$ 498.34  519.72  4.85

«Азбука жилья» компаниясының құрылысы бітпеген нысандарының мәселелері биыл шешілуі мүмкін

Астана қалалық әкімдігінің жәнепрокуратураның бірлескен әрекеттерінің арқасында «Азбука жилья» компаниялар тобының 9 проблемалық нысаны бойынша оңалту жоспары әзірленді. Қазіргі уақытта құрылыс маусымы басталғанға дейін түйткілді мәселелерді шешу бойынша жан-жақты жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы бүгін журналистермен кездесуде елорданың Мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының өкілдері хабарлады.

Баспасөз мәслихатына тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің төрағалары, «Азбука жилья» нысандарының үлескер-инвесторлары, «ОРДА Инжиниринг» құрылыс компаниясының басшылығы қатысты.

Еске салсақ, 2016 жылдың 28 қарашасында Астана қ. №2 Алматы сотының үкімімен бұрынғы «Азбука жилья» компаниялар тобының сотталған басшыларына қатысты үкім шығарылды және сотталғандардың қылмыстық жолмен тапқан мүлкі жәбірленушілердің пайдасына берілді. Үстіміздегі жылдың ақпан айында елордалық аппеляциялық алқаның шешімімен сотталғандардың мүлкі нысандардың құрылысын аяқтауға берілді. «Қазіргі уақытта «ОРДА Инжиниринг» басқарушы компаниясымен құрылыс туралы қосымша келісімдерге қол қойдық,  бүгінгі күні 2000-нан аса келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, жәбірленушілердің тізіміне енбеген және бұған дейін келісімдерге қол қоймаған үлескерлер енді өз құқықтары мен талаптарын «ОРДА Инжниниринг» компаниясына қоятын болады», – деп хабарлады «Жеті жол» ТҚК төрайымы Бибігүл Шапенова.

Проблемалық нысандарды оңалту шеңберінде сотталғандардың мүліктерін және активтерін сатудан түскен барлық қаражат бұрынғы «Азбука жилья» КТ тұрғын үй кешендерінің құрылысына бағытталатын болады. Ал үлескер-инвесторлар қосымша қаржы төлемейді. Бүгінгі күні тоғыз проблемалық кешеннің ішінен екі тұрғын үй кешені – «ЭКСПО таун» және «ЭКСПО сити» – нысандағы бос аудандар есебінен салынуда. Қалған жеті кешен «Орда Инжиниринг» басқарушы компаниясымен келісімдерге қол қойды.

Бүгінгі күні Сот актілерін орындау жөніндегі департамент тәркіленген мүлікке бағалау жүргізуде, оның арасында жылжымалы және жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылық техникасы бар. Бұл процестің барысы ведомствоаралық комиссияның ерекше бақылауына алынған. Құрылыс жүргізушілердің айтуынша, алдын ала есеп бойынша, мүлікті сатудан түскетін қаржы барлық нысандардың құрылысын аяқтауға жетуге тиіс, өйткені бос аудандар да бар. Алданып қалған үлескерлердің жалпы саны 3,5 мыңға жуық. Әрбір тұрғын үй кешені бойынша үлестік құрылыс қатысушылары қатарынан өзінің тұрғын үй-құрылыс кооперативі құрылды, бұл алға қойылған міндеттерді мөлдір және транспарентті түрде іске асыруға мүмкіндік береді, дейді баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ, шара барысында «ОРДА Инжиниринг» компаниясы басшысының орынбасары нысандарда жүргізілген жұмыстардың барысы туралы толыққанды есеп беріп, құрылысты аяқтау схемасын түсіндірді.

Еске салсақ, алданған үлескерлер сатып алған пәтерлерін төрт жыл бойы күтіп келеді. Қазіргі уақытта бұрынғы компанияның экс-басшысы Ерқанат Тайжанов Австрияда, оған және аты шулы істің өзге фигуранттарына қатысты қылмыстық істер қозғалды.  2015  жылдың екінші жартысында ВАК ұсынысымен «Азбука жилья» КТ бұрынғы нысандарының базасында ТҚК-тері құрылды. Кооперативтерді құрудағы жалғыз мақсат жаңа құрылыс жүргізушіні, инвесторды тарту және проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау болды. 2015 жылы «ОРДА Инжиниринг» ЖШС басқарушы компаниясымен келіссөздер басталды, бұл компанияның астанадағы проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау тәжірибесі бар. Нәтижесінде ТҚК және басқарушы компанияның арасында келісімдерге қол қойылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары