$ 446.49  475.38  4.79

«Қаратаудың» қарышты қадамдары

Қиын-қыстау жағдайлардан «өгiздi де өлтiрмей, арбаны да сындырмай» жол тауып алып шығатын басшылар көшеде шашылып жатқан жоқ. Осыдан үш ай бұрын Шымкент қаласындағы Қаратау ауданының әкiмi болып тағайындалған Ғабит Мәуленқұловты осындай беделдi басшылардың қатарына жатқызуға бола ма, жоқ па? Бұл сауалдың жауабын алдағы уақыттың еншiсiне қалдырайық. Дегенмен, «Жас келсе – iске» демекшi, ол қысқа мерзiм iшiнде аудандағы көптеген өзектi мәселелердiң, әсiресе, әлеуметтiк түйткiлдердiң оң шешiлуiне қал-қадерiнше ықпал етiп келедi. Жақында осы орайдағы атқарылған шаруалардың жай-жапсарын бiлмек мақсатында аудан әкiмiн әңгiмеге тартқан едiк.

— Ғабит Патшаханұлы, әуелi Тәуелсiздiктiң төл тумасы саналатын, Елбасының ерекше назарында болып келе жатқан шағынауданның ахуалымен таныстырып өтсеңiз. Миллионға жуық тұрғыны бар Шымкент қаласы бүгiнде жаңалықтар ордасы десек, осы шаһардың бiр бөлшегi болып саналатын Қаратау ауданы да оң өзгерiстерден қалыс қалмайтын болар...

— Қаратау ауданының жалпы жер көлемi 32 мың гектарды құраса, тұрғын саны — 213 мың адам. Аудан аумағына 17 шағынаудан мен 13 тұрғын үй алабы енген. Екi жыл iшiнде ауданымыздың толыққанды жұмыс iстеуiне барлық жағдайлар жасалды деуге болады. Тиiстi мемлекеттiк құрылымдар мен мекемелер құрылып, қазiргi таңда өз қызметтерiн атқаруда.

Келген бетте әуелi елдi мекендер мен шағынаудандарды аралап шықтым. Ондағы мақсат — түйткiлдi мәселелерге қанығу. Ауданға қарасты елдi мекендердiң газ, су, жылу, электр энергиясы, сосын инфрақұрылым жүйелерi сын көтермейтiн жағдайда екен. Не iстеу керек? Өзiңiз бiлесiз, бiздiң ауданнан сайланған 2 облыстық, 6 қалалық мәслихаттың депутаты бар. Солармен бас қосып, жоспар түздiк. Одан бөлек, кәсiпкерлердi тартып, коммуналдық әрi әлеуметтiк мәселелердiң оң шешiлуiне қол ұшын созуын өтiндiк. Барлығы да өтiнiшiмiзге түсiнiстiк танытып, елдiң игiлiгi үшiн жасалатын жұмыстарға ортақтасатынын бiлдiрдi. Мiне, биыл қолға алынған 24 шақырымдық аяқжол салып, 16 шақырым жолға шағал тас төсеу — осы келiсiмнiң арқасында жүзеге асқан тiрлiктер. Оған қоса, көмекке мұқтаж тұрғындарға да қолдан келгенше жәрдем берiлуде. Бiр сөзбен айтқанда, осындай елшiл азаматтардың көмегi көптеп тиiп жатыр. Бiз тек қамқоршы азаматтарды ұйымдастыруға ұйытқы болудамыз.

Әрине, ауданды түлетсек деген жоспарымыз көп. Алайда, соларды жүзеге асыруға қолбайлау болатын басты себеп — өз бюджетiмiздiң жоқтығы. Барлық мәселе қала бюджетi арқылы шешiледi. Бiрақ, «жоқ» екен деп қол қусырып отырғанымыз жоқ. Қолдан келгенше, жұмыс iстеп жатқан жайымыз бар.

— Ауданға жаңадан қосылған елдi мекендер көп. Ондағы халықты таза ауызсу, табиғи газ, электр энергиясымен қамтамасыз ету қалай жүзеге асып жатыр?

— Қаратау ауданы – Шымкент қаласындағы ең жас аудандардың бiрi. Өзiңiз бiлесiз, түйiнi көп коммуналдық шаруашылықтың тасы бiрден өрге домалауы қиын. Әйтсе де, қордаланған мәселелердi оңтайлы шешудiң жолдарын қарастырып жатырмыз. Негiзi, аудандағы ең өзектi мәселенiң бiрi ауызсу екенi жасырын емес. Көпшiлiгi суды тасымалдап не болмаса құдықтан iшедi. Қалғандарына кесте бойынша берiледi. Әсiресе, «Асар-2», «Достық», «Нұртас» шағынаудандары мен «Қайнарбұлақ» алабында бұл мәселе өзектi-тiн. Биыл осы аудандарға қазынадан тиiстi қаржы қаралып, орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесiн iске қостық. Ал, тоғыз жылдан берi суды тасып iшетiн «Тұран» шағынауданына ұзындығы 4385 метр болатын магистральды құбыр тарту үшiн бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс берiлдi. Алдағы уақытта «Тассай», «Сайрам» тұрғын үй алаптары мен «Қайнарбұлақ», «Бозарық» саяжайларын ауызсумен қамту үшiн жобалық-сметалық құжаттамалар әзiрленуде.

Ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесi әлi де өткiр күйiнде. Яғни, 13519 тұрғын үйдiң «көгiлдiр отынға» қолы жетпей отыр. Биыл «Таскен» тұрғын үй алабы мен «Мирас» шағынауданын газдандырдық. Ал, «Асар-2», «Бозарық», «Тұран», «Тассай», «Сайрам», «Қайнарбұлақ», «Жаңа құрылыс», «Достық» шағынаудандарын табиғи газ жүйелерiмен қамту алдағы үш жылда кезең-кезеңмен жүргiзiледi.

Сапалы жарық беруде де түйткiлдi мәселелер көп. Бiздегi трансформаторлардың көбiсi жекенiң қолында. Көпшiлiгiнiң сапасы сын көтермейдi. Осының алдын алу үшiн биыл «Ақжайық», «Қайтпас», «Достық-2» шағынаудандары мен «Қайнарбұлақ» саяжайын сапалы электр жарығымен қамтамасыз еттiк. Келесi жылы «Азат», «Асар-2», «Бозарық», «Нұртас», «Тассай», «Тұран», «Қайнарбұлақ» тұрғын үй алаптарын жарықтандыру жұмысы жалғасын табады. Сонымен бiрге ұзындығы 93 шақырымдық 82 көшеге жарықшамдар орнатылды. Бұл жұмыстардың көбiсi әлеуметтiк жауапкершiлiк шеңберiнде жүзеге асқанын айта кеткен жөн.

— Жақында Тәуелсiздiктiң 25 жылдық торқалы тойын атап өтпекпiз. Қаратау ауданы ұлық мерекенi қандай табыстармен қарсы алмақ?

— Қаратау ауданы — тәуелсiздiктiң төл тумасы деуге болады. Бақсақ, екi жылда қыруар шаруа атқарылыпты. Жас аудан бүгiнде әсемдiгi жағынан ғана емес, адамдардың өмiр сүру жайлылығы үшiн алдыңғы қатарлы аудандардың тiзiмiне енуге ұмтылып келедi. Қаланың ажарын ашар «Шымкент-Сити» жобасы ауданның аумағында бой көтермек. Соңғы үлгiдегi заманауи көпқабатты үйлердiң басым көпшiлiгi Қаратау ауданында салынып жатыр. Бiр мезгiлде 8 мың адам құлшылық ететiн жаңа мешiттiң де менмұндалайтын күнi алыс емес. Сонымен бiрге келешекте озық технологияға жауап беретiн инвестициялық жобалардың осында жүзеге асырылатыны да ауданның әлеуетiн көтере түспек.  Дегенмен, жеткен жетiстiгiмiз осымен шектелмесi анық. Алдымызда биiк меже бар. Биiк болса да бағындырылатын меже. Қаратау ауданының қазiргi аяқ алысының өзi-ақ бұған зор дәлел бола алады.

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстiк Қазақстан».

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Жұлдызды 25 күн
Келесі жаңалық
Қайырымдылық жәрмеңкесi