$ 474.72  515.17  5.58

Тәуелсіздікке тарту: ШӘКІРТТЕРІМ КӨРМЕ ӨТКІЗДІ

Биыл бүкіл еліміз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойын салтанатты түрде атап өтіп жатыр. Осынау торқалы тойға біз, яғни педагогтар қауымы да құр қол келіп отырған жоқпыз. Шахтер нормадан артық көмір өндірсе, диқан тұтынушы көңілінен шығатын өнім алса, мұнай өндіруші елдің ішкі-сыртқы қажеттіліктерін өтейтін деңгейде мұнай өндірсе, біз, мұғалімдер қауымы жас буынның санасына қасиетті тәуелсіздіктің рухын егумен айналысамыз. Демек, біз де өз кәсібімізді қасиетті мамандықтар қатарына жатқызамыз.

Мен Шымкент қаласындағы Қарсыбай Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейде бастауыш сынып мұғалімімін. Сыныбымдағы 29 оқушыны осыдан төрт жыл бұрын қабылдап алғанмын. Бүгінде төртінші сыныпта оқитын шәкірттерімнің туған жер, Отан, тәуелсіздік туралы өзіндік ұғымдары қалыптасып үлгерген.

Мен «туған жер, Отан, тәуелсіздік туралы шәкірттерімнің өзіндік пікір, ұғымдары қалыптасып үлгерген» деген сөзді жәй мақтаныш үшін айтып отырған жоқпын. Шын мәнінде солай. Мәселен, жақында менің шәкірттерім мектеп фойесінде өздерінің көркемсурет көрмелерін өткізді. Көрме «Мен тәуелсіз Қазақстанның ертеңімін!» деп аталады. Сіз осы көрмеден жас буынның бай қиялына, олардың туған жерге деген тау суындай мөлдір махаббатына, тәуелсіз мемлекетінің ертеңіне деген зор сеніміне куә боласыз.

Жәния Қалдыштың салған суреті «Бәйтерек» деп аталады. Жәния өз туындысында қазақ ертегісіндегі бәйтеректің Астанадағы алып бәйтерекке айналып кеткенін сәбилік сезіммен баяндайды. Ал, Жанасыл Бекназар өз суретін «Ғарышқа сапар» деп атапты. Қазақ ғарышкері отырған зымыранға «Қазақстан» деп жазып қойған. Бекасыл Абайдың салған суреті «Жеңісіміз – Тәуелсіздікке арналады» деген атауға ие болыпты. Ондағы штанга көтеріп тұрған спортшы қызды көрген адам Жазира Жаппарқұл деп таниды.

Оқушыларымыздың үздік туындылары алдағы уақытта облыстық байқауға жіберілетін болды.

Феруза ВАЛИЕВА,
Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары