$ 443.85  474.3  4.8

Мақсат — ортақ, мүдде – бiр

«Арыс - тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. Мұндағы халықаралық маңызға ие темiржолдың мүмкiндiгiн тиiмдi пайдалануға болады. Кезiнде ғасыр жобасына баланған Көксарай су қоймасының да аймаққа тигiзер шарапаты мол. Алайда, өзгелерде жоқ осы игiлiктердi арыстықтар қажетiнше пайдаға асыра алмай келедi». Облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев Арыс қаласына жасаған жұмыс сапарында осылай дедi.

Арыста шешiмiн күткен мәселе көп

Облыс көлемiнде iрi сүт фермалары санаулы-ақ. Соның бiрi – Арыс қаласындағы «Қазына жер LTD» серiктестiгi. 2011 жылы құрылған серiктестiкте бүгiнде 800  iрi қара бағылады. Төлiмен қосқанда мыңнан асып жығылады. Оның 500-ге жуығы сауын сиыр. Заманауи техниканың көмегiмен күнiне 10 мың литр сүт сауылады. Яғни мұндағы әр сиыр 20 литрден сүт бередi. Алынған сүт күн сайын «Алтын дән» және «Фудмастер» зауыттарына жөнелтiледi. Сүт фермасының жұмысымен танысқан өңiр басшысы келешекте кешен аясында арнайы база қалыптастыру қажеттiгiн ортаға салды.

— Сиыр — күтiмi келiссе, пайдасы көл-көсiр түлiк түрi. Сүтiнiң өзiнен қаншама өнiм өндiруге болады. Жасыратыны жоқ, қазiргi тұтынып жүрген ағарған түрлерiнiң денi шетелден келедi. Соны неге өзiмiзде өндiрмеске?! Сондықтан мұндай iргелi фермаларды әр аудан, қалаларда қолға алуымыз қажет. Ол үшiн осында арнайы семинарлар ұйымдастырып, бұл кәсiппен айналысуды құптайтын кәсiпкерлерге бағыт-бағдар берумiз керек, — дедi облыс басшысы.

2009 жылы құрылған «Жаңа Ақдала» агрофирмасының бiр кездерi шаруасы шатқаяқтап, берекесi кеткен едi. Алайда, бүгiнде еңсе түзегенi байқалады. «ЮгАгроХолдинг» серiктестiгi 2 миллиард 300 миллион теңге инвестиция құйып, томат өңдеу зауытын қайта жандандыруды ұйғарыпты. Облыс әкiмi осы сапарында зауытқа арнайы соғып, тыныс-тiршiлiгiмен танысты.

Шымкенттiктер секiлдi арыстық тұрғындар да өз дендросаябағына баратын болды. Былтыр Арыс—Шымкент күре жолының бойынан 12 гектар жер белгiленiп, саялы саябақтың құрылысы басталған едi. Мiне, Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына орай жасыл желектi аумақ ел игiлiгiне берiлiп отыр. Облыс әкiмi саябақтың лентасын қиып, көпшiлiктi көрiктi орынның ашылуымен құттықтады.

— Бұл — Тәуелсiздiктiң ширек ғасырлық мерейлi тойына тамаша тартуы. Ендi әрбiр тұрғын көшет отырғызып, оны күтiп-баптап, саялы жердiң көркеюiне атсалысуы керек, — дедi өңiр басшысы.

Жансейiт Қансейiтұлы сапар соңында қала активiнiң қатысуымен мәжiлiс өткiздi. Қала әкiмi Мұрат Қадырбек ауданның әлеуметтiк-экономикалық дамуы жөнiнде хабарлама жасап, 10 айда атқарылған жұмыстарды екшеп шықты. Қаланы дамыту мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту  бағытындағы жоспарларын алға тартып, өзектi мәселелердi ортаға салды. Облыс басшысы кетеуi кеткен кемшiн тұстарды атап, шешiмiн табуы тиiс бiрқатар мәселелердi аудан басшысының назарына салды. Әсiресе, кiрiс көздерiн көбейту, жұмыссыздықтың алдын алу, сонымен бiрге, бiлiм, денсаулық сақтау, құқық қорғау саласындағы түйiндi мәселелердi тез арада шешудi тапсырды.

Отырарда туризмнiң көкжиегiн кеңейту қажет

Облыс әкiмiнiң сапары Отырар ауданында жалғасты. Алдымен Темiр ауылына аялдаған Жансейiт Қансейiтұлы «Агро-Азия» серiктестiгiне қарасты жүгерi өңдеу кәсiпорнының ашылу рәсiмiне қатысты.

— Өздерiңiзге белгiлi, бұл аудан Кеңестер Одағы кезiнде жүгерi өсiруден республикада алдыңғы орындардан көрiнетiн. Әйтсе де бұл үрдiс кейiнгi жылдары үзiлiп қалғандай едi. Отырарлықтар игi дәстүрдi қайта жалғастырып, биыл 27 мың тоннадан аса жүгерi жинап отыр. Ендi келген ырысты шашпай-төкпей жаңа кешенде өңдеп, игiлiкке жұмсау қажет, — дедi өңiр басшысы.

Қуаттылығы 10 мың тонналық кешенде жүгерiден 17 түрлi өнiм шығарылады. 50 адамды жұмыспен қамтыған кәсiпорын алдағы уақытта өнiмдерiн Қытай, Иран елдерiне экспорттауды жоспарлап отыр.

Статистикаға сүйенсек, биыл Арыстанбаб кесенесiне тәу етуге 78 мың турист келген. Оның 8 мыңы шетелдiктер. Келесi жылы «ЭКСПО—2017» халықаралық көрмесiнiң өтетiнiн ескерсек, туристердiң саны еселене түспек. Бұл аудан үшiн мәртебе әрi сын болмақ. Осы орайда келушiлерге қолайлы жағдай жасау, мiнсiз сервистiк қызмет көрсетудiң қажеттiгi айқын аңғарылады. Облыс басшысы кесенеде болып, тарихи нысанның айналасын абаттандыру жоспарымен танысты.

— Жоспар мiнсiз, бiрақ әлi де толықтыратын тұстары бар. «Кеңесiп пiшкен тон келте болмас» дегендей, жобаны тағы да сүзгiден өткiзiп, осы саланың мамандарының пiкiрiн тыңдап көрейiк, — дедi Жансейiт Қансейiтұлы.

Мұнан соң өңiр басшысы Шәуiлдiрдегi «Қолжетiмдi баспана» бағдарламасы аясында салынған 10 тұрғын үйдiң ашылу салтанатына қатысты. Жаңа қоныс иелерiн құттықтап, мемлекеттiң бұл бағыттағы көмегi әлi де жалғасатынын жеткiздi. Аудан әкiмiнiң айтуынша, бүгiнде 716 азамат үй кезегiне тiркелген. «Жаңа баспана кезегiмен берiледi. Алғашқы легi 180 пәтерге қоныстанып жатыр. Алдағы уақытта 450 пәтерлi 25 үйдiң құрылысын жүргiзудi жоспарлап отырмыз»  дейдi аудан басшысы Ерлан Айтаханов.

«Отырар Ет-Сүт» ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативi ет пен сүттен бөлек, «Маяқұм» шұбатын өндiрумен айналысады. 67 шаруа қожалығының басын бiрiктiрiп отырған кооперативте 700-ге жуық түйе, 90  сиыр бар. Iргелi ұжымның өнiмi елiмiздiң алты облысында саудаланады екен. Облыс әкiмi кооперативтiң шұбат өңдеу цехын аралап, жұмысшылармен тiлдестi. Шұбатты ұнтақ түрiнде шығаруға ниеттенiп жатқан кооператив басшысына облыс тарапынан жан-жақты қолдау көрсетiлетiнiн жеткiздi.

Өңiр басшысының киелi аймаққа жасаған жұмыс сапары аудан активiнiң мәжiлiсiнде қорытындыланды. Отырардың 10 айдағы әлеуметтiк-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстары мен өзектi мәселелер жөнiнде аудан әкiмi Е.Айтаханов хабарлама жасады. Облыс басшысы қордаланған мәселелер жөнiнде пәрмендi шаралар қабылдауды жүктеп, Тәуелсiздiктiң 25 жылдық мерекесiн жоғары деңгейде ұйымдастыруды жүктедi.

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары