$ 447.4  477.55  4.76

Жаңа заманның сенiмдi қорғаны

Кеше Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай қолға алынған «25 жұлдызды күн» акциясы аясында шекара қызметшiлерiнiң салтанатты шарасы өттi. 

Салтанатты шарада елiмiздегi шекараның бекемдiгi, оның қарулы жасағы, яғни жаңа заманға сай әскери техникалармен жарақтануы туралы бейнеролик көрсетiлдi. Одан соң  ҚР ҰҚК Шекара қызметi «Оңтүстiк» өңiрлiк басқармасы бастығының орынбасары Ә.Төлегенов барша қауымды ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы мерекесiмен құттықтап, жеткен жетiстiктерге тоқталды.

— Елбасымыз «Әскерилер Отанымызды, жерiмiздi, шекарамызды нық қорғайды деп сенемiн» деп бiзге үмiт артып келедi. Ширек ғасырда ауыз толтырып айтарлықтай жетiстiктерге қол жеткiздiк. Мәселен, жыл басынан берi  шекаралық бақылау бөлiмшелерi 701 заң бұзушыны ұстаса, шекарадан заңсыз өтуге қатысты жалған құжат жасатқан 40 дерек анықталған. Ал, елiмiзге келуге рұқсаты жоқ 3114 азамат керi қайтарылды. Әрине, мұның барлығы да мемлекеттiк шекараны қырағы күзетiп жүрген әскерилердiң Отанын қорғауға қосқан үлесi, -- дедi Ә. Төлегенов.

Сонымен бiрге, өңiрiмiздегi шекаршылардың еңбегi де назардан тыс қалмады. «Оңтүстiк» өңiрлiк басқармасы штаб бастығының орынбасары Иван Кривенцов бұзақылардың қолынан нәзiкжанды әйелдi қорғаса, аға офицер М.Рысдәулетов өртке оранған пәтерден екi бүлдiршiндi аман алып шыққан. 

Ал, облыс әкiмiнiң орынбасары Ж. Бөкенбаев Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына арналған «25 жұлдызды күннiң» «Мемлекеттiк шекара» деп аталатын үшiншi күнiмен барша шекарашыларды құттықтады.

--- Ата-бабамыз армандаған ұлан-байтақ  шекарамыз нақтыланып, аумақтың тұтастығын дәлелдедi. Сiздер ұланғайыр жерiмiздi қорғауға, қауiпсiздiгiмiздi қамтамасыз етуге ерекше үлес қосып отырсыздар. Қиыншылығы мен жауапкершiлiгi мол мемлекеттiк шекараны күзету iсi аса қырағылықты, Отанға деген сүйiспеншiлiктi талап ететiнi сөзсiз, -- дедi Ж. Бөкенбаев.

Салтанатты шара аясында шекара шебiнде елiнiң қорғаны  болып жүрген бiрқатар азаматқа «Алғыс хаттар» табыс етiлдi. Шара соңы патриоттық әндер шырқалған концертке ұласты.

***

«Мемлекеттiк шекара» күнiнде Шымкент қаласындағы мектептердiң 10-11-сынып оқушыларынан құралған 200-ге жуық бозбаланың қатысуымен «Мен өз Отанымның батыл қорғаушысымын» атты сайыс өттi.

Олар саппен жүру, автоматты белгiленген бiр уақытта ашып-жинау, пневматикалық винтовкамен оқ ату, алғашқы көмек көрсету, кермеге тартылу, арқан тарту және кiр тасын көтеруден бәсекеге түсiп, әскери дайындықтарын көрсеттi.  Одан соң жастар Отанды қорғауда күнi-түнi көз iлмейтiн шекарашылар туралы қызықты деректi фильмдi тамашалады. Шара соңында ауған соғысы ардагерлерi мен шекара қызметкерлерi жас жауынгерлердi құттықтап, оларға Құрмет грамоталары мен кубоктер табыстады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары