$ 444.22  476.38  4.82

Жүгерiден табыс тапқан кәсiпкер

Кезiнде жүгерi өсiрумен бүкiл Кеңестер одағына аты тараған Отырар ауданы сол дәстүрiн қайта жалғастыруға кiрiсiп жатыр. Аймақта жүгерi алқаптарының көлемi ұлғайып, дәндi дақылдан пайда тапқан шаруалар мен кәсiпкерлер саны көбейiп келедi. Солардың бiрi – «Отырар Дән» ЖШС. Бұл – кәсiпорын жүгерi элеваторы. Себебi, дәндi дақылды кептiрiп, қоймада сақтайды. ЖШС директоры Бауыржан Әлмахановтың айтуынша, күзде шаруалардан жүгерiнi ылғалдылығына қарай әр келiсiн 20-30 теңгеден қабылдапты. Өздерi де биыл 220 гектарға жүгерi еккен.

– Шаруалардан күзде дәндi дақылды жинап аламыз. Сосын оны кептiрiп, қоймада сақтап, көктемге қарай құс фермаларына сатамыз. Негiзгi кәсiбiмiз осы. Бiзде 20 шақты адам жұмыс iстейдi. Оларды күзгi жиын-терiм науқанында жүгерi собығын тазалауға жұмылдырамыз. Қалған жұмыстар техниканың күшiмен атқарылады. Дәндi собығынан ажырату, кептiру тек қондырғылардың көмегiмен iске асырылады. Сағатына 25-30 тонна жүгерi дәнiн кептiретiн агрегатты Ұлыбританиядан сатып әкелсек, сыйымдылығы 5-10 мың тоннаны құрайтын қойма кешенiн Қытайдан сатып алдық. Кәсiпорынды құруға өз қаражатымыз бен «Оңтүстiк» аймақтық инвестициялық орталығының қаржысын қосқанда 450 млн. теңге жұмсалды, – дейдi Б.Әлмаханов.

Оның айтуынша, жүгерi дәнi қоймада 14 пайыз ылғалдылықта сақталады. Ал, агрегат 30 пайызға дейiнгi ылғалдылықты кептiруге қауқарлы. 2014 жылы жоғарыда аталған қондырғыларды сатып алған соң олардың құнының 20 пайызы өздерiне субсидия ретiнде қайтарылыпты.

Кәсiпкердiң сөзiнше, Отырар ауданында жүгерiнiң Пионер, Хуанита, ЗПСК сорттары егiледi. Бұл дәндi дақыл тұқымдары арнайы тiзiмге iлiнгендiктен оларға субсидия төленедi. Десек те, Пионер мен Хуанита сортының ЗПСК-ға қарағанда өнiмдiлiгi бiршама жоғары екен. Мәселен, жүгерiнiң алғашқы екi сорты гектарына жүзден астам центнер өнiм берсе, ЗПСК-ның гектар берекелiлiгi 60-70 центнер төңiрегiндегi өнiмдiлiктi құрайды. Беретiн өнiмдерiне қарай бұл жүгерi тұқымдарының бағасы да әрқилы. Пионер мен Хуанита тұқымының 25 келiсi 50 мың теңге тұрса, ЗПСК сортының тұқымын шаруалар дәл осы мөлшерде 10-12 теңгеден сатып алады.

Компания басшысы әңгiме барысында өзiнiң жоспарларымен бөлiстi. Оның ендiгi мақсаты – жүгерiнi терең өңдейтiн зауыт салу. Жүгерiден крахмал алуға болатынын, құрама жем дайындалатынын айтқан ол өнiмдi қайта өңдеуден көбiрек пайда түсетiнiн жеткiздi.

– Бiздiң ауданда егiн шаруашылығы күшейiп келедi. Оны жыл сайын ұлғайып жатқан егiстiк алқаптарынан бiлуге болады. Әсiресе, жүгерi өсiрген диқандардың жағдайы қазiр бiршама жақсарып қалды. Бұрын өнiмiн қайда өткiзерiн бiлмей дал болып жүрушi едi. Бүгiнде дәндi дақылды жинаған бойда бiзге әкеп өткiзедi. Мiне, Тәуелсiздiктiң арқасында осындай жетiстiктерге жеткенiмiз үшiн Құдайға мың да бiр тәубе деймiн! – дейдi Б.Әлмаханов.

«Оңтүстік Қазақстан».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары