$ 498.34  519.72  4.85

Дүнген мен ұйғырдың қазақ жеріне қоныстану тарихы туралы не білеміз?

1897 жылғы санақ бойынша Қазақстан жерінде 56 мың ұйғыр, 14 мың дүнген болса, 1904 жылы ұйғырлар  64 мыңға, дүнгендер – 20 мыңға жетіпті.
Фото: stylishbag.ru
Фото: stylishbag.ru

Манжы-қытайдың ұзақ жылғы отарлауынан 1866 жылы Іле аймағы азат болды. Әрі Якуб бек басқарған Алтышаһар хандығы күшейді. Олар мына жақта қоқандықтармен жақсы қарым-қатынас орнатуға талпынды. Осы тұста оларға сонау Осман сұлтаниятынан да қолдау болатын сыңай көрінді. 

Осы орайда, шығыстан тағы бір мұсылман елі (Алтышаһар немесе кіші Бұқара хандығы) пайда болса, ол мына жақтағы Ресей көз тігіп отырған мұсылмандар (Қоқан, Хиуа, Бұқара т.б.) хандықтарымен күш біріктірсе, екі отаршыл империя – Ресей мен Қытайға тым тиімсіз болары анық еді.

Сол себепті, Ресей патшасы Қытай билеушісімен келісе отырып, мұсылман халықтардың күш біріктіруіне жол бермеу үшін әрекет жасады. Сөйтіп, 1868 жылы орыстар Қоқаннан тартып алынған Нарын бойына әскери бекініс салып, Қытай империясына бағынбауға айналған Алтышаһар хандығына соққы беруге дайындалды. Орыстың бұл қылығы шығыс мұсылман сұлтандарын ашуландырды. 1870 жылы Іле сұлтаны Әлехан орыс саудагерлерінің Құлжаға кіруіне, сауда жасауына тыйым салды. 

Шиеленіс барысында, орыстар Алтышаһар және Қоқан-Бұқара хандығын байланыстырып тұрған Мұзарт асуын басып алып, керуен жолы мен мұсылмандардың рухани байланысын тоқтатты. Бұл орыстардың Іле аймағын басып алудың алғышарты еді. Сөйтіп, 1871 жылы 15 мамыр күні орыс солдаттары Ілеге шабуыл бастады. 50 күнге жалғасқан шайқастан соң 7360 шақырым аумаққа билік жүргізуші Іле сұлтаны Әлехан орыстардан жеңілді. 

Арада 10 жыл өткен соң Ресей мен Қытай елі 1881 жылдың 12-ақпанында 20 баптан тұратын Петербор келісіміне қол қойды.

Осы келісімнің: 1-бабында: «Ресей Іле аймағын Қытайға қайтарады, бірақ аймақтың бір бөлігі Ресей қарауына беріледі (Жәркент өңірі)» делінсе; 7-бабында: Қытайға қарсы  көтерілісіне қатысқан Іле тұрғындары Қытай тарапынан қудаланбайды және қажет деп тапса, дүние-мүлкімен Ресей бақылауындағы қазақ жеріне қоныс аударуға құқылы делінген. 

Осы Петербор келісімі нәтижесінде, 1882-1884 жылдары Іледен 70 мың ұйғыр-дүнгендер Ресей бақылауындағы қазақ өлкелеріне көшіп келді. Нақты деректер бойынша: 

ұйғыр ұлтының 9752 отбасы (45373 адам), қазақтан 5000 отбасы (20000 адам), дүнген 1147 отбасы (4682 адам) Қазақияға қоныс аударған. Бұларға патша үкіметі жергілікті тұрғындармен санаспай қазақ жерінен қоныс берді. Әр ұйғыр-дүнгеннің ер азаматына 5-7 десятинадан (орыс шаруларына 20-25 десятина берілген) жер телімі берілді. Ақ патшаның мұндағы мақсаты:

Біріншіден, Қытай елімен саяси шиеленіс туындар болса, ұйғыр-дүнгендерді әскери күш ретінде қарсы пайдалануды көздеді.

Екіншіден, Ресейдің шығыс өңірінде шоғырланған мұсылман күші оңтүстіктегі мұсмылман қауымымен бірігіп кетпес үшін патшалық үкімет Іле сұлтандығын жойып, халқын өз бақылауында ұстауды ойлады. Жоғарыдағы көштің легімен 1877 жылы қыста 4 мың дүнген Жетісуға қоныстанды. Келесі тағы бір лек дүнгендер 1884 жылы көшіп келді.

Кеңес тарихшысы П.Галузо 1881-1883 жылдары Шынжан өлкесінен (Қытай) келген 50 мың ұйғыр мен дүнгеннің басым көпшілігі Қазақстанға орналасты десе (Галузо П.Г. Аграрные отношения на юге Казахстана в 1867-1914 гг. Алма-Ата, 1965. С. 270-275), қазақ тарихшысы Құрбанғали Халид 1881 жылы Құлжа қытайға берілді. 1882 жылы үш болыс қызай елі қытайға қарап кетті. Ал Құлжа маңында тұрған дүнгендер мен тараншылар Жәркент маңына қоныстанғанын айтады (Құрбанғали Халид «Тауарих хамса». Алматы, «Қазақстан». 1992 ж.159-б).

1897 жылғы санақ бойынша Қазақстан жерінде 56 мың ұйғыр, 14 мың дүнген болса, 1904 жылы ұйғырлар  64 мыңға, дүнгендер – 20 мыңға жетіпті. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Дереккөз: e-history.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары