$ 448.15  483.46  4.86

Жүйелi жұмыс — берекелi iстiң бастауы

Оңтүстік Қазақстан облысы әкiмiнiң бiр апталық жұмыс кестесi мазмұнды оқиғаларға толы болды. Тәуелсiздiк мерекесi қарсаңында көптеген салтанатты шараларға қатысып, өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуын екшейтiн маңызды отырыстар өткiздi.

Өткен аптада облыс әкiмi Шымкент қаласындағы 11 мектеп пен Балалар орталығына жаңа автобустарды сыйға тартты. Бұдан былай алыстан қатынап оқитын 3 мың бала сабаққа автобуспен баратын болады. Тәуелсiз Қазақстанның аз уақыт iшiнде ғасырға татитын iс тындырып, талай белестердi бағындырғанын мақтанышпен жеткiзген өңiр басшысы елдiң келешегi жас ұрпақтың қолында екенiн, сондықтан оларға берiлетiн тәрбие мен бiлiм сапалы болуы керектiгiне ерекше тоқталды.

Облыс әкiмi балаларға көрсетiлетiн медициналық көмектiң сапасын арттыру, сәбилердiң өлiм-жiтiмiн азайту үшiн тәжiрибе бөлiсуге арнайы келген түркиялық дәрiгерлермен кездестi. Жүздесу барысында тараптар бауырлас мемлекеттердiң арасындағы қарым-қатынас пен бiрлесiп қолға алатын жобалар жайлы және түрiк дәрiгерлерi өткiзетiн шеберлiк сыныптары жөнiнде пiкiр алмасты.

Өңiр басшысы кешегi аптада Шымкент қаласындағы «Түркiстан» сарайында өткен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi — Елбасы күнiне және ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына арналған «Бiрлiгiмiз жарасқан — Мәңгiлiк ел» атты республикалық ақындар айтысына қатысып, жеңiмпаздарды марапаттады. Құттықтау сөзiнде Жансейiт Қансейiтұлы жастардың айтыс өнерiнiң қалпын бұзбай сақтап, жаңартып келе жатқаны қуантатынын, қазақ қайда жүрсе де өз тiлiн, салтын жоғалтпайтынын шетелден келген қандас бауырларымыздың өнерiнен байқалғаны жайлы ой толғады.

Апта басында облыс әкiмiнiң төрағалығымен селекторлық жиын өттi. Онда Түркiстан қаласының әкiмi Ә.Өсербаев сөз алып, өңiр басшысына Әзiрбайжанның Шеки қаласында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесiнiң 34-отырысында Түркiстанды түркi әлемiнiң 2017 жылғы мәдени астанасы етiп бекiтiлгенiн жеткiзiп, оның арнайы белгiсiн табыстады. Мәжiлiстiң күн тәртiбiнде облыс аумағындағы жол-құрылыс жұмыстарының жағдайы, «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасының бiрiншi бағытының орындалуы және құрылысы жүргiзiлген коммуналдық мәселелер қаралды. Жиынды қорытындылаған өңiр басшысы облыста салынған жолдардың газ, су құбырларын жүргiзерде қайта бұзылатыны жұмыстың жүйесiздiгiнен екенiн айтты. Сондай-ақ, әкiм алдағы уақытта жол, көпiр салардан бұрын облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасымен бiрлесiп iс-шаралар жоспарын бекiтiп алуды, ал, елдi мекендерге табиғи газды жеткiзуде әрбiр тұтынушының назардан тыс қалып кетпеуiн қадалағап, осыған орай арнайы жоспар дайындауды тиiстi сала басшыларына тапсырды. Күн тәртiбiнде қаралған мәселелерде бiраз кемшiлiктердiң барына тоқталған облыс әкiмi өңiрде салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасына көңiл аударуды және құрылыс объектiлерiнiң кестеге сай мерзiмiнде аяқталуы қажеттiгiн ескерттi.

Қоғам дертiмен күресу — жалпыға мiндет

Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы қарсаңында облыс әкiмi Ж.Түймебаев «Оңтүстiк жолдары» мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорнының 25 жүргiзушiсiне жолдарды тазалауға арналған жаңа техникалардың кiлтiн салтанатты жағдайда табыс еттi.

-- Бұл техникаларды облыстың күре жолдарын қыста қар басып қалмауы үшiн сатып алдық. Ең бастысы, ауа райының қолайсыздығына қарамастан қысқы мезгiлде асулар ашық, көлiктер кептелiсi орын алмауы тиiс. Асуларда күндiз-түнi кезекшiлер бақылауға қойылып, төтенше жағдайлардың алдын алуға бар күш-жiгерiмiздi жұмылдыруымыз қажет, — дедi Жансейiт Қансейiтұлы.

Өңiр басшысы коммуналдық қызмет өкiлдерiне жолды қардан тазалаудың табиғатқа зиянын тигiзбеудiң заманауи, қауiпсiз тәсiлдерiн пайдаланып көру жағын ойластыруды тапсырды.

«Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи саясаты» тақырыбында өткен мәжiлiске қатысқан облыс әкiмi жемқорлықпен күресудiң тиiмдi жолы оның себептерiн жою, мемлекеттiк қызмет сапасын арттырып, адамдардың бойында осы «дертке» қарсы тұратын iшкi мәдениетiн қалыптастыру керектiгiн атап өттi. Сонымен бiрге, әкiм жемқорлықтың мемлекетке тигiзер керi факторларына жұрт назарын аударды. Өңiр басшысының айтуынша, қоғамдық дерт елдiң инвестициялық тартымдылығын төмендетедi, әлеуметтiк-экономикалық дамуын тежейдi және мемлекеттiк басқарудың тиiмдiлiгiн әлсiретедi. Мұнымен қоса, жемқорлықты жоюдың бiрден-бiр жолы мемлекеттiк қызметшiлердi әдеп нормаларын қатаң сақтауға дағдыландыру қажет деген де пiкiр бiлдiрдi.

Жоғарыда түркиялық дәрiгерлер облыста балалар медицинасына қатысты шеберлiк сыныптарын өткiзбек ниетте екенiн айтқан болатынбыз. Осыған орай 2-4 желтоқсанда бауырлас елдiң бiлiктi дәрiгерлерi облыстық балалар ауруханасында өз тәжiрибелерiмен бөлiстi. Шеберлiк сыныптарының тыңдаушыларына сертификаттар табыстаудың салтанатты шарасына өңiр басшысы да қатысып, Түркиядан өз тәжiрибелерiн үйретуге келген бiлiктi медицина мамандарына шексiз алғысын жеткiздi.

Түске дейiн оқуда, түстен кейiн өндiрiсте

Прокуратура күнiне орай облыстық прокуратурада өткен салтанатты жиында өңiр басшысы сала мамандарын кәсiби мерекелерiмен құттықтап, құқық қорғау саласында көзге түскен бiрқатар маманды облыс әкiмiнiң Алғыс хатымен және Грамотасымен марапаттады.

— Прокурорлық қызмет адамның бостандығы мен оның конституциялық құқығының сақталуын қадағалайды. Бұл мiндеттi облыстық прокуратура ұжымы  абыроймен атқарып келедi. Олардың қалтқысыз жұмыстарының арқасында елде заңдылықтар бұлжымай орындалып жатыр. Оны күнделiктi өмiрден көрiп, байқап жүрмiз. Прокурорлық қызметтi өзгелерден ерекшелеп тұратын да осы жауапты мiндет болса керек, — дедi Жансейiт Қансейiтұлы.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де «Қазақстан жолы: Ұлт Көшбасшысымен бiрге 25 жыл бейбiтшiлiк пен жасампаздық» деген тақырыппен өткен конференцияда сөз сөйлеген өңiр басшысы шетелдерде бiлiм алып, сол жақтағы озық технологияларды меңгерiп келген жастар елдiң көркеюi үшiн бар бiлiмiн осында сарқа жұмсауы тиiс деген ойын бiлдiрдi. Әсiресе, облыс әкiмi тәуелсiздiктiң бiлiм, ғылым игеруге толық мүмкiндiктер ашқанын, қарқынды дамудың арқасында өңiрiмiзде 11 индустриалды аймақ құрылып, оларға маман даярлауда М.Әуезов атындағы мемлекеттiк университеттiң белсендiлiгi жоғары болуы керектiгiн атап өттi. Сондай-ақ, өз сөзiнде әкiм студенттер оқу процесiндегi өндiрiстiк iс-тәжiрибеден индустриалды аймақтардағы кәсiпорындарда өту қажеттiгiн және жастар ауыл шаруашылығы, инновациялық технологиялар саласына мамандануда оқ бойы озық тұруы тиiстiгiн тiлге тиек еттi.+

Облыс әкiмi бұл аптада Шымкент қаласындағы жеңiл атлетика манежiнде 2000-2001 жылы туған жасөспiрiмдер арасында өткен Оңтүстiк Қазақстан облысы кубогi жолындағы жарыстың ашылу салтанатына қатысып, жас өрендерге сәттiлiк тiледi. Құттықтау сөзiнде өңiр басшысы облыс спортшылары биыл спорттың 59 түрi бойынша ел чемпионаттарында — 1168, құрлықтық жарыстарда 117 медаль жеңiп алғанын, ал, әлемдiк, халықаралық бәсекелерде 90 медаль олжалағанын мәлiмдедi.

Аптаның тағы бiр маңызды оқиғасы — облыс әкiмi «Forte Bank» АҚ директорлар кеңесiнiң мүшесi Мағжан Әуезовпен кездестi. Басқосуда тараптар банктiң облыстағы атқарған жұмыстары мен алдағы уақытта әкiмдiкпен бiрлесiп қолға алатын шаралары туралы пiкiр алмасты. Мағжан Әуезовтiң аталған қаржы институты шағын және орта бизнес өкiлдерiне жаңа несие беру бағдарламасын әзiрлеп жатыр деген мәлiмдемесiн қуана қабылдаған өңiр басшысы бұл жергiлiктi кәсiпкерлер үшiн жақсы жаңалық екенiн жеткiздi. Айта кету керек, «Forte Bank» АҚ жақын күндерi Шымкент қаласынан өзiнiң жаңа филиалының ғимаратын ашуды көздеп отыр.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Келесі жаңалық
Жұлдызды 25 күн