$ 499.51  525.83  4.62

«Өзектi мәселелердi өзiмiз шешемiз»

Мақтаарал — Елбасы айтқандай, Оңтүстiктiң жүрегi. Мұнда 300 мыңнан астам тұрғын бар. Ырзықтарын Жер-Анадан тауып жүрген мақтааралдықтар еңбекқор әрi ұйымшыл. Ауданда мақта шаруашылығымен бiрге өндiрiс орындары да қарқынды дамып келедi. Осы үлкен ауданды басқаруға жүз күн бұрын Ғалым ИСМАЙЛОВ тағайындалған болатын. Ауданның тыныс-тiршiлiгiмен танысып, алдағы күндерге бағыт-бағдар түзуге, жаңа жоспарлар жасауға бұл аз мерзiм емес. Жаңа әкiмнiң ауданды әлеуметтiк-экономикалық тұрғыда дамытудағы қадамы қандай болмақ? Ел тәуелсіздігін алған соңғы 25 жылда қандай өзгерістер орын алды, қандай жетістіктер бар? Әңгiме осы бағытта өрбiдi.

— Ғалым Ыбырайұлы, сiз осыған дейiн де әкiмдiк салада жұмыс iстедiңiз. Дегенмен, қала мен дала жағдайында еңбек етудiң үлкен айырмашылығы бар. Арада өткен аз мерзiмде бұрыннан шешiмiн таппай келе жатқан мәселелердi айқындап, алға жаңа жоспарлар жасаған боларсыз. Әңгiменi осыдан бастасақ.

— Жаңа қызметке кiрiскендегi алғашқы шаруам ауданның жетiстiктерi мен өзектi мәселелерiн саралап, зерттеуден басталды. Мұнда экономиканың негiзгi саласы – ауыл шаруашылығы жылдан-жылға дамып келедi. Бiрiншi кезекте салада шаруалардың жоғары өнiм алуларына жағдай жасауымыз керек деп ойлаймын. Ол үшiн ағын судың қажеттi мөлшерде және тұрақты түрде берiлуiн қамтамасыз ету, жердi тиiмдi пайдаланып, құнарлылығын арттыру, шаруаларды тұқымдық шитпен қамтамасыз етудi шешудi қолға алдық.

Бұл жақта жазда ағын су тапшы. «Достық» каналы арқылы тиiстi ағын су мөлшерi берiлмеген жағдайда Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы атындағы каналдың сусорғыштары iске қосылады. Биыл да Шардара су қоймасынан ағын су алуға мәжбүр болдық. Осы кемшiлiктердi болдырмау мақсатында қазiрден бастап тиiстi мекемелер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi Су ресурстары комитетi, «Қазсушар» РМК мемлекетаралық келiсiмшарттардың уақытында орындалуын қадағалау, бақылау жөнiнде жұмыстар жүргiзiлуде. Сонымен қатар, «Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы» каналының су өткiзу қабiлетiн секундына 60 текше метрден 80 текше метрге жеткiзу жөнiнде модернизациялау бойынша жобалар қарастырылуда.

Аудан бойынша 137954 гектар жердiң 60 пайызы сорланған, 3540 гектары игерiлмей жатыр. Осы егiстiк жерлер көлемiнiң мелиоративтiк және ирригациялық жағдайын жақсарту мақсатында 726 тiк дренажды ұңғымаларды қалпына келтiру қажет. Бүгiнгi таңда «Қазсушар» РМК және  «Мақтаарал тiк дренажды ұңғымаларды пайдалану» өндiрiстiк бөлiмшесiнiң теңгерiмiндегi 300 скважина жұмыс iстеуге жарамды, 210 данасына сметалық құжаттар дайындалып, 2017-2020  жылдары жөндеу,  қалпына келтiру жоспарланып отыр.

Мақта саласындағы шаруаларды тұқымдық шитпен қамтамасыз ету жөнiнде ауданда арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына қоғамдық кеңес мүшелерi, зауыт басшылары, белгiлi диқандар, басқа да мамандар кiрiп, тиiстi жұмыстарды қадағалау, бақылап отыру жөнiнде iс-шаралар қабылданды. 2017 жылдың өнiмi үшiн 3000 тоннадан астам тұқымдық шит дайындалуда. Бұл жұмыстар толық бақылауда.

Қазiргi таңда жер айдау, сор шаюға дайындық, пал алу жұмыстары жүргiзiлуде. Бүгiнгi таңға 65000 гектар жер айдалып, 5084 гектар жердiң палы алынды.

Ауызсу да — аймақтағы өзектi мәселелердiң бiрi. 174 елдi мекеннiң 73-i тәулiк бойы таза ауызсумен қамтамасыз етiлген. 166 елдi мекеннiң 53-iнде ауызсу жүйесiн қайта құру, 32 ауылдың жүйесiне ағымдағы жөндеу жұмыстары қажет.

Кеңес Одағы кезiнде 31 елдi мекен табиғи газбен қамтылған екен. Бүгiнгi таңға 174 елдi мекеннiң 60-ы немесе 34,4 пайызы, ал, халық санына шаққанда 30910 отбасыға немесе 60 пайызына газ берiлген.  Қазiргi таңда құжаттары дайын 17 нысанның құрылысына қаржы бөлiнбей тұр. 2020 жылға дейiн барлық елдi мекендерге кезең-кезеңiмен түгел «көгiлдiр отын» қосу бойынша жұмыс iстеймiз.

— Ауданға келген бойда тұрғындармен жүздестiңiз. Халық не өтiнiш-тiлек, ұсыныс айтты?

— 24 кездесу өткiзiп, тұрғындарды толғандырып отырған 300 өзектi мәселенi анықтадық. Оның 123-i көше жөндеу, ауызсу, табиғи газ, электр жарығына, 60-ы ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Арнайы жоспар дайындалып, шешу жолдарын қарастырудамыз. Берiлген сұрақтардың ешқайсысы жауапсыз қалмайды. Бұл бойынша аудан әкiмiнiң аппараты, жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi жұмыстар атқаруда.

— Ерте пiсiп жетiлетiн бау-бақша, жемiс-жидек өнiмдерiн экспортқа шығару үшiн заманауи логистиканы жолға қою қажет. Осыған байланысты қандай жұмыстар қолға алынуда?

— Шаруалардың өнiмiн сақтап, әрi қарай сатуы үшiн қолайлы жағдай жасау мақсатында ауданның кiреберiсiндегi «Азаттық» ауылынан логистикалық орталықтың құрылысына 9 гектар жер учаскесi резервке алынған. Орталыққа су, газ, электр жарығы, байланыс желiлерiн жеткiзу мақсатында Ұлттық қордан бөлiнген 111 миллион теңгеге құрылысы жүргiзiлуде. Жыл соңына дейiн аяқталуы тиiс. Мұнда заманауи үлгiдегi жемiс-жидек сақтау қоймалары, сұрыптау, мұздатқыш камералары, жүк көлiктерiне арналған тұрақжай мен техникалық қызмет көрсету стансасы және жүктiң  қажеттi құжаттарын ресiмдеу орталығы ашылмақ. Осы мақсатта 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделуде. Бүгiнге дейiн осында орналасу үшiн ЖК «Бақтияровтың» құны 250 миллион теңгелiк жобасы мақұлданды.

— Ауыл халқы тұрақты жұмыс табылатынына сенедi. Өзiңiз тағайындалғалы жұмыссыздықты азайтуда қандай шаралар қолға алынуда?

— Ауданда 2016 жылдың 10 айында 6370 адам жұмыспен қамтылды. Оның 3828-i жұмыссыз, 2542-i өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар, 831-i табысы аз адамдар.

Мүмкiндiгi шектеулi 191 адамға әлеуметтiк қолдау көрсетiлдi. Оның iшiнде 67-сi әлеуметтiк жұмыс орындарына, 11-i жастар практикасына, 10-ы ақылы қоғамдық жұмысқа, 82-сi деректер қорындағы бос жұмыс орнына орналасты.

Ауданда индустриалды аймақ 2015 жылы пайдалануға берiлдi. 24 гектар жер резервке алынып, тамақ, химия, жеңiл өнеркәсiп инвестициялық жобаларды орналастыру жоспарлануда. 1670 миллион теңгенi құрайтын 5 жоба мақұлданды.

— Биыл мақтадан жақсы өнiм алынды. Алайда, жылда ерте көктемде тұқымдық шит тапшы әрi қымбат. Осыған байланысты қандай жұмыстар жүргiзiлуде?

— Биыл облыс көлемiнде мақта дақылы 109,6 мың гектар жерге егiлген болса, соның iшiнде 75,7 пайызы бiздiң ауданның еншiсiнде. Шиттiң жетiспеуiнiң себебi тұқым шаруашылықтарының саны азайып кетуiнен. Қазiр ауданда 3 тұқым шаруашылығы мен «ҚазМақта ҒЗИ» ЖШС жұмыс iстейдi. Аталған тұқым шаруашылықтары тарапынан биыл 2025,8 тонна тұқымдық шит дайындалды. Ол бiздiң ауданда жоспарланған 83 мың гектар мақта алқабына жетпегендiктен шет мемлекеттерден алынды. Ендiгi кезекте аудан аумағындағы тұқым шаруашылықтарының санын нақтылап, қанша шит керектiгiн анықтауымыз керек.

Келесi жылы 83,5 мың гектар жерге мақта егу жоспарланып отыр. Осыған орай жоғарыдағы аталған тұқым шаруашылықтары мен мақта өңдеу зауыттары тарапынан 2017 жылға 3 мың тонна тұқымдық шит дайындалады деп жоспарлануда. Жалпы, өңiрiмiздегi өзектi мәселелердi өзiмiз шешуге талпынып жатырмыз.

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқандар Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары