$ 444.22  476.38  4.82

Реформа жалғаса бередi

Жуырда Астана қаласында республика судьяларының VII съезi өткенi белгiлi. Қазақстан судьяларының басқосуына ОҚО-дан бiрқатар үшiншi билiк өкiлдерi қатысты. Маңызды басқосуда сот жүйесiнiң жеткен жетiстiктерi мен әлi де жетiлдiрудi қажет ететiн тұстары, шешiмiн күткен мәселелер талқыға салынды.

Бiз маңызды шараға қатысып қайтқан судьялардың съезден алған әсерiмен бөлiсiп, көтерiлген мәселелер төңiрегiнде айтып беруiн сұрағанбыз.

Әдiл КЕРIМШЕЕВ, ОҚО сотының судьясы—Судья әдебi комиссиясының төрағасы:

— Съезден ерекше әсер алып қайттық. Жиынға Елбасының өзi келiп қатысуы сот төрелiгiнiң мемлекеттiң айрықша назарында және қамқорлығында екенiн, Президенттiң өзi сотқа ерекше көңiл бөлетiнiнiң айғағы деп бiлемiз. Мемлекет басшысы сот төрелiгiнiң дамуына бағытталған негiзгi болашағын және 5 негiзгi мiндеттi атап өттi. Олар заң үстемдiгiн қамтамасыз ету, судьялардың есеп беруiн күшейту және лайықты сот корпусының қалыптасуы мен заңдылықты бiрегей режиммен сот тәжiрибесi, қазақстандықтардың құқықтық ағартушылығын тиiмдiрек қамтамасыз ету болып табылады.  Жалпы, съезд жұмысының табысы  ол — судьялардың жаңа Әдеп кодексiнiң қабылдануы болды. Өзiм осы жиында сөз алып, Елбасы ұсынған Ұлт Жоспарындағы заң үстемдiгiн қамтамасыз етуге бағытталған реформаның 19-қадамында көзделген тапсырманы орындау және қоғамның дамуы, заңдар мен сот жүйесiн ұдайы жетiлдiру, халықтың сот билiгiне деген сенiмiн арттыру мақсатында әзiрленген  Судьялардың Әдеп кодексiнiң жаңа жобасы туралы баяндама оқып, оны қабылдауды ұсындым. Жалпы, жаңа Әдеп кодексiнiң негiзгi мақсаты — судьялардың кәсiби қызметiн атқару барысында және қызметiнен тыс уақыттағы мiнез-құлқына қойылатын талаптарды қатаңдату, жауапкершiлiгiн күшейту. Сонымен бiрге, жаңа кодексте судьяның отбасындағы беделiне, балаларын дұрыс тәрбиелеуге, ата-анасына қамқорлық көрсетуiне қатысты нормалар бекiтiлген. Сондай-ақ, кодексте судьяның кәсiби қызметi мен саяси мақсатты көздейтiн саяси партиядағы немесе қоғамдық бiрлестiктегi мүшелiгiмен ұштаспайды. Ол осындай қоғамдық бiрлестiктердi қолдап жария сөз сөйлеуге, олардың саяси өмiрiне қатысуға тиiс еместiгi және судья мiндеттерiн орындаған кезде өз дiни тиесiлiлiгiн көрсетуден аулақ болғаны жөн деп нақты көрсетiлген.  Мiне, ендi қабылданған Әдеп кодексiне сай жұмыс жүргiзетiн боламыз.  

Қайрат IЗБАСАРОВ, Еңбекшi аудандық сотының судьясы:

— Астана қаласындағы Тәуелсiздiк сарайында өткен судьялардың VII съезiне облыстағы жас судьялардың бiрi ретiнде қатысып қайттым. Жиынға Елбасының келуi бiз секiлдi жас судьяларға күш-жiгер бердi. Мемлекет басшысы ең әуелi  халықтың сотқа деген  сенiмiн қалыптастыру қажеттiгiн тiлге тиек еттi. «Елдiң бәрi өзiн мазалаған құқықтық мәселе бойынша сотқа баратындай болуы керек. Судья барды «бар», жоқты «жоқ» деп кесiп айтып, адамдар сонымен келiсетiн болса, сонда жағдайымыз түзеледi»  деп бiздi осыны ескеруге шақырды. Ал, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қ.Мәми Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылында  елiмiздiң сот жүйесi әлемдiк талаптарға сай қалыптасқанын, соттардың шын мәнiндегi тәуелсiздiгi мен мәртебесi айқындалып, материалдық-техникалық тұрғыдағы қажеттiлiктердiң толық шешiлгенiн сөз еттi. Соттағы қағазбастылықтың артта қалғанын, сот жүйесiндегi реформаның әлi де жалғасатынын атап өттi. Қазақстан қазылары бас қосқан жиында өңiрлерден келген облыстық соттың төрағалары баяндама жасап, келелi ойлары  мен пiкiрлерiн бiлдiрдi.  Қолжетiмдi сот билiгiн қамтамасыз ету барысы да назардан тыс қалмады.  Жас судья ретiнде съезден көп әсер алдым. Алдағы уақытта съезде қабылданған қаулыларды жүзеге асыруда өз тарапымнан барлық күш-жiгерiмдi салмақпын.  Жиын соңында естелiк ретiнде Елбасымен суретке түстiк.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары