8 тамызда Павлодар мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримова жағдайы төмен отбасыларда өскен балаларды чиптеуді ұсынды. Оның пікірінше, мұндай жасөсіпірімдер қоғам үшін қауіпті. Бұған қатысты «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысының айтар өз уәждері бар екен, деп жазды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Даримова әлеуметтік желілердегі парақшаларында: «Осындай балалардың кешке қарай үйде отырғанын-отырмағанын тексеру қажет немесе оларға чип жапсырып, мекен жайын біліп алуға болады. Мен болсам олардың денелеріне чип орнатып қояр едім. Менің ойымша, осы балаларды бақылауға алып, олардың кешкі уақыттарда үйде болу-болмауын тексеру керек. Басқа жағдайда, оларды арнайы қабылдау мекемесіне жіберу керек», - деп жазды.
Жаңа Адамдар Павлодар тұрғындарынан депутаттың айтқан сөздері туралы пікірлерін білді.
Ақ халат киген 40 белсенді павлодарлықтармен Даримованың сөздерін талқылау үшін қала көшелеріне шыққан болатын. Депутаттың сөзі адамдардың аса жағымсыз реакциясын қалыптастырды. Әлеуметтік сауалнамаға қатысқан тұрғындардың басым көпшілігі Даримоваға өз өкілеттігінен бас тартып, медициналық мамандарға жүгінуді ұсынды.
Расында да, егер XXI ғасырда халық қалаулысы онсыз да қиналып жүрген балаларға көмек берудің орнына, сегрегацияға шақырып, балаларды «жақсы» не «жаман» деп бөліп, чиптеуді ұсынса, мұндай жағдайда тек білікті маман көмектесе алады. Алайда Гүлжайна ханым мұны әлі түсінбей жатыр. Бәлкім, сайлаушылар оның пікірін өзгерте алатын шығар.
Депутат Даримова ханым, сіз өзіңіздің орынсыз сөздеріңізді «хайп» ретінде қолданылуына сеніп жүрсеңіз, біз сіздің көршілеріңізбен — павлодарлықтармен сөйлестік. Олардың пікірі бойынша, халық қалаулысы мен өркениетті адам мұндай сөздерді қолдана қоймас. Мұндай ортағасырлық ұстанымдарды қорғап, сіз сайлаушылар жағынан остракизмге тап болуға тәуекел етесіз, - деді «Жаңа Адамдар» жастар ұйымының өкілі Мирас Ахметов.
«Жаңа Адамдар» мұнымен де тоқтаған жоқ. Депутатқа ұсыныс білдірді.
Біздің «ақ халаттағы әлеуметтік сауалнамамыздан» кейін Гүлжайна Даримова әлеуметтік желілердегі өз парақшасында осы перформансқа тапсырыс берген адам туралы ақпарат алу үшін бір миллион теңге ұсынған болатын. Депутат Даримова ханым, сыр ашайық. Бұл - біз, Жаңа адамдар едік. Өз сөзінде тұратын адам болсаңыз, уәде берген миллион теңгені қиын өмір жағдайына ұшыраған балаларға көмектесетін кез келген қайырымдылық қорына аударыңыз, - деп жазды жастар.