13.06.2023, 19:40

Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері азайды - ПД

Фото: Egemen.kz
Көбіне қылмыстар спиртті ішімдік ішу салдарынан немесе қызғаныш пен ұрыс-керістен кейін болады.

Алматы қалалық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Диас Дуанбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері ішімдікке салыну мен жұмыссыздық кесірінен екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себебі – ішімдікке салыну мен жұмыссыздық. Мас күйде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында 5 айдың қорытындысы бойынша 101 адам мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілді. Алкогольді сату ережелерін бұзғаны үшін 199 әкімшілік іс сотқа жолданды, - деді ол.

Дуанбековтің айтуынша, тұрмыс барысында кездесетін қылмыстың негізгі түрі – адам өлтіру және дене жарақатын салу. Мұндай ауыр қылмыстар ерлі-зайыптылар арасында 2 жағдай, бірге тұратындар арасында 2, жақын туыстар арасында 2 оқиға тіркелген.

Көбіне қылмыстар спиртті ішімдік ішу салдарынан немесе қызғаныш пен ұрыс-керістен кейін болады.

Алматының тәртіп сақшылары отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы құқықбұзушылықтарды тұрақтандыру мен жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүргізеді. 2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша тұрмыстағы құқық бұзушылықтардың үлесі барлық тіркелген құқық бұзушылықтардың 0,05 пайызын құрады. Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар 2,6 есеге (14-тен 6-ға дейін) азайған, - деді қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары.