$ 449.58  486.94  4.86

«Елiмiздiң еркiндiгiн аңсаймыз!»

Биыл Қазақстан халқы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуге кірісіп кетті. Сондай-ақ, 16 желтоқсандағы мерейлі мерекемен қатар келетін Желтоқсан көтерілісіне де биыл 30 жыл толып отыр. Бұл екі оқиға бір-бірімен өте тығыз байланысты, оларды бөліп қарау мүмкін емес. Өйткені, дәл осы Желтоқсан оқиғасынан кейін "Қызыл империяның" шаңырағы шайқалып, небәрі 5 жылдан кейін күйреп құлады, Қазақстан тәуелсіз ел атанды. Сол отыз жыл бұрын тоталитарлық кезеңнiң ызғарын көзiмен көрiп, куә болған студент қыз-жiгiттердiң жасы қазiр елудi еңсерiп қалыпты. Ал, оқиға болған жылы қар жастанып, мұз үстiне алау жаққандардың жасы небәрi 18-20-да болатын.

Алматы қыздар педагогикалық институтында оқыған Масат Өтенова - сол оқиғаның бел ортасында жүргендердiң бiрi. 

— Желтоқсан оқиғасы, әсiресе, алаңдағы көрiнiс менiң көз алдымнан әлi күнге дейiн кетпейдi. Тоталитарлық жүйенiң жымысқы әрекеттерiне үн қосқан қазақтың талай қаракөз қыздары мен жалындаған жiгiттерi жапа шектi. Бiрi оқудан шығарылды, бiрi қуғынға ұшырап, сергелдеңге түстi.  Бәрi де менiң қатарластарым, құрбы-достарым болатын. Қолымызға ұстаған плакаттарда «Бiз елiмiздiң еркiндiгiн аңсаймыз» деген жазу болды.  Бұл халқымыздың жетпiс жыл бойы көкейiне сақтап келген ащы шындығы едi. Желтоқсаншы жастардың жанайқайы тәуелсiздiгiмiздiң бастауы болды дейдi тарихшыларымыз бүгiнде. Мiне, биыл тәуелсiздiктiң ширек ғасырлық тойын атап өтудемiз. Желтоқсанда мұзға алау жаққан сол кездегi жастардың Отанға деген асқақ рухтары бүгiнгi ұрпаққа өнеге болары сөзсiз, — дейдi Масат Өтенова. 

Бүгiнде ол Бәйдiбек ауданы Жамбыл атындағы орта мектебiнде қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнен сабақ бередi. Оның өз шәкiрттерiне ұлттық рухты серiк ету турасында айтары көп. Жас ұрпақты егемен елдiң нағыз патриоты етiп тәрбиелеуде сiңiрiп отырған еңбегi зор.

Өзi еңбек ететiн мектеп ұжымы да М.Өтенованы Желтоқсан оқиғасының ардагерi деп ерекше құрмет тұтып, бiлiктi ұстаз ретiнде жас мамандарға үлгi етедi. Масат Мұсырманқұлқызының қол жеткiзген жетiстiктерi көп-ақ. Тәжiрибелi ұстаз төрт жыл қатарынан пән мұғалiмдерiнiң облыстық олимпиадасына қатысып, жүлделi  орындардан көрiнiп жүр. Биыл Алматы қаласында өткен «Жамбыл — Ұлы даланың алып жыршысы» атты ғылыми-теориялық конференцияға қатысып, мақаласы кiтапқа енгiзiлдi. Масат апай тәлiм-тәрбие берген оқушы Арайлым Нұрлан «Анаға хат» облыстық көркем шығарма байқауында бас жүлдеге ие болды. Ал, жақында ғана Алматыда өткен республикалық жас ғалымдардың ғылыми конференциясында 11-сынып оқушысы Ұлжалғас Тоқтасынның баяндамасы III дәрежелi дипломмен марапатталды. 2015-2016 оқу жылында ҰБТ қорытындысы бойынша аудан мектептерi арасында қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнен ең жоғары балл жинағаны үшiн де әрiптестерi М.Өтенованы мақтанышпен ауызға алады.  Ұстаз еңбегi еш кетпейдi. Мақтаулы, үздiк шәкiрттер тәрбиелегенi үшiн Масат Мұсырманқұлқызы  түрлi марапаттарға ие болып жүр.

Эльмира ЖАМАШОВА. Бәйдiбек ауданы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары