$ 474.72  515.17  5.58

Қаламгерге лайықты құрмет

Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы мерекесi қарсаңында шардаралық ақын, журналист, жазушы Жұмабек Мұқанов Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденiмен марапатталды.

Жұмабек Мұқановтың есiмi оқырмандарға ертеден таныс. Жиырма жасында аудандық газетте еңбек жолын бастаған талапты жас қырық жыл iшiнде ел таныған қарымды қаламгерге айналды. Ол өзiнiң бүкiл саналы ғұмырын Шардара ауданының рухани –мәдени өмiрiне арнады. «Өскен өңiр» — «Шардара тынысы» газеттерiнiң қабырғасында отыз бес жыл еңбек етiп, оның жиырма бес жылында редакторлық еттi. Ол осы уақыт iшiнде әдiл сөзiнен тайған жоқ, шыжғырып шындықты жазды, ақ семсер ойларымен ақиқатты ақтарып салып отырды.

Ж.Мұқановтың аты аңызға айналған губернатор Аман Төлеев туралы тоқсаныншы жылдардың бас кезiнде жазған дүниелерi қазақы қауымды елең еткiздi. Төрт кiтабы жарыққа шықты. «Шағалалы Шардара» атты тарихи-энциклопедиялық анықтамалығы, «Сексеуiлдiң шоғы» жыр кiтабы, басқа да жинақтары ауыл қаламгерiнiң дарын қуатын танытатын дүниелер.

Тәуелсiздiгiмiздiң елең-алаңында халқымыз тарих тасасында қалған тұлғаларын, кемеңгерлерiн iздей бастады. Төле би Ташкентте, Қазыбек би Түркiстанда жерленген. Әйтеке бидiң жатқан жерi, туған, өлген жылдары белгiсiз болып қала бердi. Жұмабек Мұқановтың бастамасымен сол тұста Шардарада қоғамдық қор құрылып,  Әйтеке би туралы мәлiметтер жинастыру iсi қолға алынды. Нәтижесiнде ұлы бидiң қазақ мемлекеттiгiн қалыптастырудағы қайраткерлiгi мен өмiр деректерiнен сыр шертетiн жинақ пен деректi фильмдер жарыққа шықты. Жанкештi iзденiстердiң қорытындысында отандық кәсiпкерлер ұйымдасып, Өзбекстандағы Нұратада ұлы бидiң кесенесi бой көтердi. Шардарада Әйтеке би ескерткiшi тұрғызылды.

Қаламгер еңбегiнiң елеусiз қалған кезi жоқ. Бiр басына марапаттары, атақтары жетерлiк. Алайда, бұл жолғы марапатының орны ерек.

— Тәуелсiздiгiмiздiң тұғыры берiк болуы үшiн әркiм өзiнiң жүрген жерiнде қолынан келген тiрлiктiң бәрiн жасау керек! – дейдi қаламгер.

Әдiл Әбдiраманов, журналист.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары