$ 449.58  486.94  4.86

Тәуелсіз елдің жастары болашаққа сеніммен қарайды

«Жастық шақ – бұл тамаша кезең, оны рәсуа ету қылмыс» деген екен Бернард Шоу. Кез келген ел өзiнiң болашағын жастарымен байланыстырады. Тәуелсiз елде өмiр сүрiп жатқан жастарға өзiн таныту үшiн мүмкiндiктер өте көп. Бүгiнгi күн – талантты, жiгерлi, өзiне сенетiн, арманға бай және оларды жүзеге асыруға ерiк-жiгерi бар жастардың уақыты. Мемлекет жастардың өмiрiн дұрыс жолға салу үшiн барлық жағдайды жасап отыр.

1989 жылы облыста 501 539 жас болса, тәуелсiздiк алғалы бұл көрсеткiш бiршама өстi. Егемен ел болған жылдардың алғашқы кезеңiнде облысымыздағы 14-29 жас аралығындағы бозбала мен бойжеткеннiң саны 502 мыңнан асып жығылса, 2016 жылы 767 963-ке жетiп отыр.

«Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында өңiрiмiзде бар-жоғы 4 жоғары, 39 кәсiптiк-техникалық колледж болған. Ал, бүгiнгi күнi ЖОО саны 12-ге жетсе, кәсiптiк-техникалық колледждер саны 90-ға жуықтады. Онда 150 мыңнан астам жас бiлiмiн жетiлдiруде. Мұның бәрi тәуелсiз елдiң жастарына ұсынылып отырған зор мүмкiндiк. Бiлiмiн жетiлдiруге, арман-мақсатын iске асыруға барлық жағдай жасалып отыр» дейдi облыстық жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi басқармасының басшысы Болат Жанәбiл.

Елбасы Қазақстанның қазiргi заманға сай дамуын жастармен байланыстырады. Яғни бiлiмдi, сауатты ұрпақ ел келешегiн кемелдi, болашағын айқын етiп көрсетедi.

2009 жылы тамыз айында мамандарға арналған «Дипломмен—ауылға!» бағдарламасы бастау алған болатын. Аталған бағдарлама негiзiнде облыс жастары бiлiм, денсаулық сақтау, әлеуметтiк, мәдениет, спорт және ветеринария саласы бойынша жұмысқа орналасты. 2009 жылдан бүгiнгi күнге дейiн 4 226 жас бағдарлама бойынша жолдамаға ие болды. Олардың 1 338-i баспанамен қамтамасыз етiлдi. Ал, биыл республикалық бюджеттен 699 жас маманға жолдама берiлсе, 300 жас маманға тұрғын үй алу үшiн несие қарастырылып отыр.

Жастардың болашағын жарқын етуге бағытталған iс-шаралар елдiң  ең маңызды бағдарламасы болуға тиiс. Жастарды өркениетiмiздiң болашағына кепiл болатындай, келешегiмiздi солардың қолына сенiп тапсыра алатындай етiп тәрбиелеу қажет.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзiнде «XXI ғасырды бiз жаһандық сын-қатерлер дәуiрi ғана емес, жас, қуатты және талантты адамдардың дәуiрi деп те атаймыз. Қазақстанда бүгiнде әрбiр төртiншi азамат жас ұрпақтың өкiлi. Менi сiздердiң бiлiмдерiңiз, шет тiлдердi меңгергендерiңiз, инновацияға ашық болуға талпыныстарыңыз қуантады. Араларыңызда ақылы мен бiлiмi қазiрдiң өзiнде Отанымызға пайдасын тигiзiп жатқан жастар аз емес. Әлем жұрты көп ұзамай жаңа казақстандық ғалымдар, дәрiгерлер, инженерлер, музыканттар мен спортшылар туралы естiп-бiлетiнiне мен сенемiн» дедi.

Елбасы жастарды ұсынылып отырған мүмкiндiктердi назардан тыс қалдырмауға шақырады. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында жастарды қолдауға бағытталған шаралар аз емес. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Бизнестiң жол картасы – 2020», «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел» жобалары арқылы жарты миллион қазақстандық жас жұмыспен қамтылған.

Уақыт өткен сайын iлгерi жылжыған Оңтүстiк өңiрiнiң дамуында жастардың мүддесi жиi қорғалуда. Жалпы, мемлекет болып жүзеге асыруды бастаған «Бес институционалдық реформаның» «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары кең ауқымды бағдарлама ретiнде мемлекеттiк жастар саясаты саласын үздiктер қатарына қосып, жас ұрпақтың болашағы мемлекет болашағы үшiн үлкен мүмкiндiктердi ашатыны даусыз.

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Келесі жаңалық
Баға жетпес байлығымыз