiн келе жатқан күрделi жылдарға қарамастан, «Қазақстан–2050»  стратегиялық мақсатқа жету үшiн мемлекет Басшысымен «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясаты жарияланды. Экономикалық саясаттың мақсаты көлiк, энергетика, индустрияландыру, әлеуметтiк инфрақұрылымдарды, сондай-ақ, кiшi және орта кәсiпкерлiктi дамыту болып табылады.

Мемлекеттiк басқару жүйесiн реформалау, басқару жүйесiн модернизациялау мен тиiмдiлiктi жоғарылату мақсатында Қазақстан Республикасы Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың 2014 жылғы 6 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк басқару жүйесiн реформалау туралы» Жарлығымен Салық және Кеден комитеттерiн қосу жолымен, сондай-ақ, таратылған Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттiгiнiң (қаржы полициясы) қаржылық және экономикалық қылмысты тергеу функциясын бере отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк кiрiстер комитетi құрылды.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: Өсу. Реформалар. Даму» атты Жолдауында шағын және орта бизнестiң дамуына үлкен назар аударды. Жаңа экономикалық саясаттың ойдағыдай жүзеге асырылуы – тәуелсiз Қазақстанның 30 дамыған мемлекеттiң қатарына қосылуының және дағдарыстан өтудiң бiрден-бiр жолы.

Сондықтан елiмiзде мемлекеттiк кiрiстер органдары шағын және орта бизнестi қолдау үшiн барлық шаралар қолдануда және тұрғындардың белсендiлiгiн арттыру мақсатында оңтайлы жағдайлар жасалуда.

Осындай бағытта Салықтық және кедендiк рәсiмдердi бiрiздендiру, оларды жетiлдiру және салық төлеушiлер мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшiн жұмысты оңайландыру мақсатында, ағымдағы жылы Ұлттық экономика және қаржы министрлiктерiмен Салық және Кеден кодекстерiн бiрiктiрiп, Мемлекеттiк кiрiстер кодексi әзiрленуде.

Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерейтойына, кеден және салық органдарының 25 жылдығына орай мемлекеттiк кiрiстер департаментi  жақсы көрсеткiштерге қол жеткiзiп, бекiтiлген мемлекеттiк жоспарды артығымен орындап отыр.

Ағымдағы жылдың 11 айының бүгiнгi күнiне дейiн мемлекеттiк бюджет түсiмi 262,8 млрд. теңге жоспарланса, нақты 268 млрд. теңге түсiп, артығымен 5,2 млрд. теңгеге немесе 102% орындалды. Жалпы мемлекеттiк бюджет бойынша түсiм 70,8 млрд. теңгеге өсiп, өсу қарқыны 136%-ды құрады.

Республикалық бюджетке жоспарланған 173,1 млрд. теңгенiң орнына нақты 175,1 млрд. теңге түсiп, артығымен 2 млрд. теңге немесе 107,9% қамтамасыз етiлдi. Өткен жылмен салыстырғанда түсiм 158,7% немесе 64,7 млрд. теңгеге өстi.

Ал, жергiлiктi  бюджетке жоспар 89,8 млрд. теңге, орындалуы 103,6% немесе нақты 93 млрд. теңге түсiп, артығымен 3,2 млрд. теңгеге қамтамасыз етiлдi. Жергiлiктi бюджет бойынша өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 107%-ды құрады немесе түсiм 6,1 млрд. теңгеге өстi.

Елбасының бастамасымен қолға алынған «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары тәуелсiз елiмiздi тағы бiр биiк белеске бастап отыр. Уақыт пен дәуiрдiң талабына сай өмiр сүрiп, еңбек ету, тек қана iлгерi жылжу, бұрын қол жетпеген биiктердi бағындыру үшiн бiз үдемелi өзгерiстердi бастан кешiрудемiз. Әлемдегi дамыған елдермен тереземiз тең, беделiмiз биiк болуы үшiн бәсекелестiк қабiлетiмiздi де  барынша шыңдай түсуiмiз қажет.

Ал, мұндай жетiстiкке жетудiң бiрден-бiр төте жолы – экономикаға басымдық сипат беру екенi бесенеден белгiлi. Сондықтан да Елбасының: «Әуелi экономика, сонан соң саясат» деген сөзiн есте сақтауға тиiспiз.

Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасынан туындайтын «100 нақты қадам» жоспарының терең астарында да экономикалық өрлеудiң нақты тетiктерiн iске қосудың жолдары айқын көрсетiлген. Соның iшiнде кеден мен салық жүйесi саясатына берiлген тапсырмаларды орындау зор жауапкершiлiктi талап етедi.

Бизнеске және халыққа көрсетiлетiн қызметтердiң сапасын, сондай-ақ, әкiмшiлендiру тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында Мемлекеттiк кiрiстер комитетi қазiргi жұмыс iстеп тұрған салық және кеден жүйелерiнiң интеграциясына бағыт алған.

Сондай-ақ, 2015 жылы Қазақстанның Дүниежүзiлiк Сауда ұйымына кiруi аса маңызды деген оқиғалардың бiрi болды. ДСҰ-ға кiру импорттаушыларға тауарларды кеден баждарының төмендетiлген мөлшерлерi бойынша әкелуге мүмкiндiк бердi. Бұл дегенiңiз iшкi рынокқа әкелiнетiн тауарлардың бағасының арзандауына алып келетiн жағымды жайт болып табылады.

Комитет кеден аумағына тауарларды өткiзу рәсiмдерiн жеңiлдету және әкiмшiлендiру жүйесiн жақсарту үшiн «Электрондық шот-фактуралар» АЖ «Виртуалды қойма» модулiн пайдалану енгiзiлiп отыр. Оған Виртуалды қоймаға кiрiске қабылданған көлемiне бiрдей келуiне «ЭШФ» АЖ электрондық шот-фактураларды рәсiмдеу жәрдемдесетiн болады.

Бұл шаралар ЕАЭО елдерiмен және басқа да елдермен өзара сауда кезiнде электрондық шот-фактураларды берудi, оның iшiнде нақты уақыт режимiнде ЕАЭО елдерiнiң кедендiк органдарына берген шот-фактуралар туралы мәлiметтердi берудi жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi.

Мемлекеттiк кiрiстер органдарының басты мiндетi клиентке бағытталған және бизнес үшiн қолайлы жағдай жасау болып табылады. Салық және кеден жүйелерiн бiрiктiру деректердi бiрыңғай сақтау қорын құру арқылы әкiмшiлендiрудi және көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң сапасының тиiмдiлiгiн арттыруға және  қызметтердiң қайталануын болдырмауға  мүмкiндiк бередi.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында атқарылып жатқан игi iстердi жүзеге асыруда,  мемлекеттiк кiрiстер департаментi жауапкершiлiктi жете түсiнiп, өзiнiң қажырлы еңбегiмен мол үлесiн қосады деп ойлаймын.

Қазақстан Республикасының халқын Тәуелсiздiктiң 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Тәуелсiздiгiмiз тұғырлы, елдiгiмiз ғұмырлы болсын! Мәңгiлiк Елiмiздiң келбетi сәндi, еңбегi мәндi болсын! Күллi халқымызға берекелi бiрлiк пен баянды  тiрлiк тiлеймiн! 

Алтынсары Үмбетәлиев, ОҚО бойынша мемлекеттiк кiрiстер департаментiнiң басшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары