$ 444.22  476.38  4.82

Баға жетпес байлығымыз

Ынтымағы жарасқан көпэтносты Қазақ елі өз тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейлі мерекесін салта­натты жағдайда атап өтуде. Еш­қашан да мыз­ғымайды деп айтылатын тоталитарлық супердержава – Кеңестер Одағы 1991 жылы ыдырап, өзінің өмір сүруін біржолата тоқтатты. Қа­лып­тасқан тарихи жағдайға орай Одақ құра­мындағы респуб­лика­лар өз тәуелсіздіктерін жариялап жат­­ты. Сол жылдың 16 желтоқсанында республикамыздың Жоғарғы Кеңесі еліміздің тәуел­сіздігі туралы Консти­туциялық заңын қабылдады. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы атты тәуелсіз мемлекеттің әлем картасынан орын алғандығын бүкіл әлемге паш етті. Осылайша ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған егемендік арманнан шындыққа айналып шыға келді.

Азаттыққа жету жолы халқымыз үшін тым ауыр, сүдігерлі әрі соқпақты болды. Қазақ елінің жоңғарлармен, ортаазиялық хандықтармен ұзаққа созылған соғыстары, қала берді патшалық Ресей мен тоталитарлық қызыл империя құрамындағы бодандық орны толмас қасірет еді. Халқымыз мың өліп, мың тірілді. «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» демекші, мұң мен зарға толы «Елім-ай» әні сол жылдардың айшықты айғағы.

Ресей империясына бодан болған алғашқы күннен бастап, яғни 1731 жылдан 1986 жылдың желтоқсанына дейін 700-ге жуық ұлт-азаттық көтеріліс пен қозғалыс орын алды. Өткен ғасырларда Қазақ елі талай рет демографиялық апаттарға да ұшырады. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында халықтың 40 пайызынан ай­рылды. Ал, 1916 жылы 5 миллион 600 мыңға жеткен қазақтың 1916-1922 жылдардағы аштықтан 1 миллионы опат болды. Ықтиярсыз күш­теп ұжымдастыру салдарынан орын алған 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтан қазақ халқының 49 пайызы қырылып, 1 миллионға жуығы шетелдерге босып кетті. Осылайша 1933 жылы өзінің атамекенінде небәрі 2 миллион 493 мың ғана қазақ қалды. XX ғасырдың бірінші жартысында халқымыз түрлі нәубеттен қырылғаны бар, өзге елдерге босып кеткені бар — барлығы 5 миллион адамын жоғалтты. Бұл аса ауыр трагедия еді. 1870-1970 жылдар аралығында орналастырылған лагерьлер жүйесін, неміс және жапон тұтқындарын есептемегенде Қазақстанға 7 миллионға жуық адам көшірілді. Осындай сойқан саясаттың салдарынан 1959 жылы қазақтар өзінің тарихи атамекеніндегі халықтардың бар-жоғы 29 пайызын ғана құрады.

Патшалық дәуірдегіден де асып түскен күштеп орыстандыру саясаты кеңестік кезеңде мүлде асқынып, тіпті шырқау шегіне жетті. Қазақ мектептері жабылып жатты. Бізге өмір сыйлаған ана тіліміздің қолданыс аясы мүлде тарылды. Осының салдарынан ғасырлар бойы қалыптасып, бізге мұра боп қалған ұлттық құндылықтар — салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз, яғни ділі­міз көмескіленіп кетті. Халық, әсіресе, жастар жағы мәңгүрттене бастады. Ұлттық педагогиканың інжу-маржаны іспеттес «Үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға қошемет» қағидаты ұмытыла бастады. Өкінішке қарай, бұл сорақы саясаттың салдарын біз әлі күнге дейін сезінудеміз. Жоғарыда аталған небір нәубетті жылдарда болмаған қарттар үйі дегендер пайда болып, «әкесін соған тапсырыпты», «шешесіне жәбір көрсетіпті» дегенге де құлағымыз үйренгендей. Дана қазақта «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген ұлағатты сөз бар. Бүгінгі нашақор ұлдар мен жеңіл жүрісті қыздар ертең елге тірек бола ала ма? Ойлағанда төбе шашың тік тұрады. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан ащы да болса ақиқатын айтайық, шара қолданып, алдын алайық.

Территориялық аумағы жөнінен әлемде 9-орынға ие Қазақстанның кеңестік кезеңде көптеген жері ядролық, биологиялық қаруларды сынайтын полигонға айналды. 1949 жылдың 29 тамызынан бастау алған Семейдегі ядролық полигонның дүмпуі тек 1991 жылғы 29 тамыздағы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығынан кейін ғана тоқтады. Осы мерзімде өткізілген 500-ден астам ядролық жарылыс қазақ жерін улады, халқымыздың генефонын әлсіретті.

Жоғарыда аталған тәуелсіздік жолындағы қозға­лыстар мен ереуілдердің соңғы түйіні 1986 жылы өткен Желтоқсан көтерілісі болғаны та­рих­тан мәлім. Ендеше, тәуелсіздік бейбіт жолмен келген, біреудің бізге тартқан сый-сияпаты емес. Ол — бостандық жолында мерт болған халқымыздың аяулы ұлдары мен қыздарының көз жасымен және қанының өтеуімен келген тәуелсіздік. Ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздік — біздің бүгінгі таңдағы ең асылымыз, баға жетпес қазынамыз. 

Тәуелсіз ел атанғанымызға ширек ғасыр болды. Уақытты ғасырлармен, мыңжылдықтармен өлшейтін тарих үшін бұл — қас-қағым ғана сәт. Десек те, осы аз ғана мерзім ішінде қазақ мемлекеттілігі қалыптасып, ол тұрақты даму жолына түсті. Сонау 1997 жылы қабылданған «Қазақстан — 2030»  стратегиялық даму бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асты. Оның сәтті жалғасы ретінде ел дамуының «Қазақстан — 2050» стратегиялық бағдарламасы дүниеге келді.

Қазақ елі  —  көпэтносты, көпдінді мемлекет. Сондық­тан да Елбасымыз Н.Назарбаев саяси тұрақтылықтың басты кепілі этносаралық және дінаралық ынтымақты бір сәтке де назардан тыс қалдырған емес.

Сондай-ақ ел халқының айрандай ұйып, жұды­рықтай жұмылуында мемлекет құраушы ұлт бірлігінің де алар орны айрықша. Сондықтан да баршамыз болып, қазақ ұлтының өз ішіндегі рушылдық, жершілдік, яғни трайбализм көріністеріне қарсы ымырасыз күрес жүргізуіміз керек. Бұл тұрғыда Елбасымыздың «ру мен тайпаға бөліну — ұлттық тұтастықтан айрылудың өте қауіпті түрі» деген сөзі мен кемеңгер ұлы бабамыз Төле бидің: «Жүзге бөлінгендердің жүзі қара, руға бөлінгендердің құруға асыққаны, атаға бөлінгендер адыра қалады» деген аталы өсиетін ешқашан да есімізден шығармауымыз керек.

Тәуелсіздік жылдарында Елбасы жүргізіп отырған Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясаты салиқалы әрі жемісті болды. Еліміздің Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы, Ислам ынтымақтастығы ұйымдарына төрағалық етуі және ЭКСПО—2017 халықаралық көрмесінің елордамыз Астанада өтетіндігі, Қазақ елінің Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы  осының айғағы.

Сонымен, тәуелсіздік таңы атқаннан бері тіліміз, діліміз және дініміз қайта жаңғырып, еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Десек те, алдымызда алынар асулар мен бағындырар биіктер жетерлік. Сондықтан да Елбасымыз Н.Назарбаев ұсынған бес институционалды реформаны, оны орындаудың «100 нақты қадамынан» тұратын Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін аянбай еңбек ету баршамыздың қастерлі парызымыз болып қала бермек.

Саттар ҚУАШБАЙ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары