$ 444.22  476.38  4.82

«Прокуратура — құқық қорғаушының ядросы»

Биыл ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығымен қатар ҚР прокуратурасының құрылғанына да 25 жыл толып отыр. Жас мемлекеттiң iргетасы қаланған сәттен-ақ оны нығайту жолында халық арасында заңдылық пен құқықтық тәртiптi қамтамасыз ету аса маңызды болды. Құрылғанына ширек ғасыр толған бас қадағалау органының Қазақстан тәуелсiздiгi жылдарында жеткен жетiстiктерi мен алдағы атқарылатын шаруалары турасында ОҚО прокуроры Ибраһим ИМАНОВПЕН мереке қарсаңында әңгiмелесудiң сәтi түстi.

--- Қазiр елiмiздiң құқық саласында ауқымды реформалар жүрiп жатыр. Прокуратура органдарында осы реформа аясында қандай жаңалықтар енгiзiлуде?

--- Елiмiз тәуелсiздiк алған жылы ҚР прокуратурасы да құрылды. Сол сәттен прокурорлық қадағалаудың дамуы мен жүйесiн реформалау кезеңi басталды. Құқық қорғау органдарының iшiнде тек прокуратураның қызметi мен мiндеттерi елiмiздiң Конституциясына енгiзiлiп, Заңдардың орындалуына жоғары қадағалаушы дербес құрылым ретiнде жарияланды және қызмет мазмұны мүлдем жаңаша мәнге ие болды. Елбасы атап көрсеткендей, прокуратура бүгiнгi күнi қадағалаушы орган ретiнде құқық қорғау саласының ядросына айналды. Бұған дәлел ретiнде прокуратура төрағалығымен құрылған Үйлестiру Кеңесiн айтуға болады. Кеңестiң келiсiлген шешiмдерiн орындау әрбiр мемлекеттiк орган басшысының жауапкершiлiгi негiзiнде жүзеге асырылады. Олардың қызметiн жетiлдiру мақсатында Бас прокуратураның бастамасымен Қылмыстық және Қылмыстық iс жүргiзу туралы  кодекстер жаңадан қабылданды. Бұл ретте облыстық прокуратураның заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы ұсыныстарының басым көпшiлiгi қолдау тапты.  Бүгiнде прокуратураның бастамасымен күдiктiнi қоғамнан оқшаулаудың баламасы ретiнде кепiл түрiндегi бұлтартпау шарасы кеңiнен қолданылуда. Кепiлдiң артықшылығы уақытша ұстау орындарында күдiктiге жұмсалатын қаржыны үнемдеуге мүмкiндiк бередi. Қылмыскерлер бой тасалаған жағдайда олардың кепiлге қойған мүлiктерi толығымен мемлекет пайдасына тәркiленетiнiн жақсы бiледi, сондықтан бұл шара соңғы уақытта өзiнiң тиiмдiлiгiн дәлелдеп отыр. Қазiргi таңда қамауға алудың саны 22%-ға азайды, ал, кепiлдiң саны қолданылған бұлтартпау шарасының 60 пайызын құрады.

--- Н.Назарбаевтың бес институционалды реформасын жүзеге асырудағы негiзгi рөл прокуратура органдарына берiлген. Осы бағытта қандай шаруалар атқарылып жатыр?

--- Жүз қадамның 32-қадамына сәйкес облыстық прокуратура тарапынан халыққа қолжетiмдi «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» әзiрленiп, ғаламторға Шымкент қаласының картасы орналастырылды. Жыл соңына дейiн облыстың барлық елдi мекендерiнiң картасы қолжетiмдi болады. Нәтижесiнде, құқық қорғау органдарына өз күштерiн дұрыс және тиiмдi бөлу және профилактикалық iс-шараларын нақты жүргiзуге, ал, азаматтарға қылмыстық - қауiптi аймақтарды смартфон, планшет арқылы көруге мүмкiндiк бередi. Мұны «service.pravstat.kz» сайтына кiрiп қарауға болады. Картаның мәлiметтерi әр 2-3 минут сайын жаңартылып отырылады. Осы атқарылған жұмыстардың арқасында облыстық прокуратура органдары Ұлт жоспарын тиiмдi жүзеге асыруға лайықты үлес қосуда.

Осы ретте 5 бағытты реформаларға қысқаша тоқталып өтсем...

35-шi қадамда негiзгi мәселе ретiнде ауыл шаруашылығы жерлерiн тиiмдi пайдалану және оларды нарықтық айналымға енгiзу қарастырылған. Елбасының өзi оңтүстiк өңiрге iссапары кезiнде игерiлмеген жерлерге басым көңiл бөлiп, нақты тапсырмалар берген болатын. Облыс аумағында тұрғындардың негiзгi тiршiлiк көзi – ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан, мұнда жерге деген сұраныс ерекше. Дегенмен, өңiрде игерiлмеген жер де жетерлiк. Соңғы мәлiмет бойынша облыста игерiлмеген жер көлемi 300 мың гектардан асып отыр. Ал,  оның басым бөлiгi – ауыл шаруашылығы жерi. 2016 жылдың өткен мерзiмiнде прокуратураның ықпалымен мемлекетке кадастрлық құны 963,1 млн. теңгенi құрайтын пайдаланылмаған 24,1 мың гектар жер және 125,1 млн. теңге бюджетке қайтарылды. Ұлт жоспарының 84-қадамын жүзеге асыру мақсатында прокуратура органдары тарапынан халықты әлеуметтiк қолдау бағытында қадағалау жұмыстары жүргiзiлуде.

--- Биыл Бас прокуратура бiрнеше жобаны қолға алды. Солардың iшiнде қайсысы Оңтүстiк Қазақстан облысы үшiн өзектi?

--- Облыстық прокуратура қадағалау қызметiне жобаларды жүйелi түрде жоспарлау мен жүзеге асыру мүмкiндiгiн беретiн менеджмент принциптерiн белсендi түрде енгiзуде. Қазiргi кезде 12 жоба жүзеге асырылуда. Олардың барлығы бiздiң өңiр үшiн өзектi саналады әрi қызметiмiз бен өкiлеттi және мүдделi органдардың жұмысын да жүйелеуге бағытталған. Жобалардың бiрқатарына тоқталып өтсем:

1) «Жерлердi өз бетiнше иелiк етудi жою» жобасы аясында уәкiлеттi органдармен бiрлесiп жасалынған шаралар нәтижесiнде өз бетiнше заңсыз иемденген 452 жердiң мәселесi шешiлдi. Өткен жылы түгендеу жұмыстарының нәтижесiнде бiз құқық белгiлеушi құжаттарынсыз құрылыстары салынған 452 жер учаскесiн анықтадық.  Шымкент қаласы бойынша жер  алуға кезекте 80 мыңнан астам адам тiркелген. Қаланың резервiнде мыңнан астам ғана жер телiмi бола тұра, кезекте тұрғандарға кем дегенде 8 мың гектар жер қажет. Осыны ескере отырып, заңнамаға жердi тегiн беруге қатысты бөлiгi бойынша Бас прокуратураға өзгерiстер ұсынылды.

2) Алаяқтықтың өсу проблемасы. Соңғы 6 жылдың iшiнде алаяқтықтың бiрқалыпты өсуi байқалады, басым бөлiгi банк саласында немесе жер қатынастарына қатысты болып отыр. Осыған байланысты, бiз «Алаяқсыз қоғам» жобасын бастадық. Жобаның мақсаты – олардың санын барынша төмендету. Нақты жұмыс нәтижесiнде 3 айдың iшiнде банктер мен жер саласына қатысты бар-жоғы 10 жайт тiркелдi. Қарашаның соңында алаяқтықтың төмендеуi 33,2 пайызды құрады, осы жылдың басында бұл көрсеткiш 42,6 пайыз болған.

3) «Шымкент — қауiпсiз қала». Құқық бұзушылықтың, оның iшiнде қылмыстықтың 70 пайызы облыс орталығында тiркелуiне байланысты, «Шымкент — қауiпсiз қала» жобасы жүзеге асырылуда. Басты мақсаты – халықтың құқықтық мәдениетiн жоғарылату, қылмыс деңгейiн төмендету нәтижесiнде жұмыссыздық, қаңғыбастық және маскүнемдiкпен күресу жолымен қала тұрғындарына өзiнiң жақынына (ағасы, әпкесi, әкесi, анасы) қатысты қауiпсiздiк сезiмiн қамтамасыз ету.

--- Азаматтардың сенiмiне ие болу – аса маңызды. Адамдар прокуратураға соңғы инстанция ретiнде жүгiнедi. Бұл туралы не айтасыз?

--- Бiздiң жүйеге азаматтардың сенiмiн арттыру қажеттiлiгiн түсiне отырып, осы бағытта облыс прокуратурасы тарапынан белсендi жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, әр сейсенбiде Оңтүстiк Қазақстан облысы прокуратурасы жанындағы Консультативтiк кеңес мүшелерiнiң қатысуымен облыс прокурорының жеке және заңды тұлғаларды жеке қабылдаулары ұйымдастырылуда. Сонымен бiрге, облыс прокурорының бұйрығымен Консультативтiк кеңестiң мүшелерiнiң және прокуратура органдары ардагерлерiнiң қатысуымен «Қоғамдық қабылдау» құрылып, азаматтарға ауызша түсiндiру жұмыстары жүргiзiлуде. Қоғамдық қабылдаудың барлық мүшелерi — кәсiби емес медиаторлар. Осы жұмыстың нәтижесiнде қоғамдық қабылдау азаматтар мен прокуратура органдары арасын байланыстыратын буын ретiнде оңды әсерiн тигiзiп, облыстық прокуратура жұмысының ашықтығын бiлдiредi. Нәтиже бар, 2015 жылы өтiнiштер ай сайын 7-9 пайызға өсiп отырса, осы жылдың қазан айының соңында өтiнiштердiң саны 0,6 пайызды құрады.

--- Жемқорлықпен күрес бағытындағы нәтиже қандай?

---  Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесi — әлi де қоғамдағы өзектi мәселелердiң бiрi.  Биыл Оңтүстiк Қазақстан облысының соттары 72 адамға қатысты 65 сыбайлас жемқорлық санатына жататын қылмыстық iс қараған, оның iшiнде 38 адамға 181 млн. теңгеден астам айыппұл салынды, оның 174 млн. теңгеден астам сомасы немесе 96,4%-ы өндiрiлдi. 2 адамға қатысты 2 қылмыстық iс бойынша 5 млн. теңге өндiрiлу үстiнде. Ал, 1,4 млн.  теңге айыппұл белгiлеу туралы сот үкiмi заңды күшiне енбеген.

--- Прокуратура органдары қызметкерлерiнiң денiн жастар құрайды. Қазақстан прокуратурасы құрылған сәтте қызметке келген азаматтардың денi – қазiр құрметтi еңбек демалысында. Салада ұрпақтар сабақтастығы сақталды ма? Кадр саясаты қалай жүргiзiлуде?

--- Шындығында, бүгiнгi таңға облыс прокуратурасы органдарында орта жас 30-35-тi құрайды, яғни қызметкерлерiмiздiң денi -- жастар. Өйткенi, Қазақстанның тәуелсiздiгi жылдарында, прокуратура органының қалыптасуы кезеңiнде тәжiрибелi қызметкерлер зейнеткерлiкке шықты. Бiр сөзбен айтқанда, бiз ұрпақтар сабақтастығы деген мәселеге ерекше көңiл бөлемiз. Мысалы, облыс прокуратурасында Ерболат Аимбетов қызмет атқарады, оның әкесi Аимбетов Асқар Төлеуұлы — прокуратура органының құрметтi қызметкерi. Бүгiнгi таңға облыс прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының бастығы лауазымындағы ол өзiнiң бай тәжiрибесiн жас ұрпаққа беруде. Мұндай мысалдар жетерлiк. Ал, кадр саясатына келсек, ҚР прокуратура органдарында, ведомстволары мен мекемелерiнде лауазымдарға орналасу үшiн конкурс пен тағлымдама өткiзу Ережесiне сәйкес, кандидаттар конкурстың бiрнеше сатыларынан өтедi, осыдан соң үздiктер iрiктелiнiп алынады. Үздiктердi айқындау мақсатында  ең алдымен «Үздiк студенттер пулы» жасақталады. Бұл үшiн бiздiң кадр қызметi жоғары оқу орындарының ректорларымен тығыз байланыста жұмыс iстейдi. Жыл сайынғы бiтiрушi түлектер жәрмеңкесiне қатысады. «Ашық есiк» күндерiн өткiзедi. Екiншiден, бiз кандидаттарды мектеп қабырғасынан да iздеймiз. Мысалы, екi жыл бұрын бiз мектептен мемлекеттiк тiлдi жетiк меңгерген ұлты орыс бiр оқушыны iздеп тапқанбыз. Ол қазiр «құқықтану» факультетiнде жоғары бiлiм алуда, прокуратура органдарында қызмет атқаруға ниетi бар. Сондай-ақ, кандидаттар студенттер арасынан да iрiктелдi. Қызметке қабылданған жас мамандар арасында екi жоғары бiлiмi бар, шетелдерде (Ресей, алыс-жақын шетелдерде) магистратура бiтiрген, ағылшын тiлiн жетiк бiлетiн тұлғалар да бар.

--- Ибраһим Әлжанұлы, ел Тәуелсiздiгiнiң және ҚР прокуратура органдарының 25 жылдығына орай әрiптестерiңiзге қандай тiлек жолдайсыз?

--- Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы болған тәуелсiздiктi, егемендiк ұстанымдарын биiкке көтеретiн бұл күн – бiздiң Отанымыздың әрбiр азаматы үшiн қастерлi мереке.  Тәуелсiздiгiмiздi жариялағаннан берi елеулi-елеулi табыстарға қол жеткiздiк. Бұл Президентiмiздiң жүргiзiп отырған парасатты, көреген саясатының нәтижесi. Елiмiздiң тыныштығы мен қауiпсiздiгiнiң, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр. Бұл күн – бiртұтас елдiктiң, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенiмдi үмiттiң мерекесi болып табылады. Елiмiздiң ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмiр жолына құрметпен басымызды иiп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрмет сезiмiн әкелетiн бүгiнгiдей мереке күнi алға қарай тағы да берiк сенiммен қарап, болашақтың тыныш өмiрiнiң негiзiн қалау үшiн қазiр де бұл бағыттағы iс-әрекеттi жалғастыру керек. Әрқайсымыздың «кiшкене отбасымыздан басталатын кең-байтақ ұлы Отанымыздың» тәуелсiздiк күнi құтты болсын, көк аспанымызбен астасқан Көк туымыз әрдайым биiктен желбiрей берсiн!

Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕКОВА.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары