$ 439.43  473.31  4.82

Бiрлiктен асқан байлық жоқ

Тәуелсiздiгiнiң ширек ғасырлық мерейтойын атап өткелi жатқан Қазақстанның көп елдерге ұқсай қоймайтын өзiндiк ерекшелiгi бар. Ол – қасиеттi қазақ жерiне тағдырдың жазуымен келiп, тұрақтап қалған өзге ұлттар мен ұлыстардың көптiгiнде және сол түрлi этностардың қазiргi таңда жерiмiзде бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаратындай тату-тәттi өмiр сүрiп келе жатқанында дер едiк. Түрi басқа болғанымен, тiлегi бiр, жүзi басқа болғанымен, жүрегi бiр тұтас халыққа айналды. Елбасының: «Бiз тыныштық арқылы тұрақтылыққа, татулық арқылы тұтастыққа қол жеткiздiк» деуiнде бүкпесiз шындық жатыр. Елбасы ұсынған сара саясаттың ең ұтымды тұстарының бiрi елдегi халықтар достығын баға жетпес байлыққа балап келемiз.

Әрине, Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен келiсiм тақыр жерден пайда бола қалған жоқ. Президент айтқандай, ол нақты iс-әрекетiмiздiң нәтижесiнде қанат жайды. Бұл саясаттың бастауы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жөнiнде алғаш идея көтерген кезiнен арна тартады. Мұны Елбасы тәуелсiздiктiң бiрiншi жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтқан едi. Аталмыш бастама Президенттiң 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қоюы негiзiнде жүзеге асты. Ал, 2007 жылы Ата Заңымызға енгiзiлген өзгерiстер Ассамблеяға конституциялық мәртебе берiп, ол Парламент Мәжiлiсiне тоғыз депутат сайлау құқығын алды. Осылайша құрылымның қоғамдық-саяси рөлi арта түстi.

Ассамблея тәуелсiздiк жылдарында елiмiздегi этносаралық келiсiмдi, халық бiрлiгiн одан әрi нығайту жолындағы қызметiн барынша адал атқарып келедi. Оның сыртында этномәдени бiрлестiктердiң күш бiрiктiруiн, тiлдерi мен дәстүрлерiнiң сақталуы мен өркендеуiн қамтамасыз етуде зор мiндеттер атқаруда. Осыған орай елiмiздегi өзге ұлт өкiлдерi Қазақстан халқы Ассамблеясының маңайына топтасып, өздерiнiң салт-дәстүрлерi мен мәдениетiн дамыта бастады. Өз кезегiнде бұл республика аумағында этномәдени бiрлестiктер санының өсуiне де әсер еттi. Бүгiнде олардың қатары елiмiзде 800-ден асады.

Ал, үш миллионға жуық тұрғыны бар Оңтүстiк Қазақстан облысында бүгiнде 20 этномәдени бiрлестiк нәтижелi жұмыс атқарып келедi. Осы бiрлестiктер жанындағы жастар қанаттары мен жексенбiлiк мектептер ортақ құндылықтар негiзiнде қазақстандық патриотизмдi дамыту жолында тың жобаларды жүзеге асыруда.

Бүгiнге дейiн облыстағы барлық аудандар мен қалаларда және ауылдық оркугтерде құрамына белгiлi азаматтар, беделдi ақсақалдар, этномәдени бiрлестiктер мен жастар ұйымдарының өкiлдерi кiретiн, барлығы 1603 азаматтан тұратын 197 Қоғамдық келiсiм кеңесi құрылып, жергiлiктi жерлердегi өзектi мәселелердi шешу бағытында белсендi қоғам мүшелерiмен бiрге үйлесiмдi жұмыс жасауда.

Былтыр Елбасы Жарлығымен қазақстандық бiрегейлiк пен бiрлiктi нығайту және дамыту тұжырымдамасы бекiтiлдi. Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында қабылданған құжат жаңа қоғамдық қатынастарға негiзделген.

Бiз «Ырыс алды – ынтымақ» деген тәлiмдi санаға құйып өскен халықтың өкiлi ретiнде «бiрлiк бар жерде тiрлiк бар» екенiн де ешқашан жадымыздан шығармаған ұрпақпыз. Сондықтан бiрлiктен өткен байлық жоқ екенiн бiлемiз. Ал, қаншама жылдардан берi елiмiздi мекен етiп келе жатқан 130-дан асқан ұлт пен ұлысқа пана болып, олармен бiр атаның баласындай, бiр қолдың саласындай жағдайда тiршiлiк етiп келе жатқанымыз – сол татулық пен достықты, сыйластық пен келiсiмдi бағалай бiлуiмiздiң арқасы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары