$ 446.49  475.38  4.79

Елiммен бiрге есейдiм

Мен 1991 жылы 16 желтоқсанда Шардара ауданының Шардара ауылында дүниеге келiппiн. Елiмiз егемендiк алып, ақ түйенiң қарны жарылған күнi ата -анам босағадан қос бақыт, есiктен екi қуаныш қатар кiрдi деп шаттаныпты. Ал, маған туған күнiм есiм кiрiп, мәнiн түсiне бастағанда жауапкершiлiк сезiндiрiп тұратын. Ауылдағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектептi үздiк бiтiрдiм. Кейiн ОҚО мемлекеттiк фармацевтика академиясын аяқтаған соң магистратураны оқыдым.

Тәуелсiздiк таңымен бiрге түлеген жастарға Елбасы сенiм бiлдiрiп, ата-ана, ұстаздар үмiт артып отыр. Бiзге жүктелген мiндет пен парыздың салмағын замандастарым жақсы сезiнедi деп ойлаймын. Бүгiнгi жастар жаңаша ойлап, өздерiнiң ел болашағы екендiктерiн терең түйсiнедi. Елбасы жасаған қамқорлық пен зор мүмкiндiктердiң арқасында жан-жақты жетiлiп өсiп келедi. Отансүйгiштiк ұғымын әуелi өз iсiңмен, сабақты үздiк оқумен дәлелдеуiң керек. Осы орайда өзiм таңдаған мамандық жолында жеткен жетiстiктерiм де жоқ емес. 2015 жылы Алматы қаласында С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дiң 85 жылдығына арналған халықаралық конференцияда ерекше көзге түсiп, жүлделi бiрiншi орынды иелендiм. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң қоры мен ОҚМФА бiрлесiп ұйымдастырған ғылыми конференцияда «Ең үздiк баяндама» жасағаным үшiн арнайы дипломмен марапатталдым.

Қазiр «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отыратын кез емес. Талапты, ынталы жасқа әркез жұмыс табылады. Бүгiнде өзiм бiтiрген ОҚО мемлекеттiк фармацевтика академиясының шақыруымен оқытушы болып жұмыс iстеймiн. Елiмiздегi фармацевтика саласын оқытатын бiрден-бiр оқу орнында болашақ мамандарды үйретiп, тәрбиелеу – мiндетiмiз. Ендi ғана есейген елдiң ертеңiне өз үлесiмдi осылайша қосқым келедi.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары