$ 443.35  475.54  4.82

ШҚО-да депутаттың ұлының кесірінен 40-қа жуық шаруа қожалығы жабылғалы тұр

Шығыс Қазақстан облысында 40-қа жуық шаруа қожалығы жабылуы мүмкін. Өйткені Абай аудандық мәслихаты хатшысының ұлы, «Шыңғыстау» корпорациясының бұрынғы директоры Еркебұлан Арна жұрттың төлеген несиесінің 28 миллион теңгесін жеп қойған. Соның кесірінен, қожалық қожайындары тақырға отырдық деп наразы. Яғни, қолдарында төлем түбіртектері бола тұра, кепілдікке қойылған заттарынан айырылуға мәжбүр. Қазір тіпті жалақы мен зейнетақы жинақтары да түгелдей бұғатталып тұр деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Абай ауданындағы 36 шаруа қожалығы бірігіп, «Шыңғыстау» корпорациясы арқылы «Қазагродан» несие алған. Тәртіп бойынша қарызды шаруалар корпорацияға, ондағылар үкіметке төлеуі керек екен. Уақытылы өтеп келген қожалық иелері, ақыр аяғы қу таяғын ұстап қалды. Себебі, «Шыңғыстау» корпорациясының басшысы – жергілікті дөкейдің ұлы төленген ақшаның 28 миллион теңгесін жоқ қылған.

Қарауыл ауылының тұрғыны Төлеубек Нұртазиннің айтуынша, мәслихаттың хатшысы, депутат Ерлан Лдибаев қожалық иелерінің басын жинап, өз ұлын корпорацияға директор етіп тағайындауға көндірген екен.

«Ерлан Лдибаев менің баламды бастық қылып тағайындаңдар, министерлік пен облыста таныстарым бар деген. Түгел несиені сендерге әперіп, алға тартамын деді. Балама өзім қамқор болам. Есепті менен сұрайсындар дегеннен кейін, соны сайладық», - дейді Т.Нұртазин.

Осылайша, кезінде білдей бір аудан әкімінің орынбасары болып тұрғанда Ерлан Лдибаев ұлын «Шыңғыстау» корпорациясына директор етіп сайлау үшін қожалықтардан қол жинаған екен. Енді тақырға отырған қараша халық Лдибаевтан сол сенімді ақтамағаны үшін жауап алуға, оны жұмыс уақытында орнынан таппай жүр.

Лдибаев – қазір аудандық мәслихат хатшысы. Оның ұлы Еркебұлан Арна өткен жылдың мамыр айында қамауға алынған. Бірақ қожалық иелері сот ісі сиырқұйымшақтанып кетті деп наразы.

«Бәріне арыз жаздық. Істі қаратпай отыр. Барлығын жауып тастауда. Қысқасы, шоқпары мықты болса, киіз қазық жерге барадының кебін кидік. Өзі істеп отыр. Сотың да, прокурорың да қарамайды», - дейді Қарауыл ауылының тұрғыны Тыныштыбала Омарова.

40-қа жуық қожалықтың есеп-шоттарын қолдануға тыйым салынған. Олар тіпті зейнатақы мен жалақыны да ала алмайды. Бұл мәселеге қатысты жергілікті билік те шарасыз екен.

«Мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген несиелер мен субсидиялар талапқа сәйкес беріліп жатыр. Мәселе бойынша құқық қорғау органдары айналысуда. Мәселені солар шешеді. Оның басқа несиеге жалақыға және зейнетақыға қатысы жоқ», - дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Марат Еділбаев.

Ал кезінде ауызша кепіл боламын деген Ерлан Лдибаевтың заңдық тұрғыда еш кінәсі жоқ. Сондықтан былыққа белшеден батқан ұлын құзырлы органдар жазалауы тиіс. Алайда Мәслихат хатшысының құрығының ұзындығынан қауіптенген қожалық иелері істі Астана бақылауына алса дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары