$ 444.22  476.38  4.82

Мерекелiк қарбалас пен қауырт жұмыс қатар өрбiдi

Өтiп бара жатқан аптада бүкiл республикадағы секiлдi, Оңтүстiк Қазақстан облысында да Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығын кең көлемде атап өтуге бағытталған iс-шаралар басталып кеттi. Облыс әкiмi бұл аптада мерекелiк шараларға қатысумен қатар, облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелердi де ұмыт қалдырмады. Сонымен, өңiр басшысының жұмадан жұмаға дейiнгi атқарған iстерiне тоқталар болсақ...

Инвестиция қашанда басты назарда

Өткен аптаның соңында облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев бауырлас Әзiрбайжан елiнен келген делегацияны қабылдады. Әзiрбайжанның елiмiздегi төтенше және өкiлеттi елшiсi Рашад Маммадаров бастап келген топтың құрамында осы елдiң iшкi iстер министрлiгi өкiлi Насими Шикаров пен кәсiпкерлер одағының төрағасы Гюндуз Маммадли және осы елдiң беделдi кәсiпкерлерi болды.

Экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған кездесуде өңiр басшысы Оңтүстiкке арнайы ат басын бұрған қадiрмендi қонақтарға алғысын бiлдiрiп, әзiрбайжандық инвесторлардың қатысуымен болып жатқан және болашақтағы бiрлескен жобалар жайын таныстырды. Сондай-ақ, жиында облыстың ауыл шаруашылығы саласымен қатар, кәсiпкерлiк, туризм бағытындағы жоспарлары мен жетiстiктерi туралы әңгiме өрбiдi.

Жалпы, Қазақстан мен Әзiрбайжан арасында экономикалық ынтымақтастық дұрыс жолға қойылған. Мұны 2016 жылдың 9 айында екi елдiң арасындағы тауар айналымы 112,1 млн. АҚШ долларын құрағанына, бұл көрсеткiштiң өткен жылмен салыстырғанда 47,4 пайызға көп екенiне қарап аңғаруға болады. Дегенмен, бұл ынтымақтастықты одан әрi тереңдетуге, әсiресе, Оңтүстiк өңiрде мүмкiндiк мол. Әзiрге әзiрбайжандық инвесторлардың қатысуымен облыста бiр кәсiпорын жұмыс iстеп тұр. Ол жұмсақ және кеңселiк жиһаздар шығарады. Бұл кәсiпорынға салынған инвестиция көлемi 3,8 млрд. теңгенi құрайды.

Облыс басшысы өңiрде инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалғанын, экономикаға қаржы құямын деушiлерге жан-жақты қолдау көрсетiлетiнiн жеткiздi. Кездесудiң қорытындысы бойынша қос тарап арнайы жұмыс тобын құрып, нақты ұсыныстар мен жобаларды қарастыратын болып келiстi. Сонымен бiрге, әкiм елшi мырзаға Шымкент пен Әзiрбайжанның бiр шаһарын «бауырлас қалаларға» айналдыру ұсынысын жеткiздi. Мұны құп көрген Р.Маммадаров осы идея негiзiнде жұмыс iстеуге дайын екенiн мәлiмдедi. 

Оңтүстiкте той басталды, бұрын-соңды болмаған...

Өтiп бара жатқан аптаның басында Оңтүстiк Қазақстан облысында Тәуелсiздiктiң 25 жылдығын тойлау басталып кеттi. «Ұлы дала елi – Тәуелсiздiктiң 25 негiзi» жұлдызды 25 күн акциясының тұсауын облыс басшысы Ж.Түймебаев ашты. Әкiм зиялы қауым өкiлдерi және еңбек ардагерлерiмен бiрге егемендiк жылдарындағы республика және облыстың жетiстiктерiн паш еткен көрменi тамашалап, соңынан ел Конституциясын ұлықтауға арналған салтанатты жиында сөз сөйледi.

Ұйымдастырушылардың аталған мерекенi әдеттегiден өзгеше етiп өткiзуге ұмтылғаны көрiнiп тұрды. Егiз туған балалардың ата-аналарына туу туралы куәлiгiн, өнерiмен танылған, оқуда озат болған жасөспiрiмдерге жеке куәлiктерiн, мереке қарсаңында шаңырақ көтерген жас жұбайларға неке куәлiктерiн облыс басшысы салтанатты жағдайда табыс еттi. Мұның барлығы адам өмiрiндегi басты қуаныштар екенi аян. Тәуелсiздiк тойының осындай қуаныштармен қатар өрiлуi көпшiлiктiң көңiлiн жадыратып жiбердi.

Анкарадай қала салсақ, арман не?!

Облыс әкiмiнiң осы қызметке кiрiскелi ерекше назар аударған мәселелерiнiң бiрi – Шымкент қаласының дамуы. Қаланы жасыл желекке айналдыруға пәрмен берiп, қай көшеге қандай ағаш егу керектiгiне дейiн айқындап бердi. Көпқабатты тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыруға қатысты шаруаларды да атқарды. Бiрақ, қаланы шын мәнiндегi заманауи мегаполиске айналдыру iсi ағаш егiп, үй салумен шектелмесi анық. Ендi не iстеу керек? Қалаларды көркейту мен дамытудағы әлемдiк тәжiрибеге арқа сүйеген оңды болмақ.

Өткен аптада облыс әкiмi Шымкенттiң дамуына қатысты алқалы мәжiлiс өткiзiп, оған Түркия астанасы – Анкара қаласы мэрiнiң орынбасары Рамазан Кабасакалды шақырды. Яғни, облыс орталығын дамытуда осы қаланың тәжiрибесi басшылыққа алынбақ. Анкараға тоқтаудың себебi тек Ж.Түймебаевтың Түркияда елшi болуында ғана жатқан жоқ. Анадолының орталығы соңғы 25 жыл бойына әлемдегi ең қарқынды әрi орнықты дамып келе жатқан қалалардың бiрi. 1923 жылы 5 мың ғана тұрғыны бар ауыл болған Анкара ғасырға жетпейтiн уақытта 5,5 миллион халқы бар алып шаһарға айналды. Демек, өңiр басшысының Шымкент қаласының әкiмi Ғ.Әбдiрахымов пен облыстық басқармалар басшыларының алдына Кабасакалды шығарып, оның тәжiрибесiнен үйренiңдер деуi тектен-тек емес.

Бiздiң басшыларды Анкараның ескi аудандардағы жер үйлердi бұзып, жаңа көпқабатты үйлер салудағы тәжiрибесi ерекше қызықтырды. Бұл iстiң  қалай жүзеге асқанын арнайы сызба кестелерi арқылы түсiндiрген Р.Кабасакал жобаның шығынсыз әрi барлық жағынан тиiмдi болғанын жеткiздi. Мәселен, иелiгiнде 330 шаршы метр жерi бар отбасыға сол аумақта салынған көпқабатты зәулiм үйден жер телiмiнiң ақысы есебiнен 80 шаршы метрлiк пәтер берiлген. Осы тәртiп бойынша 416 шаршы метр жерi барларға 100 шаршы метр, ал, 500 шаршы метр жерi барларға 120 шаршы метрлiк пәтерлер үлестiрiлген. Пәтерiн кеңейткiсi келетiндерден қосымша қаржы талап етiлген. Көпқабатты тұрғын үй айналасын абаттандыру, жол салу, яғни, бүкiл инфрақұрылымдық жұмыстардың барлығын муниципалитет өз мойнына алған. Осылайша Түркия астанасының 5 ауданы толықтай жаңартылған.

Бүгiнде Анкараға жылына 12 миллион турист барады екен. Бұл қаланың ғана емес, бүкiл елдiң экономикасына соны серпiн берiп отыр. Бiз де Шымкенттi Анкарадай мегаполиске айналдыра алсақ, арман не?! Оған қол жеткiзу үшiн Шымкент қаласының әкiмi бастаған топ Анкараға тәжiрибе алмасу мақсатында сапарлап қайтатын болды.

«Сиқыр жауып аспаннан, Оңтүстiкке қар түстi...»

Белгiлi ақын Бақытжан Алдиярдың осылай басталатын өлеңi өтiп бара жатқан аптадағы ауа райын дәл бейнелейдi. Иә, алғашқы қардың түсуi айналаны ақ ұлпаға орап, әсем кейiпке енгiзгенiмен, аяз бен көктайғақ тұрғындарды бiршама әбiгерге салғаны рас. Осыны ескерген облыс басшысы коммуналдық қызметтердiң қысқы маусымға әзiрлiгiн тағы бiр пысықтады.

Облыс әкiмi облыстық төтенше жағдайлар департаментiнiң қызметкерлерiмен кездесiп, онда департамент бастығы, азаматтық қорғау подполковнигi Н.Дербiсов қыс мезгiлiндегi төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар жайын баяндады. «Қыс — 2016» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткiзу кезiнде облыс бойынша республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға қызмет көрсететiн жол техникаларының дайындығы тексерiлген. Жалпы, қыс мезгiлiнде 4330,3 шақырым облыстық дәрежедегi жолдарға қызмет көрсетiледi. Оның iшiнде 1943,3 шақырым жол бiрiншi кезекте қардан тазаланса, 433 шақырым жол қауiптi учаскелер аймағына кiредi.   Сондай-ақ, қауiптi жолдардың төрт бағытында ОҚО ТЖ департаментiнiң жоғары өтiмдi техникасы бекiтiлген, олардың жалпы саны 63 бiрлiктi құрап отыр.

Облыс әкiмi департамент басшысына қыс мезгiлiнде инерттi материалдар қорының жеткiлiктi болуын және техникалардың үнемi дайындықта тұруын мiндет етiп жүктедi. Сонымен қатар, облыстық асуларда орналасқан жылыту пункттерiнде қатты отынның жеткiлiктi болуын қадағалауды облыс әкiмiнiң орынбасары Ж.Бөкенбаевқа тапсырды. Сондай-ақ, әкiм Н.Дербiсовке боран мен көктайғаққа дайын болуды, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағытындағы жұмыстарды күшейтудi мiндеттедi.

Сәрсенбiнiң сәттi күнiнде...

Сәрсенбiнiң сәттi күнiнде Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Жансейiт Түймебаев «Қазақстан Халық Банкi» АҚ директорлар кеңесiнiң төрағасы Александр Павлов және басқарма төрағасы Үмiт Шаяхметовамен кездестi. Өзара әңгiмеде тараптар Оңтүстiктiң әрбiр үшiншi тұрғыны аталған банктiң клиентi екенiн алға тартып, оның елдiң экономикасы мен халықтың әл-ауқатын көтерудегi үлесiне тоқталды. 

Мұнан соң әкiм құрметтi қонақтармен  бiрге «Қазақстан Халық Банкi» АҚ-ның Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалының Шымкент қаласында жаңадан бой көтерген ғимаратының лентасын қиып, салтанатты жағдайда пайдалануға тапсырды.

Сондай-ақ, осы күнi облыс әкiмi мен Түркияның мәдениет және туризм министрлiгiнiң тренер шеберлерi – Джеззим Оздемир және Мурат Озен, Түркиядағы турагенттiктер қауымдастығының уәкiлеттi өкiлi Чери Эрдалдың кездесуi өттi. Оңтүстiктегi туризм саласының мамандарын оқытуға келген делегация мүшелерiмен болған отырыста тараптар аймақтағы аталмыш саланы дамыту жайын талқылады.

Басқосуда өңiр басшысы облыстың туристiк әлеуетiнiң жоғары екенiн айтып, түркиялық туризм саласы бiлгiрлерiнiң бұл салада мол тәжiрибесi барын жеткiздi.

Оңтүстiк Қазақстан облысындағы туристiк фирмалардың қызмет көрсету деңгейiн жақсарту үшiн апталық оқу курсын өткiзуге келген түрiк делегациясы туристiк операторлардың бiлiктiлiгiн жетiлдiру, мейрамхана бизнесiне баулу және қонақүй менеджментiне үйрету тақырыптарынан тұратын үш кезеңдi шеберлiк дәрiстерiн өткiздi. Оған туризм саласының 70-тен астам маманы қатысты. 

"Оңтүстік Қазақстан"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары