Бүкiл республикаға «ақ алтын» өсiрумен танылған Мақтаарал ауданының шаруалары соңғы 10 жылда қауын-қарбыз егумен де айналыса бастады. Бүгiнде мақтааралдық диқандар қауын-қарбыз өсiрудi шебер меңгерiп, бақша дақылдарының экспортқа арналған неше түрлi сорттарын жасап шығаруда. Мұны диқандардың өздері тәуелсіздіктің жемісі екенін айтып отыр.
Бiр ғана мысал, мақтааралдық диқандар биыл 28 мың гектар жерден 610 мың тонна қауын-қарбыз алса, соның 450 мың тоннасын шетел нарығына шығарған. Мұның өзi гектарынан 263 центнерден өнiм алып, өткен жылмен салыстырғанда 25 центнерге артық қауын-қарбыз жинаған мырзашөлдiктер бақша дақылдарын өсiруде Орта Азияның көшбасшысы болғанын дәлелдейдi.
Мақтааралдың бау-бақша өнiмдерiнен көл-көсiр пайданы ресейлiк және беларусьтiк кәсiпкерлер де көрiп отыр. Оңтүстiктен жеткен қауын-қарбызды осы терiскейдегi көршiлер Батыс Еуропа мемлекеттерiне тасымалдайды екен.
«Мақтааралды «қауын-қарбыздың отаны» деп санаймыз. Бұл жердiң қауын-қарбызының дәмi ерекше. Сол себептi Мәскеу мен Минск қалалары осы жердiң өнiмiне тапсырыс бередi. Бiз қауын-қарбызды осы жерден тасимыз» дейдi ресейлiк бизнесмен Станислав Каспаров.
Орта Азияда Түркiменстан, Тәжiкстан және Өзбекстан елдерi қауын өсiрумен айналысады. Дегенмен, «Еуразиялық экономикалық одақтың» арқасында Мақтаарал ауданының шаруалары өнiмдерiн Ресей мен Белоруссияға оңай экспорттап, кедендiк кедергiлердiң болмауының арқасында шетелдерге жол тартуда.