$ 446.49  475.38  4.79

Өрiсiмiз кеңейiп келедi

Шымкент қаласы, Сайрам ауданында осыдан бiрнеше жыл бұрын облыстық  өзбек драма театры ашылды. Бұл Қазақстанда өмiр сүрiп жатқан өзбек ұлты үшiн зор қуаныш болды. Театрдың ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, шығармашылық ұжымға сәттiлiк тiлеген. Халқымыздың мәдениетi мен өмiрiне, оның дамуына ерекше көңiл аударуы шығармашылық күш-қуатымызды еселей түстi.

Бүгiнде театр репертуарында алпысқа жуық спектакль бар. Режиссер Х.Құлабдуллаев  бiрнеше  спектакльдi көрермен назарына ұсынды. Алайда, театрдың көркемдiк деңгейi тәжiрибе алмасу арқылы көтерiледi.  Сондықтан театрымызға Өзбекстандағы және республикамыздағы танымал режиссерлер арнайы шақырылып, жұмыс iстеуде.  Ташкент қаласынан Авлиеқули Хожақулиев, Махсуд Мансуров, Минаввара Абдуллаева, Қахрамон Садуллаев, Алимжан Салимов, тағы басқалар, ал Жетiсай, Шымкент қалаларынан Ғазиз Арынов пен Асқар Алтынбеков, Әскер Құлданов секiлдi режиссерлер шақырылды.

Театр осы жылдар iшiнде гастрольдiк iссапармен Алматы, Астана, Түркiстан, Тараз, Қызылорда, Көкшетау қалалары мен Созақ, Түлкiбас, Төлеби, Қазығұрт, Сайрам аудандарында өнер көрсетiп келедi. Театр әртiстерi түрлi деңгейдегi байқаулар мен фестивальдерде жеңiмпаз атанып, жүлделi орындарға ие болып жүр.

Жақында Атырау қаласында Қазақстанның еңбек сiңiрген  қайраткерi,  «Парасат» орденiнiң иегерi, жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың халықаралық  театр фестивалi өттi. Фестивальде Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры «Жәңгiр хан» тарихи драмасын, Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры «Двойник» комедиясын, Оңтүстiк Қазақстан облыстық өзбек драма театры «Аяулым Анфиса» трагикомедиясын, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ драма театры «Нашақор жайлы новелла» драмасын, қырғызстан Республикасы Шу облыстық драма театры «Аяқталмаған хикая»   драмасын көрермендер назарына ұсынды. Өнер бәйгесiне Асанәлi Әшiмов, Есмұхан Обаев, Сұраған Рахметұлы, Георгий Пряхин, Талғат Теменов, Илья Жақанов, Иран-Ғайып Оразбаев, Бусурман Одуракаев, Сүлеймен Шадкам сынды театр және өнер майталмандары қазылық еттi. Нәтижесiнде өзбек драма театры 500 мың теңге қаржылай сыйлықпен және дипломмен, Р.Отарбаевтың 60 жылдық мерейтойына орай төсбелгiмен марапатталды.

Театр ұжымы бұл жеңiсiн Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына арнайды.

Гулноза ЯРМЕТОВА, облыстық өзбек драма театры әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiсi.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары