$ 447.4  477.55  4.76

Тәуелсiздiктiң тұғыры – тұрақтылық пен келiсiм

Оңтүстiк Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық Ассамблея хатшылығының меңгерушiсi Мұратәлi ҚАЛМҰРАТОВпен сұхбат.

-- Мұратәлi Оразалыұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерекесiн қандай жетiстiктермен қарсы алмақ?

-- Баршаңызға мәлiм, биыл бiз ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерейлi мерекесiн бүкiл ел болып атап өтпекпiз. Осы жылдар iшiнде қол жеткiзген басты табысымыз – Қазақстан халқының бiртұтастығы едi. Сонау тоқсаныншы жылдардағы қиындықтар бiрқатар елдерде iшкi алауыздықтың өршуiне, тiптi кейбiр мемлекеттерде  азаматтық соғыс  өртiнiң тұтануына да себепшi болды. Ал, Қазақстан Елбасының қажыр-қайраты мен салиқалы саясатының арқасында ең алдымен ел бiрлiгiн сақтай бiлдi. Бейбiтшiлiкке негiзделген саясат елiмiздiң тұтастығын сақтап қана қоймай, Қазақстанды экономикалық тұрғыда да алға бастады. 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болып, қазiргi таңда бұл үлгiнi өзге мемлекеттер де жүзеге асыра бастады. Түрлi этнос өкiлдерiнен құралған бiртұтас халқымыз тату-тәттi  өмiр сүруде. 

Кез келген шиеленiстiң астарына үңiлсек, оның алғышарты болып тұрмыстық мәселелер андағайлап шыға келетiнiн көремiз. Халықтың әлеуметтiк, тұрмыстық мәселелерiн шешуде бiр ғана мемлекеттiк құрылымдардың жұмысы жеткiлiксiз. Олардың қатарында қоғам болып, ел болып атқаратын шаруалар тiптен көп. Осы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы елiмiзде бейбiтшiлiк пен мызғымас татулықты орнықтыруда бiтiмi бөлек институт болып қалыптасты. Тәуелсiздiк тойына ең үлкен тартуымыз осы емес пе...

— Ұлт жоспарының «Бiртектiлiк пен бiрлiк» деп аталатын төртiншi бағытын өңiрiмiзде iске асыру барысы жайлы айтып өтсеңiз.

–  Бүгiнде Қазақстан халқы Ассамблеясы тек мәдени-көпшiлiк iс-шаралар өткiзумен шектелмей, мемлекеттiк саясатты iске асыру бағытында сан қырлы ауқымды мiндеттердi орындайды. Соның iшiнде ең маңыздысы – қоғаммен жан-жақты байланыс орнықтырып, тұрғындармен еркiн пiкiр алмасу алаңын құру. 

Бұл бағытта облыстық Ассамблея жанынан ақпараттық-насихаттық топ құрылып, елдi мекен тұрғындарымен кездесулер ұйымдастыруда. Аталған жиындардың қалыптасқан форматы да өзгертiлiп, жүздесулер егiс алқаптары мен жылыжайларда, еңбек ұжымдары мен аулаларда, мәдениет үйлерi мен оқу орындарында ұйымдастырылды. «Оңтүстiк – достық мекенi!» жобасы аясында ақпараттық-насихаттық топ мүшелерi облыс аумағында жас буынмен 45 кездесу өткiздi.

-- Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясына қайырымдылық шараларын үйлестiру, қоғамдық келiсiм кеңестерi мен аналар кеңестерiнiң қызметiн жетiлдiру және медиация желiсiн дамыту жөнiнде де айтқан болатын. Өңiрiмiзде Елбасының аталған тапсырмалары қалай жүзеге асып жатыр?

-- Облыстық Ассамблея тарапынан жүзге жуық қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, 27 мыңнан астам адамға жалпы 83 млн. теңге көлемiндегi қаржылай және заттай материалдық көмек көрсетiлдi.

Өңiрдегi этномәдени бiрлестiктер балалар үйлерiнiң тәрбиеленушiлерiне миллион теңгеге жуық қаражат бағыттаса, облыстық Ассамблея Арыс қаласындағы балалар үйiнiң 9 тәрбиеленушiсiн өз қамқорлығына алды.

Бұдан бөлек, облыстық этномәдени бiрлестiктер тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың балалары мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған 260 балаға 2,6 миллион теңге көлемiнде қайырымдылық көмек көрсеттi. 

Ассамблеяның ұйытқы болуымен 6 науқас баланың Алматы, Астана қалаларында ем алуына көмек берiлдi. Бұл бағыттағы жұмыстар әрi қарай да жалғасын таппақ.

Ал, өңiрде құрылған қоғамдық келiсiм орталықтарының атқарған жұмыстарына тоқталар болсақ,  облысымызда 1 облыстық, 15 аудандық, қалалық және 185 ауылдық округтарда жалпы 201 қоғамдық келiсiм кеңесi жұмыс iстейдi. Облыстық кеңеске мемлекет және қоғам қайраткерi, экс-сенатор Орынбай Рахманбердиев төрағалық етедi. Кеңес құрылғалы облыстық деңгейде ұйымдастырылған отырыстарда жастар саясатындағы өзектi проблемалар, бiлiм саласындағы түйткiлдi жайттар, отбасылық құндылықтар, ажырасуды азайтуда медиацияның ықпалы, өңiрдегi дiни ахуал сынды мәселелер қаралып, оның қорытындысымен арнайы хаттама түзiлiп, облыс басшылығына ұсынылды. 

Бүгiнде қоғамдық келiсiм кеңесiнiң аудандарда көшпелi отырыстары өтуде. Өткен айда кеңес мүшелерi  Түркiстан қаласында бас қосса, одан кейiн Төлеби ауданына ат басын бұрды. Жуырда Сайрам ауданының тұрғындарымен кездестiк. Жиында тек өзектi мәселелер талқыланып қана қоймай, елде атқарылып жатқан жұмыстарды, мемлекеттiк бағдарламалардың iске асырылуын түсiндiрдiк. Бастысы iшкi тұрақтылықты сақтауда елдi «бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол» шығаратын ауызбiрлiкке шақырдық. Сондай-ақ, түпкi мақсаты – отбасы институтын нығайту арқылы ел бiрлiгiн қамтамасыз етудi және отбасылық құндылықтарды насихаттауды көздейтiн облыстық Ассамблея жанынан құрылған өңiрдегi Аналар кеңесiнiң саны 202-ге, оған мүше аналардың саны 1130-ға жеттi.

Даулы мәселелердi сотқа дейiнгi тәртiппен шешу үрдiсiн қолға алуда облыстық Ассамблея жанынан арнайы медиация кабинетi ашылып, сенiм телефоны (39-23-30) орнатылды. Кабинет ашылғалы берi 326 телефон арқылы өтiнiш түссе, оның 19-ы қабылдауға келiп,   құқықтық кеңес алған.  Одан бөлек, 44 кәсiби, 534 кәсiби емес медиаторлардың дерекқоры жасалды. Өңiр медиаторларының араласуымен 2317 iс қаралып, оның 1226-сы оң шешiлдi. Аз уақыт iшiнде ажыраспақ болған талай отбасының шаңырағын шайқалудан сақтап қалдық. 

Осы бағыттағы жұмыстарды жетiлдiруде және медиация қызметi саласындағы өзара ықпалдастықты арттыру мақсатында облыстық сотпен, әдiлет департаментiмен, нотариалдық палатамен, адвокаттар алқасымен өзара әрiптестiк туралы меморандумға қол қойылды.

-- Әңгiмеңiзге  рахмет!

Сұхбаттасқан Дамира МОЛДАНАЗАРОВА.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары